Талпыныс пен әрекет
Білім беру саласында өскелең ұрпақты өз елінің мәдениетін құрметтеуге тәрбиелей отырып, өзгермелі әлемде өзіне сенімді және табысты болуға мүмкіндік беретін дағдыларды дамыту – бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Білімді түрлендіруде, білім беру үрдісін реформалауда зерттеуші мұғалім жаңа формация мұғалімі ретінде орталық тұлға болып табылады. Ол жоғары білімді, шығармашыл тұлғаны қалыптастырып, дамыту үшін жауапты», – деген болатын.
Осыған орай, жастарға қажеті – сапалы білім. Ақпараттармен толық танысу, технологияларды дұрыс меңгеру, әлемдік рейтингте жоғары көрсеткішке жету үшін де тұрақты білім беру жүйесін орнатуымыз қажет. Білім мен ғылымды дамыту арқылы ғана өркениетті дамыған елдердің көшіне ілесетініміз анық. Сондықтан да оқытудың әртүрлі технологиялары сарапталып, жаңашыл педагогтердің іс – тәжірибесі зерттеліп, мектеп өміріне енуде.
Осы мақсатта мектебіміз «SHARE – білім саласындағы зерттеулерді жүргізуге арналған мектептер бірлестігі» халықаралық жобасына қатысып, ұстаздарымыз өз тәжірибелерін жетілдіруде. Оқыту шеберлігін толық, жан-жақты игеру – әр мұғалім үшін күрделі үдеріс. Оқудағы ерекшеліктерді түсінуді, оқушылардың ішкі мүмкіндіктерін ашуды, көптеген тәсілдерді жетілдіру мүмкіндігі туды.
«SHARE» бағдараламасымен жұмыс жасау барысында алға қойған мақсатымыз айқындалды. Осы халықаралық жоба аясында еріктілер командасы құрылды. Зерттеу барысында оқушының әрекетін бақылау арқылы мұғалімнің әрекеті назарға алынды. Әріптестер бірлесе жоспарлаудың маңызын, сыншы достың пікірін қабылдауды, оқушының әрбір іс-әрекетіне мән беру керектігін түсінді. Оқушы үніне үңілу кәсіби әрекетімізге өзгерістер әкелді. Әр жасалған іс-әрекетке рефлексия жасау керектігін ұғындық. Іс-әрекетті зерттеу барысында туындаған кедергілерге байланысты қайта артқа қадам жасауға тура келді.
Оқудағы қиындықтың алдын-алу дереу оқытуды түзету арқылы іске асырылады, өзіне, өз күшіне сену, қабілеттеріне және оқуға деген оңтайлы көзқарас табысқа деген ұмтылыспен іске асады. Мұғалім мақсатына сай сабағын жоспарлап, әр мақсаттың маңызын түсініп, оқушының оқуы үшін іс-әрекетін алға жылжуын бақылай алады. Оқу үрдісіне әр баланың ерекшелігін ескере отырып түзетіп, ынталандыра отырып, кері байланыс жасай алады. Зерттеу сабақтарында бірігіп жұмыс жасауда өзара әдіс-тәсілмен алмасып қана қоймай, зерттеуші топ мүшелерінің зерттеушілік қабілеттерін арттыра түсті. Зерттеу сабақтарында өз бетімен жұмысты жетілдіруде оқушылардың деңгейі міндетті түрде ескерілу керек деген түйін жасалды.
Биылғы оқу жылында мектеп миссиясын анықтау да тәжірибемізге оң өзгеріс әкелді. «Мектеп әр тұлғаның қызығушылығын арттыратын, шабыттандыратын орта болу керек» деген тоқтамға келдік. Мұғалімдер өздерінің педагогикалық шеберліктерін арттыра отырып, кәсіби даму үшін өз тәжірибелерін зерттегені тиімді екеніне көз жеткізуде. Білім беру саласындағы үрдістерді, елдегі орта білім мазмұнын жаңарту саласындағы өзгерістерді түсінетін және қабылдайтын, өз тәжірибесіне өзгеріс енгізуге, оның салдарын бағамдап, қорытынды жасауға дайын мұғалімдер саны артып келе жатқаны қуантады.
Жеңіскүл НҮСІПЖАН,
Мұқағали Мақатаев атындағы №74 мектеп
гимназияның директоры, Нұр-Сұлтан қаласы