Тағылымы мол әріптестік

Елордамыз Нұр-Сұлтанда Кореяның Қазақстандағы Елшігінің қолдауымен «Қазақстандық оқулықтардағы Корея туралы контент» тақырыбындағы халықаралық семинар ұйымдастырылды. Семинарға ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің бас маманы Гүлмира Кульсариева, Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Елдос Нұрланов, Кореяның Қазақстандағы Елшісінің орынбасары, министр-кеңісші Чой Дэхун, Корейтану зерттеу орталығының ғылым докторы Джаң Ги Хоң, оқулық авторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің профессоры Нұржамал Алдабек, 11-сыныпқа арналған «География» оқулығының авторы, елтану, география және экология кафедрасының профессоры Бахадүрхан Әбдіманапов, BMSO мамандары, педагогтер мен баспа үйлерінің өкілдері қатысты.

Іс-шара қазақ және корей тілдерінде ұйымдастырылды. Жиын модераторы болған Елдос Болатханұлы алғашқы сөз кезегін Кореяның Қазақстандағы Елшісінің орынбасары, министр-кеңісші Чой Дэхунге ұсынды. Спикер ұйымдастырушыларға алғыс айтып, бұл семинардың мақсатына тоқталып өтті. Сондай-ақ Қазақстанмен білім-тәжірибемен алмасуға ниетті екенін білдірді.

– Корея Республикасының Ғылым министрлігі шетел оқулықтарына зерттеу жүргізуді 2003 жылы қолға алды. Сол уақыттан бері 139 елдің 5 200-ге жуық оқу басылымында Корея контенті қалай беріліп келгенін зерделеп, қажет болса түзетулер енгізді. Қазіргі таңда Қазақстан оқулықтарындағы деректерді саралау мақсатын қойдық. Корея мен Қазақстан арасында эмоционалдық ұқсастық бар. Осындай өзара түсіністікті арттырған жөн. Екі ел тарапының оқулық әзірлеу және сараптау процестері бойынша тәжірибе алмасуының маңызы жоғары, – деді Д. Чой.

Елші орынбасарының сөзін ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің бас маманы Гүлмира Әлімбайқызы жалғап, семинарға арқау болған тақырып аясындағы жұмыстар 2019 жылдан бері жүргізіліп келетінін атап өтті.  Айта кетейік, BMSO Корея елшілігі және Корейтану орталығымен бірге Қазақстан мектеп оқулықтарында Корея жөніндегі мәліметтерді объективті сипаттау жұмыстарын 2019 жылдан бері жүргізіп келеді. Бұл жөнінде Орталық басшысы атап өтіп, сондай-ақ Корей мектеп оқулықтарында Қазақ елі жайлы ақпарат қалай берілгені, қандай мәлімет пен деректер келтірілгені туралы зерттеу жүргізуге мүдделі екеніне тоқталды.

– Өсетін ел өткенін, тарихын түгендейтіні, ата-бабасының өткен жолын білгісі келетіні және тарихтың небір аумалы-төкпелі шақтарына оралып, қазіргі болмыс тұрғысынан баға беретіні белгілі. Осыған орай Кореяның өзінде тарихты қайта ұғыну жұмысы қарқынды жүріп, ендігі кезекте шет мемлекеттерде Корея туралы мәліметтің қаншалықты дұрыс берілетіні туралы бастамалар көтерілуде. Менің пайымымша, бұл әріптестіктің одан арғы қисынды жалғасы Кореяның мектеп оқулықтарындағы Қазақстан және Орта Азия аймағының қаншалықты қамтылғаны және қалай көрсетілгені туралы бірлескен ізденістер жүргізу аса қажет. Біз Корей оқушыларының ресми бекітілген оқулықтары арқылы Қазақстан, оның мәдениеті, тарихы мен географиясы туралы мейлінше толық әрі нақты мәлімет алуына мүдделіміз. Қазан айындағы Қазақстандағы Корея елшілігінің 2-хатшысы Ким Вон Ёнмен кездесуімізде атап өткенімдей, Кореяның куррикулум және бағалау орталығымен ынтымақтастық орната отырып, оқулықтар мен оқу бағдарламаларын сараптау және басып шығару жүйесі турасында бірлескен іс-шаралар өткізуге, тәжірибе алмасуға ынталымыз, – деді Елдос Нұрланов.

Бұл ұсынысты екінші тарап ықыласпен қабылдап, бірлескен семинар ұйымдастырудың, білгенмен бөлісудің оң тұстарын жиынға телекөпір арқылы қосылған Корейтану зерттеу орталығының ғылым докторы Джаң Ги Хоң атап өтті. Ол зерттеудің қарқыны мен мән-маңызын тілге тиек етті. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан елдеріндегі оқулықтарды әзірлейтін мамандардың басын біріктіріп, Кореямен тәжірибе алмасуда Қазақ елі көпір болса деген тілегін білдіріп, мұның сапалы зерттеуге, әрі жан-жақты келіссөздер жүргізуде маңызын атады. 

Оның айтуынша, әр елге барып, сол елдің оқу басылымдарын талдау, авторлармен семинарлар тұрақты жүргізіліп келеді. Орталық Азияда мұндай зерттеулер тек қана Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанда ғана жүргізілуде. Айта кетейік, Корея оқулықтарында мемлекеттерге жеке-жеке тоқталмай, географиялық континентке сәйкес мәлімет береді екен. Қазақстан туралы ақпарат Орта Азия бөлімінде қамтылыпты.  Ал корей халқына қатысты тарихи, мәдени және экономикалық деректердің Қазақстан оқулықтарында қалай берілгені жөнінде оқулық авторлары баяндап, география және дүниежүзі тарихы пәндері негізінде мысалдар келтірді. 

Жиын соңында BMSO директоры Елдос Болатханұлы Елшілікке қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрінен танымды да тағылымды мәлімет ұсынатын кітаптар тарту етті.

Інжу БАЛТАБЕКҚЫЗЫ,
ҚР БҒМ РҒПО Білім мазмұнын
сараптау орталығы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий