Алаштың ардақтысы: Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен қызметіне қазіргі күннен көзқарас

«Алыстаған сайын таулар биіктей түседі» дегендей, тарихта өнегелі ісімен із қалдырған тұлғалардың ұлылығы қаншама жылдар өткеніне қарай ескірмейді, керісінше, маңызы арта түседі десек қателеспеспіз. Тарихқа енген сондай тұлғаның бірі – ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылар шоғырының көшбасшысы, ұлт көсемі болған Әлихан Бөкейханов.

Тарих беттерінен ХХ ғасырдың басына дейін біздің еліміздегі отарлық саясатқа қарсы ұлт-азаттық қозғалыстың қарулы күрес түрінде жүзеге асқаны белгілі. Қазақ жерінде Сырым, Исатай мен Махамбет, Кенесары, Жанқожа, Есет және тағы да басқа батырларымыз бастаған көтерілістер қарулы шайқастардағы қантөгісті жеңілістермен аяқталды. Өз заманында алдыңғы қатарлы еуропалық білім алған қазақ қоғамының ішкі-сыртқы жай-күйін жақсы білген ол ұлт тәуелсіздігі үшін күрестің басқа жолын таңдады.

Ұлт-азаттық қозғалыстың реформаторлық жолын ұсынған Ә.Бөкейхановтың идеялары алаш зиялыларынан  қолдау тапты. Ресей империясының саяси тәртіптерінен туындаған қысымға саяси күреспен ғана қарсы тұруды ұғынған зиялы қауым халықтың санасын оятып, саяси сауаттандыруды мақсат етті. Ә.Бөкейхановтың көшбасшылығымен оның күрескер серіктері А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Ермеков, Ж.Аймауытов осы бағытта бірталай еңбек сіңірді.

Кеңестік кезеңде Алаш зиялыларының есімдері, өмірі мен қызметі туралы ақпараттар цензура тырнағына ілігіп, халық жадынан алшақтатылғаны белгілі. Тек 1980 жылдардың соңында қайта құру саясаты жылдары жабулы қазан күйінде қалған шындықтың беті ашыла бастады. Қазіргі күні Қазақстанда Алаш зиялыларының есімдері мектеп қабырғасында оқытылып, жас ұрпақтың оқып білуіне мүмкіндігі бар. Сонымен бірге қоғамдық пікірдің өзгеруіне ықпал еткен қазақстандық тарихшы, әдебиетші ғалымдардың ізденістерінің жемістері – архив деректері негізінде зерттеу жұмыстарының жариялануы, деректі фильмдер түсірілуі Қазақстанда Алаштанушы-ғалымдар мектебі қалыптасты десек болады.

Алаш қайраткерлерінің мерейтойларын республикалық деңгейде атап өту де дәстүрге айналды. Қазақстан Республикасында Қоғамдық кеңестің шешімі бойынша тәуелсіз еліміздің тарихы негізінде ең таңдаулы адамдар қатарында Ә. Бөкейханов пен А.Байтұрсыновқа «Ғасыр саңлағы» деген атақтар берілді. Олардың еңбектерінің көптомдықтық жинақтары басылып шығуда. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» кітабында Алаш мұрасы, қайраткерлері туралы сөз қозғап, «сол айтулы есімдердің білімдарлық һәм азаматтық тәлімдері кейде көріне бермейтін де арналары бар.

Оның бағасын ұрпақтары, бүгінгі қазақ зиялылары беруге тиіс»  деген  болатын. Үстіміздегі жыл басында жарияланған Президент Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «…кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек.

Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс» деп атап өтті. Әлихан  Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланатындығы халықаралық ұйымның кезекті 38-ші сессиясында қабылданды. Алаш қайраткерлерін оқып білуге біз, мектеп мұғалімдері қандай үлес қоса аламыз? «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Білім беру бағдарламасы – NIS-Programme бойынша, 9-сынып оқушылары бірнеше тақырыпта Алаш қайраткерлерінің, оның ішінде Ә.Бөкейхановтың өмірі мен қызметі, ұлттық мүддені қорғауға бағытталған іс-әрекеттері туралы білім алады.

Деректі материал ретінде Ә.Бөкейханның мақалаларынан үзінділер және оларды талдауға тапсырмалар беріледі. Сабақтан тыс уақытта қалаулары бойынша «Алаш қозғалысы және Алашорда үкіметі: қазақ мемлекеттілігі тарихындағы орны» 9-10-сынып оқушыларына арналған элективті курсқа қатысып, білімдерін тереңдету мүмкіндігі бар. 2012 жылы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде бастау алған өзіндік патриоттық жоба – «Туған елге тағзым» іс-әрекетті зерттеу бағытындағы өлкетанулық экспедиция аясында  мектеп оқушылары туған өлкені, оның танымал тұлғаларын танып білуге, оқушылардың бойында туған елдің ерекшелігі мен оның қыр-сырын білуге, оқушы бойында патриоттық сезімді арттыруға бағытталған.

Біздің мектеп оқушылары да осы жобаға қатысып, Семей, Атырау, Орал, Қызылорда және басқа да облыстарда болып, Алаш қайраткерлері туралы зерттеу жүргізумен айналысты. Зерттеу нәтижелерін желілік, аймақтық, республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауларында жария етті. Мәселен, 2014 жылы республикалық «Дарын» байқауында 11 сынып оқушысы Зарубек Әлібек «Ә.Бөкейханов және М.Гандидің ұлт болашағы туралы ой-пікірлеріндегі үндестік» тақырыбында зерттеу жұмысын қорғап, жүлделі орын алған еді.

2016 жылы Ә.Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына арналған аймақтық жас зерттеушілердің байқауында бір топ мектеп оқушылары өз зерттеулері бойынша білім сайысында жүлделі ІІ орын алды. 2020 жылы 12-сынып оқушысы Рысбек Ділназдың «Алаш қайраткерлерінің қанатты сөздерінің оқушылардың азаматтық позициясына әсері» атты жоба жұмысы республикалық «Дарын» байқауында жеңіске жетіп, жүлделі ІІІ орынға ие болды. Алаш  қайраткерлеріне арналған сабақтан тыс іс-шаралар мектепте жылма жыл өткізіліп тұрады.

Солардың бірі Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Ә.Бөкейхановтың 155 жылдығына арналған «Ғасыр саңлағы Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен қызметі туралы тың деректер» дөңгелек үстел. Бұл іс-шараның басты мақсаты – оқушыларды Алаш қайраткерлерінің көшбасшысы Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен қызметіне қатысты жаңа мәліметтермен таныстыру арқылы, оның өнегелі өмірі мен ісінен үлгі алатын елжанды азаматтар тәрбиелеу.

Жиын барысында 9-10 сыныптың бір топ оқушылары кездесуге арнайы шақырылған тарих ғалымдары Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор ассистенті Бейсенбекова Нұрсахан Ахметқызы мен Этномәдениет және тарихи-антропологиялық зарттеулер орталығының директоры, профессор Зауреш Сақтағанованың зерттеулерімен танысып, тың деректерге қанық болды.

Бейсенбекова Н.А. өз сөзінде Ә.Бөкейханов туралы Ресейдің тарихшы  ғалымы Виктор Козодойдың жақында жарыққа шыққан кітабы туралы, онда келтірілген деректер туралы сөз қозғады. Ресей ғалымы Алматы, Семей, Павлодар, Томск, Омбы, Самара, Орынбор, Новосібір архивтерінен алған мәліметтер негізінде, Әлихан – ең алдымен Қазақстанның көрнекті саяси қайраткері, бірақ бір елдің ғана емес, сол дәуірдегі жалпы империялық, жалпыұлттық деңгейдегі саясаткер деп бағалайды.

Жиын соңында ғалымдар оқушыларды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, олардың білімді, білікті азамат болып қалыптасуына тілек білдірді. Қорыта айтқанда, Алаштың ақ иық қайраткері, ақындар «Қыр баласы, ел ағасы, қазақтың болған панасы» деп жырлаған – Әлихан Бөкейхановтың және оның үзеңгілес жолдастарының өмірі мен игілікті істерінен жас ұрпақтың және барша Қазақстан азаматтарының өнеге алуына мүмкіндік беретін іс-шаралар аясын өрістете беру парыз.  

Зерттеу жұмыстарында Ә.Бөкейхановтың есімін тарихта қалдыру бойынша жасаған оқушылардың ұсыныстары біртіндеп іске аса бастады. Жуырда Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданына Ә.Бөкейханның есімі берілді. Тағы бір ұсынысымыз – Республикалық Парламент немесе Үкімет үйінің алдына Әлихан Бөкейхановтың мүсін ескерткішін орнату алдағы уақытта жүзеге асады деген ойдамыз. Бұл қадам мемлекеттік қызметкерлердің намыс отын жағып, еліне қалтқысыз адал қызмет етуіне үлгі болуы әбден мүмкін.

Әрі Әлихан Бөкейхановқа көрсетілген халық құрметінің айтулы бір белгісі болар еді. Әлихан Бөкейхановтың  әділ бағасын алып, құрметке бөленуі, тәуелсіз елде қалпына келе бастаған  тарихи әділеттіліктің тағы бір куәсі іспетті.  

Тамара Қазыханқызы ЮСУПОВА,
Қарағанды қаласындағы химия-биология
бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің
тарих пәні мұғалімі, «ҚР білім беру ісінің құрметті
қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий