Тәуелсіздік – ел тірегі

Қазақ елі неше бір нәубеттерге қарсы тұрған халық. Себебі, қазақ үшін – елі, жері, Отаны, ұрпағы алдыңғы орында болды. Тоқырау кезеңінде халықтың барынан айырылып, жетімін жылатып, жесірін қаңғыртқан жылдар олардың жанына аяздай батты.Солар үшін жанын да, қанын да аямады. Өзін құрбандыққа қиса да, артында қалған ұрпағын жаудан аман алып қалу үшін, қасқайып қарсы тұра білді.

1928-1931жж. елімізде орын алған репрессиялық кезең, 1931-1932 ашаршылық жылдары, 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы,1952 жылғы партиялық басшылықты қайта құру және қуғын-сүргін саясатының жалғасы болған кезеңдердің барлығы да, қазақ халқы үшін оңайға соқпады. Сталин өмірден өткеннен кейін ел басына жайлы күн туып, еліміз есін жинағандай болды. Артынша 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі жалғасып, азаттық үшін күрескен көптеген жастардың қаны тағы да төгілді.

Жазықсыз жастарды аяусыз ұрып-соққанымен қоймай, қамауға алып, дарға асып, ату жазасына кесті, арасында жер аударылғандары да болды.Зиялы қауым өкілдері жұмыс орындарынан қуылды, студенттер оқудан шығарылды. Осы уақытқа дейін кеңестің зардабын көрген қазақ халқына бұл жағдай ауыр тиді әрі Тәуелсіздік үшін күрескен жастардың қанын судай ағызды. Аман қалғандары бүгінгі таңда аурушаң болса, кейбірі бастарын ақ шалып, ортамызда жүр.

Биылғы жылы осы қанды көтеріліске 35 жыл толып отыр.Осы жылдар ішінде Ұлы егемендігіміз үшін алаңға шығып, қантөгіске қатысқан қазақтың батыр ұл-қыздарының еңбектері еленіп, олардың ет жақындарына мемлекет тарапынан қандай жәрдем көрсетілді? -деген сұрақ туса, барлығымыз үнсіз қаларымыз анық.Ия, мемлекет назарынан тыс қалып, қоғамда елеусіз өмір сүріп жатқан Желтоқсан батырларының еңбегінің еленбегені жанға аяздай батады.

Жыл сайын 16-17 –желтоқсан – Желтоқсан батырларын еске алу мақсатында орталық алаңға шығып, оларға тағзым жасап, гүл шоқтарын қою ғана дәстүрге айналған. Ия, оған да етіміз үйреніп кеткен және соған да шүкіршілік етемін. Қазақ тарихында Тәуелсіздігіміз үшін күрескен «Желтоқсан оқиғасы» алтын әріппен жазылды. Қаhарман батырларымыз күні бүгінге дейін толықтай ақталып,тиеселі статусын алған жоқ.Сондай күнді енді тағы қанша жыл күтеріміз бір аллаға ғана аян.

Тәуелсіздігімізді жеңіп әперген батырларымыз ТМД елдері арасында алғаш болып қызыл империяға қарсы шыққанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Бірақ ол шындық. Ұлы Отан соғысының батырларының ел арасында қарасы тіпті азайып, Ауған соғысы батырларының қатары сиреп бара жатқанда, желтоқсан батырларына құрмет, қамқор жоғалмаса екен деп тілеймін. Кешегі сол көтеріліске қатысқан жастар бүгінде алды алпысты алқымдап, арты елуді еңсерген батырлармен кездесу ұйымдастырылғаны дұрыс.

Тәуелсіздіктің қазақ халқына берер олжасы ретінде олардың осындай кездесулерді сағына күтетінін жасұрпақтың санасына сіңіру үшін, өз ұлттық тарихын жақсы білуіне септігін тигізер деген ниетпен, білім ощақтарында тәлімі мол, берері көп жиындарды жиіөткізсе, білімгерлер арасында театрландырылған қойылымдарды түсіруге де болатындығын айтқым келеді. Желтоқсан қаhармандары туралы фильмдер мен қатысушы әрбір тұлға туралы деректі бейне баяндар отандық теледидарлардан көптеп насихатталуы қажет.

Басқа елдің сериялдарын көрсеткеннен гөрі, мысалы, орыс халқы көбіне соғыс туралы, қазіргі өмірдегі көріністерді көрсету мақсатында көптеген фильмдерді түсіріп, көрсетіп жүр. Солар сияқты біздің де халыққа көрсетер фильмдер мен ұрпақты ұлықтайтын, ерлігін айшықтайтын, рухты оятатын деректі фильмдер түсірілсе, жас ұрпақ та өз тарихын ұмытпай, бабаларының қандай болғанын біліп жүрері хақ және сол жағын билік ескерсе деген тілегім бар.

Қазір мына ел басына төнген аты жаман індеттің қаншама абыздар мен ардақты жандарды ортамыздан жұлып алып кетіп жатқанын көріп, жанымыз ауырып, өзекті өрт шалады.Сондықтанда кеш болмай тұрып, билік басы желтоқсан батырларына сәлде болса назар аударып, олардың еңбектерін дәріптесе деген ойым бар. Қазір сөзбен емес, іспен дәлелдейтін кезең болғандықтан, айтылған сөзді жерде қалдырмау мақсатында қолға алғаны жөн.

Қазақта «сая болған ағашты отқа жақпа» – деген қанатты сөз бар.  Осындай ел тәуелсіздігі үшін жанын аямай, қанды күреске шыққан желтоқсанның батыр ұл-қыздарына деген құрмет пен қолдау орнын тапса екен деймін.

Айжан НАЙЗАҚҰЛОВА,
Дулати университетіндегі техникалық
физика 
кафедрасының қызметкері,
Жамбыл облысының Тараз қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий