Ақтөбе облысы: Тәуелсіздік жылдарындағы білім саласының дамуы

Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алып, дербес саяси және экономикалық даму жолына түскенінен бері отыз жыл.  Тарихи өлшеммен алып қарағанда, айтарлықтай көп уақыт емес. Еліміз осы мерзім аралығында талай ауқымды өзгерістерді бастан кешірді. Білім саласы да орасан зор жетістіктерге қол жеткізіп, түбегейлі жаңғырды.

Ұлық мерекеге орай облыстық білім басқармасының үйлестіруімен “Тәуелсіздік жылдарындағы Ақтөбе облысы білім саласының дамуы” тақырыбында ғылыми тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылды. Басқосуға жиналғандардың назарына еңбек пәні мұғалімдерінің ұлттық қолөнерді насихаттайтын «Алтын тұмар» кітабына енген бұйымдар көрмесі, аймақтағы үздік ұстаздардың шебер кластарының шеруі көрсетілді. Конференцияға Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, әдістемелік қызметті үйлестіру және педагогті кәсіби дамыту орталығының басшысы Е.Жұмашов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті филология ғылымдарының докторы, профессор Г.Шоқым, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалы,  филология кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы,  жерлесіміз Н.Құрман қатысты.

Конференцияда облыстық білім басқарма басшысының орынбасары Н. Бертлеуова “Тәуелсіздік жылдарындағы  Ақтөбе  облысы білім саласының дамуы” тақырыбында баяндама жасап, білім саласындағы жетістіктерге  тоқталды. Шара  барысында әдістемелік қызметті үйлестіру және педагогті кәсіби дамыту, ХХІ ғасырдағы білім беру жүйесіндегі тәжірибелер,  педагогикалық кадр даярлау, жаңартылған білім беру мазмұнындағы жаңашылдық, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі инновациялық өзгерістер мәселелері кеңінен талқыланды.

Атап айтқанда, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, әдістемелік қызметті үйлестіру және педагогті кәсіби дамыту орталығының басшысы Е.Жұмашов білім саласындағы жасалған реформаларға тоқталып, тәуелсіздікті қатар алған өзге мемлекеттерден инновациялық технологияларды енгізуде, оқытудың функционалдық сауаттылығы, мектептердің материалдық-техникалық жасақталуы,  жаңа білім беру ұйымдарының салынуы секілді бірнеше мәселелер жағынан  әлдеқайда көш ілгері екендігін айтты.  Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалы, филология кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы,  жерлесіміз Н.Ж.Құрман ХХІ ғасырда оқу-тәрбие стандартына қазақстандық білім беру философиясы, ұлттық діл (менталдылық) мәселесі, ұлттық құндылықтың жалпы адамзат құндылығымен үндесетін жүйелері туралы сөз етті.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті филология ғылымдарының докторы, профессор Г.Шоқым аталған жоғары оқу орнында педагог маман дайындаудағы ерекшеліктері туралы айтып өтті. Табысты еңбек ететін білім ордасы – Дарынды жасөспірімдерге арналған «Білім-инновация» лицейі – Тәуелсіздік жемісі. Лицей түлектері білім ордасынан ашылғаннан бері сапалы білім алып, еліміздің өркендеуіне үлесін қосар азаматқа айналды. Әлемдік білім нарығында еліміздің бәсекеге қабілеттілігін танытты.  Аталған білім ордасының тұңғыш директоры Орхан Озгюль облыс педагогтерін қасиетті мерекемен құттықтап, тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап, екі ел арасындағы қарым-қатынасына биік деңгейде мән беріп, достық пен бауырластықтың  әлі де нығая түсетінін жеткізді.

Сонымен қатар Ақтөбе қаласы педагогикалық шеберлік орталығының директоры Тавиля Адиетқызы Акимованың білім беру саласындағы жаңа реформалар жөнінде бейнебаяндамасы тыңдалды. Облысымыздағы педагог мәртебесін көтеру мен білім сапасын арттыру бағытындағы атқарылып жатырған шаралар туралы «Үздік педагог – 2019» республикалық конкурсының жеңімпазы, «Қазақстан мұғалімі – 2019» Ұлттық сыйлығының финалисі, «Әлем ұстазы – 2020» жаһандық сыйлығының номинанты, «Дарынды жасөспірімдерге арналған облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Б. Базарғалиева мәлімдеді.

Сонымен қатар ұстаз халқымыздың тамырын тереңнен тартқан асыл мұрасы – ана тіліміз бен әдебиетіміздің рухани нәрін жас ұрпақтың бойына сіңірер ар-ұят, парасаттылық, ақ ниет, мәдениеттілік қасиеттер адамзат баласының бойына тілдің, тәрбиенің  құдіретімен даритынын ерекше атап өтті. Ақтөбе сервис колледжінің директоры Г.Сахатова  техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі инновациялық өзгерістер жөнінде айтты. Облыстық білім басқармасының басшысы Ж.Батырхан ғылыми-тәжірибелік конференцияны қорытындылап, өңір педагогтерін білім саласының дамуына қосқан еңбектері үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттап, сыйақысын табыстады.

Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологиясын енгізу. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы да еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді. Олай болса, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған білім беру қызметкерлерінің конференциясы білімнің құндылық ретіндегі сипатына терең мән беруіне бағытталған шара екендігі анық.

Дина Ұзақбайқызы ЖАМАНБАЕВА,
Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік
орталығының директоры, магистр

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий