Тыныштық – жүректің әні
“Баланың бойындағы қабілетін ашып, өзіне жол таптырып, өз күшіне сендіру қаншалықты маңызды десеңщі! Адам өзін -өзі сыйлай білуі, ар ұяты алдында, таза болып, әділетсіз, жөнсіз әдепсіз іс – әрекеттің неге әкеліп соқтыруы мүмкін екенін білуі тиіс. Мейірімділік пен махаббат жылуы жүректен жүрекке жетіп, Әлемді Махаббат пен Қайырымдылық шуағына бөлесін.”, – деп жазады Сара Алпысқызы “Өмір әдебі” кітабында.
“Бөбек” орталығының бар ізгілікті миссиясы рухани адамгершілік білім беру, оқыту, тәрбиелеу – дамыту. Барлығы өсіп келе жатқан ұрпаққа арналған. “Өзін – өзі тану” оқу сауықтыру кешені қызметкерлерінің білім беру және сауықтыру қызметінің мақсаты – балаларға көмек беру, сөзбен де іспен де барлық жағынан мейірімділік шапағатын сеуіп назарынан тыс қалдырмау. Бұл көзге көрінбейтін үлкен жұмыстың шыңы – баланың күлкісі мен өзін тануына, табиғаттан берілетін рухани және зияткерлік қасиеттерін дамытуға мүмкіндік беретін баланың жаны.
Негізінен “Бөбек” орталығының “Өзін – өзі тану”оқу – сауықтыру кешеніне Қазақстанның барлық өңірінен оның ішінде ҚР-ның экологиялық қолайсыз аймақтарынан, тұрмыстық – әлеуметтік жағдайларына қарай, аз қамтылған отбасы, көп балалы отбасы және ата – анасының қамқорлығынсыз қалған балалар демалуға және денсаулықтарын нығайтуға келеді. Осы орайда “Өзін – өзі тану” оқу – сауықтыру кешенінде Қазақстанның барлық өңірлерін келген балалармен ұжым қызметкерлерімен бірге рухани – адамгершілік мазмұнда сабақтар өткіземін.
Мұнда баланың жалпыадамзаттық құндылықтарға деген жағымды қатынасын қалыптастырумен қатар, салауатты өмір салтын ұстанудың заңдылығын, бір – бірімен достық қарым қатынаста болу үшін сүйіспеншілік, түсінушілік, сенімге ие болуға үйретуді басты назарға аламын. Әр күні “Өзін – өзі тану” оқу – сауықтыру кешенінің қызметкерлері мен демалуға келген балаларға күннің бастамасы ретінде тыныштық сәтін өткіземін . Жақсы көңіл – күй, күнге құрылған жоспарға зор шабыт бере отырып, сәтті іс – әрекет жасауға ынталандырады.
Күнделікті сабағымды бастар алдында оқушыларды жағымды көңіл-күйге келтіріп және оқушының қабілетін арттыру мақсатында “Нұрға бөлену”, “Орманға ойша серуен” атты тыныштық сәттерін өткіземін. Тыныштық сәті арқылы баланың ойы, денесі сергітіледі. Бұл сәтте балалар денелерін түзу ұстап бастарын жоғары көтеріп, ыңғайланып отырады. Қажетінше көздерін жұмуға болатынын айтамын. Ауаны терең жұтып, еркін тыныстайды. Олар айналадағы барлық тіршілік иелері өздеріне қамқор болып, аялап тұрғанын сезінеді. Өздерін толығымен тек жақсылыққа, сүйіспеншілік сезімге бағыттайды және тұла бойы толы қуаныш екенін сезінуге ұмтылады.
Сонымен қатар, сабақ соңында көзді жұмып сабақта айтылған жақсы ойлар мен жақсы әрекеттерді ой елегінен өткізіп көруді ұсынамын және барлық айтылған жақсы ойларды жүректерінің түкпіріне апарып орналастыруды айтамын.Балалар тыныштыққа жетудің жолын түсінумен қатар, құлпырған дүниені сезінуге, мақсаттарға жол салуға, санадағы жағымсыз ойлардан арылуға үйренеді.
Тыныштық – кез-келген сыртқы жағдайда ақыл ойдың тазалығын сақтау деп санаймын. Жан тыныштығы – ол адамға кез-келген жағдайдан шығуға көмектесетін күш. Жан тыныштығы таза жүректе орнайды.
Бекзат Киргизбаевна ЕСИМОВА,
«Бөбек» ҰҒПББСО «Өзін – өзі тану» оқу – сауықтыру
кешенінің бастауыш сынып мұғалімі