Білім және ғылым министрі ардагерлер мен білім және ғылым саласында жұмыс істеп жүрген қызметкерлерге мерейтойлық марапаттар табыстап, ерен еңбектері үшін алғыс айтты
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында білім және ғылым саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген жандарға мемлекеттік, ведомстволық және мерейтойлық наградалар табыстап, олардың ерен еңбектерін атап өттік, – деп жазады ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Педагогтерге, оқытушыларға, ғылыми қызметкерлерге, білім беру ұйымдарының басшылары мен тәрбиешілеріне лайықты марапаттарды табыс еттім. Құттықтаулар қатары осы күндері де жалғасты. «Парасат» орденін педагогикалық еңбек ардагері Бексейітова Бақыт Мақанқызы алды. Ол өзінің еңбек жолын Павлодар қаласының мектебінде мұғалім болып бастаған. Содан кейін директордың орынбасары, мектеп директоры болып жұмыс істеді. Павлодар қаласының, сондай-ақ бүкіл облыстың білім басқармасын басқарған.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен Нұр-сұлтан қаласы мектебінің математика пәнінің мұғалімі Нәбиев Руслан Қайырбекұлы марапатталды. Ол – математика пәні мұғалімдері арасындағы республикалық шығармашылық конкурстың, халықаралық «Зерде» олимпиадасының жүлдегері, педагогтер арасында өтетін республикалық олимпиаданың үш дүркін жеңімпазы.
«Халық алғысы» медалімен Алматы қаласының политехникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Дүйсенбаева Әсем Аманжолқызы марапатталды. Әсем Аманжолқызы қашықтан оқытудың жүйелі әдістері мен тәсілдерін әзірлеп, пандемия кезінде еліміздің педагогтеріне әдістемелік қолдау көрсетті. Ол білім беру ұйымдарына кең таратылған бейнесабақтар түсіру бойынша авторлық әдістеме жасап, оқу құралдарын әзірлеген.
«Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері еліміздің үздік педагогтерінің бірі, Шымкент қ. музыкалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Дмитриева Оксана Владимировна болды. Республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты, педагог-шебер Оксана Владимировна 28 жыл бойы музыка өнері саласында білікті мамандарды тәрбиелеп келеді. Ол республикалық және халықаралық конкурстардың 20-дан астам лауреатын дайындады.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында мемлекеттік наградаларды үздік ғалымдар мен зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлеріне де табыстадым. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты зертханасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Асанжанова Нурика Нарынбекқызы ғылымның дамуына ерекше үлес қосқаны үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Нурика Нарынбекқызы – коронавирусқа және адамның, құстар мен жануарлардың вирустық ауруларына қарсы отандық вакциналарды әзірлеуге қатысып жүрген ғалымдардың бірі.
Сондақ-ақ «Құрмет» орденімен Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты зертханасының бас ғылыми қызметкері Ольга Викторовна Червякова марапатталды. Ол жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын зерттеуге және қауіпті ауруларға қарсы препараттардың әзірленуіне айтарлықтай үлес қосты. Ольга Викторовна ҚР денсаулық сақтау саласына арналған алғашқы отандық инактивтендірілген вакциналарды дайындау технологиясының авторларының бірі болып табылады.
Сонымен қатар ғалым 5 платформада COVID-19-ға қарсы вакциналарды әзірлеуге және олардың клиникалық сынақтарын өткізуге қатысқан. Баршаңызды лайықты марапаттармен құттықтаймын! Ардагерлер мен білім және ғылым саласында жұмыс істеп жүрген қызметкерлерге ерен еңбегі үшін алғыс айтамын.