Ашық кураторлық сағат: “Бабаларым аңсаған тәуелсіздік”

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы халқымыз үшін ерекше маңызды мереке болып есептеледі. Бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке 16 желтоқсанда отыз жыл толды. Еліміз осы жылдар аралығында қаншама қиын кезеңдерді бастан өткерді. Тәуелсіздік мерекесіне орай, республикамыздың әр аумағында түрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылғаны белгілі. Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін жоғары мәртебеге ие ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап өтті.

Тәуелсіздік – ел мұраты. Бұл біздің кең байтақ даланы мекендеген қазақ халқының басынан өткен зұлмат жылдардан бастап бүгінгі күнге дейінгі жеткен жетістіктерін, 30 жыл ішінде атқарылған игі істерін, бүгінгі жаңа Қазақстанның дамып өркендеуінен анық аңғаруға болады. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында  Қарағанды техникалық университетінің Жол-көлік факультетінің «Көлік техникасы және логистикалық жүйелер» кафедрасының аға оқытушысы Жаркенов Нұрсұлтан Балғаұлының ұйымдастыруымен ТТ-19-1 тобында  «Бабаларым аңсаған тәуелсіздік» тақырыбында ашық кураторлық сағаты өткізілді.

Іс-шараны өткізудегі негізгі мақсат – жастарға тәуелсіздіктің оңай жолмен келмегендігін түсіндіре келе,  қаншама ғасырлар бойы аңсаған егемен еліміздің бүгінгі жеткен жетістіктерін  қадірлей білу, білім, ғылымды меңгеру арқылы жоғары мәдениетке қол жеткізу арқылы отаншылдық рухты бойына сіңірген айбынды жастарды тәрбиелеу болып табылады. Іс-шараның басында  аудио және бейне материалдар ұсынылып, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы туралы тарихи бейне таспалар көрсетіліп, «Тәуелсіздікке 30 жыл» тақырыбындағы шежіреге толы деректі фильм көрсетілді.

Бейне материалды тамашалағаннан кейін қазақ халқында бұрын болмаған ең ауыр кезеңдерді және Желтоқсан көтерілісіне қатысқан ағаларымыз бен апаларымыздың ерлік, күш-жігерлері, рухтары арқылы  ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікке қалай қол жеткізгеніміз туралы студенттердің арнайы әзірлеген баяндамасымен сахналық қойылымдарымен жалғасты. Сондай-ақ, қазақтың өрімдей жастары Қайрат, Ербол, Ләззат, Сабира сынды рухы биік  батырларымызға арналып жазылған өлеңдерден  «Менің тағдырым» атты өлең шумақтарын Думан Досмағанбет ерекше тебіреніп оқыса, Қаныш Кукенов Қайрат Рысқұлбековтың абақтыдағы әкесіне, інілеріне жазған хатынан үзіндісін нақышына келтіре сахнада бейнелеп жеткізе білді.

Өнерлі де таланты студенттердің орындауындағы тамаша ән-күйлермен іс-шара әсерлі күйге бөлене түсті. Іс-шараның соңы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына арналып жазылған әсерлі туынды Әбиірбек Тінәлиевтің  «Желтоқсан желі» әнімен аяқтады. Іс-шараға қатысып, студенттердің бойындағы өнерлерін тамашалаған Жол-көлік факультетінің тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Меңдігүл Оспанғалиева және «Көлік техникасы және логистикалық жүйелер» кафедрасының аға оқытушылары Асел Мауленова, Медет Ақмоллаұлы Тәуелсіздігіміздің қанша ғасыр өтседе бүгінгі жастар мен келешек ұрпаққа мәңгі мирас болып қалатынын естен щығармау керектігін айтты.

Ұлан байтақ жерімізбен бай мәдениетімізді таныту, ұлттық құндылықтарымызды білу, меңгеру студент жастардың болашақта тұлға болып қалыптасу жолында маңызды рөл атқаратыны туралы өз ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, осындай мерекелік шаралардың ұйымдастырылып өткізілуі студенттердің бойындағы потриоттық сезімдерін оятып қана қоймай, жеріміз бен елімізді қорғайтын нағыз білімді де алғыр жастарды тәрбиелеуге септігін тигізетініне тоқталды.

Жер болса, ел болады, ел болса ер болады демекші, бүгінде өршіл, рухты ерлеріміздің  арқасында «Қазақстан» егеменді елге айналып, дүние жүзіне танылды. 130-дан аса ұлт өкілдері тұратын осынау қасиетті мекенде, асқақтаған өлкеде, құшағын кеңге жайған керемет дархан далада төрт түлігі өрбіген, өндірісі өркендеген мекенде өмір сүріп жатқан әрбір адам өз Отанын жанындай сүйіп, оның көк байрағын көкке көтеруді қашанда мақтаныш тұтады.

Нургуль КОНУРОВА,
ҚарТУ-дың 
оқытушысы, п.ғ.м,
Қарағанды қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий