Ұлағатты ұстаздың ұлы еңбегі

«Мұғалім-зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі іспетті» демекші, ұстаздық жол қиындығы мен қызығы қатар жүретін жауапты қызмет. Баланың алғаш мектеп табалдырығын аттаған сәтінен білім нәрімен сусындатып, қоғамда өз орнын қалыптастыруда ұстаздың еңбегі зор.  Оқушылармен жұмыс істеу барысында музыка сабағында эстетикалық тәрбие беру арқылы әрбір шәкірттің музыка өнеріне деген құштарлығын қалыптастырып, ішкі рухани байлығының іргетасын өз беттерінше қалауға баулыған Пазылбек Сағынтаев биыл 63 жастың белесіне жетті.

Ардақты ұстаз 1958 жылы 25 желтоқсанда Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Ақ-Арық кеңшарында дүниеге келді. Пазылбек Сағынтаев 1965-1975 жылдары №124 орта мектепті тәмәмдағаннан кейін, Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының музыка пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алды. Алғаш еңбек жолын 1982 жылы №171 Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепте музыка пәні мұғалімі ретінде бастап, бүгінге дейін қажырлы еңбек етіп келеді.

Саналы ғұмырында жас мамандарға қазақ тіліндегі «Бастауыш сыныпта музыкалық тәрбие беру әдістері» атты оқулықты жазды. Ұстаздың еңбегі республика көлемінде кең таралып, алғашқы жарық көрген оқулық көпке септігін тигізді. Осы ретте, тәжірибелі білікті маманның қызметі оң бағаланып, облыстық музыка пәні мұғалімдері әдістемелік кабинетінің ашылуына себепкер болды.

Жүрек соғысының өзі музыкалық ритмге сай келеді. Әдемі әуез жүрек түкпіріне жетіп, тұла бойынды шымырлатқанда керемет күйге енесің. Бұл музыканың құдіреті. Ал әсем әнді бала жүрегіне жеткізіп, оны шығармашылыққа баулу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Пазылбек ағай дегенде кімнің болмасын есіне баян аспабы бірге келеді. Интернационал музыка аспабына баланатын баянмен талай сахнада өнер көрсетіп, «Асыл жандар» ансамблінің басты аккомпониаторы болды.

Ұстаздың еңбегін ұлы ететін – шәкірті. Өнерге баулып, шығармашылық қырын дамытқан ұстаздың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі – аяулы шәкірті. Пазылбек Сағынтаев тәрбиелеген шәкірттер облыстық, республикалық бәйгеден оза шауып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік атанды. Бүгінде олар қазақ эстрадасының сахнасында өнер көрсетіп, жұлдызы жанған өнерпаздарға айналды. Атап айтсақ, қалалық білім бөлімінің музыка әдіскерінен Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрының директоры қызметіне дейін жұмыс істеген Б. Арысбаев, республикаға танымал «Тұран» тобының әншісі Қ. Зайытов, «Өнер» академиясының студенті А. Қойшығара, білім ошағында өнерімен көзге түсіп, біршама жетістіктерге жеткен Б. Сағындықова, Б. Абайұлы және тағы да басқалар.

Білікті ұстаз бүгінде жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде қажымас қайратымен, өнегелі үлгісімен, жаңашылдық жолымен, адамгершілік қасиетімен, ұстаздық жолын көрсете отырып мектебімізде шәкірттеріне сабақ беріп келеді. Осы кезеңнің ішінде қоғамымыздың ілгері дамуына сәйкес, ұстаздарға, жүктелген жауапкершілік жүгі де салмақтай түсті.  Ұстаздың өткізген сабақтары, мектептегі түрлі іс-шаралары әрдайым көптің көңілінен шығатын. Асқарлы асудың ұшар басына алқынбай жеткен Пазылбек ағайдың өткен өмір жолына, маңдай тері төгілген еңбек соқпағына әріптестері мен шәкірттері дән риза.

Шынында да, ол кісінің ұлағатты ұстаздығы – адамгершілік жырына тұнып тұрған ғажайып бір әлем. Адамның кемеліне келіп, алдыңғы толқын ағаларының ізін басып, кейінгі толқын інілері құрмет көрсетіп, өрісі кеңейіп, өркені өскен беделді кезеңге аяқ басты. Қадірлі ұстаз – ардақты әке. Бүгінде сүйікті жары Айжан Молдағұлқызымен 3 ұл тәрбиелеп, немере сүйген асыл жан. Өзінің қамқорлығы, кішіпейіл мінезімен ағайын-туыс, жақындарына сыйлы.

Осындай мерейлі жасқа келген қадірлі ұстазға  тірлікте тұғырыңыздан таймай, әлі де талай асуларды табандылықпен алып, алға қойған мақсатыңызға абыроймен жете беріңіз демекпіз. Асыл жарыңыздың, ұл-қыздарыңыздың қызығын молынан көріңіз, алып мәуелі бәйтеректей жапырақ жайып, өркендей беруіңізге тілектеспіз!

№171 Ғани Мұратбаев атындағы
орта мектептің ұжымы, Қызылорда облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий