Тәуелсіздік – ел тұғыры!

“Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу: ол қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар: ол тәуелсіз Қазақстан». Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезеңі!  Уақытпен жылжып Тәуелсіздік мерекесі де келіп қалды. Тәуелсіздік күнінің орны ерекше. Бұл еліміз үшін теңдесі жоқ тарихи күн. Ұлыстың ұлы күні. Азаттық – ата-бабаларымыздың көптен көксеген асыл арманы еді. Сол асқақ арманға қол жетті. Кешегі қазақ жастарының өршіл мінезін танытқан желтоқсан көтерілісі де жаңа тарихымызға елеулі із қалдырды.

Биылғы жылы тәуелсіздіктің отыз жылдық мерейлі мерекесін айрықша атап өткен қазақ елі бұл күндері төрткүл дүниеге танымал. Мемлекетіміз ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлар, іргелі бағдарламалар қабылдап солардың бәрін сәтті жүзеге асырып келеді. Алдағы мақсат – Тәуелсіздігімізді тұғырлы, мемлекетімізді ғұмырлы ету. Осы жолда абыройлы белестен көріне білейік. Қазақ ұлтының сақталуы, ықылым заманнан өзі мекендеген ата жұртында дербес мемлекет, егемен ел ретінде шаңырақ көтеріп, өркендеуінің бастауы тәуелсіздікке келіп тірелетіні анық.

Сондықтан да қазақ үшін тәуелсіздік күнінің алатын орны ерекше екені даусыз. Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарға қол жеткізді. 1991 жылы 16 желтоқсан — еліміздің «Қазақстан» деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылы. Сол сәттен бері міне, 30 жыл да өте шықты. Қазіргі Қазақстан әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. Жас мемлекетіміз осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді.

Қазіргі таңда Қазақстан жас мемлекет бола тұра, көптеген елдерден әлдеқайда алда. Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы — қазіргі таңда негізгі стратегиялық бағыттар. Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік.

Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық жағдайында еліміз жылдам қарқынмен әлемдегі алдыңғы қатарлы жетекші елдердің қатарына қосылып келеді. 1992 жылдың 4 маусымы – тарихи күн. Сол күні республика жоғарғы кеңесі тәуелсіз жұртымыздың мемлекеттік туы мен елтаңбасын бекітті. Қазақстан Республикасы: туымен тұғырлы, елтаңбасымен елеулі, әнұранымен айбатты.

Бүгінде қазақ халқы – әлемдік қоғамдастықтағы жауапты да құрметті әріптес. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы тұғырлы, баянды болсын! Қазақ деген халықтың өресі биік, өрісі кең екенін әлем жұрты білді. Әрқашан күн сөнбесін! Тәуелсіз еліміздің таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін!

Ляззат ДЖАЛАЕВА,
«Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру
орталығының Қапшағай қаласындағы
филиалының директоры, Алматы облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий