Шектеу шаралары барысында жасөспірімдер денсаулығын түзеудің маңызы

2019 жылы басталған «Covid-19» пандемиясы жасы егде тартқан адамдардың ғана емес, мектеп оқушыларының да физикалық жағдайын күрделілендіріп жіберді. Қашықтан оқу, үйқамақта болу, физикалық жаттығулар немесе активити жасамау балаларға стресс қана емес, қанайналым бұзылысына, артық салмаққа, тыныс алу жолдарындағы проблемалардың туындауына әкеліп соқты. Копенгаген университетінің бір топ ғалымдары тіпті дүниежүзілік пандемия семіздік пандемиясына әкеліп соғуы мүмкін деп болжады.

Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандары Қазақстанда 6-9 жас аралығындағы 20% баланың өзі артық салмақ немесе семіруден зардап шегетіндігін көрсеткен. Бұл проблемалардың алдын алу және шешу мақсатында Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде дене шынықтыру пәні мұғалімдерімен бірлесе отырып карантин кезінде салауатты өмір салтын насихаттауға арналған жаттығулар жүйесін жасап, қашықтықтан оқытуды тиімді пайдалануға тырыстық.

Онлайн оқыту барысында, әр сабақ аяқталған соң дене шынықтыру пәні мұғалімі оқыту платформасына кіріп, оқушылармен 10-15 минут қарапайым физикалық жаттығуларды жасады. Бұл сәтте барлық оқушысының камерасы қосылып тұруы тиіс. Осылайша біз оқушылардың салауатты өмір салтын ұстанып, берілген ақпараттарды меңгерулеріне көмектесе аламыз және денсаулығын күтуге мүмкіндік береміз. Сонымен қоса, балалардың бойындағы қан айланымын жақсарта түстік.

10 минутқа арналған жаттығулар кешені мынадай тапсырмалардан тұрады. Екі аяғымызды екі жаққа параллель қойып, қолымызды алға созамыз. Кейін тіземізді бүгін отырамыз. Осылай 10 рет жасап шығамыз. Секіртпеден 50 рет секіреміз. Қолымызды алдымызға созамыз. Саусақтарымызды жылдам бүгіп-жазамыз. Бір кезекте 15-20 рет жасаймыз. Бір күйде отырған қалпымызда, басымызды екі жаққа кезекпе-кезек бұрамыз. Демімізді ішке жинағанда – бір жағына, ал шығарғанда – келесі жағына бұру қажет. Кейін орындау тәртібін өзгертеміз. Бастапқы кездерде 2-3 қана бұрылыспен шектелген жөн.

Бұл жаттығу – остеохондроз бен омыртқаның желке және кеуде тұстарындағы ауруларында пайдасын тигізеді. Алдымен, аяғымызды бір-біріне қосып, түзу қалпымызда тұрамыз. Демімізді ішке жинап, аяқ бұлшық еттерін қатайтып, қолымызды алға созған күйі отырамыз. Ауаны іште 4-5 секунд ұстай тұрып, бастапқы қалыпқа оралғаннан соң ғана шығарамыз. Жаттығуды 10-15 рет қайталап істеген жөн.

Осы жатығуларды жасағаннан кейін бала қайтадан сабаққа кіріседі. Жаттығуларды міндетті түрде 21 күн қалдырмай жасау керек. Сол кезде балалар бойынан нәтиже көре бастайсыз. Біз бұған арнап, арнайы бақылау кестесін құрдық және толтырып отырдық. Қашықтан оқыту талаптарына қарамастан, мектеп оқушылары белсенділік танытып, үй ішінде, аулада жүгіру сынды кішкене клубтар ашып, өздігінен жаттығулар жасай бастады.

Бұл кезде мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімдері ақпараттық қолдау білдіріп, бағыт-бағдар берді. Елдегі эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына байланысты балаларға мектепке баруға рұқсат берілді. Осы уақытта дене шынықтыру пәні мұғалімі ретінде біз балалардың бойындағы көптеген проблемаларды көрдік. Мәселен, кейбір балалар допты қалай ұстау керек екендігін білмей жатты.  Бұл жасөспірімдердің салауатты өмір салтын ұстанып, спорт жаттығуларын жасауда белсенділіктің әдеттегіден төмен екендігін көрсетті.

Сондықтан біз дене шынықтыру сабағында 10-15 минуттық жаттығуларды бүкіл сыныпқа орындата бастадық. Қарапайым жаттығуларды орындау арқылы балалардың физикалық мүмкіндіктерін арттыруға тырыстық және қыркүйек айынан бері оқушылар жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Бірнеше жылдық тәжірибесі бар ұстаз ретінде жасөспірімдердің бойынан жүгіру, секіру сынды спорт түрлеріне карантиннен кейін қызығушылықтың артқанын байқадық. Сол себепті сабақ барысында белсенді спорт түріне назар аударуды ұсынамын.

Мәселен, өзім еңбек ететін Назарбаев Зияткерлік мектебінде балалар күннің салқындығына қарамастан футбол алаңына барып ойнауды, аса танымал емес теннис ойынына, даладағы воллейбол, баскетбол алаңындай ойын ойнау, сабақ өткізу сұраныстары түсті. Ауа райы жылы болған кезде барлық сабақтарды тек мектеп алаңында өткізіп жүрдік. Сондықтан, бұған да назар аудару маңызды екендігін айтқым келеді.

Әр мұғалімнің сабақ беру әдістемесі әртүрлі. Бірақ, карантиннен кейін баланың салауатты өмір салтын ұстануы мен спортқа қызығушылығын арттыруда дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің рөлі зор.

Амина ТУРДЫМБЕТОВА,
Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік
мектебінің 
дене шынықтыру пәні
мұғалімі, Батыс Қазақстан облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий