Ғалымға мәңгілік тағзым…

Биыл іргелі оқу ордамыз Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетіне 45 жыл! Осы бір шақтарда қол жеткізген жетістіктерге қарап қуансаң, қатарыңа қарап, қимас жандардың жоқтығына мұңаясың… Жылдар өткен сайын олардың бейнелері сағымданып,  сағынышпен ойға оралатынына бұл күнде көзіміз әбден жетіп жүр.

Осы күнде Есенов университетінің іргесін қалаушы ұстазымыз техника ғылымдарының докторы, профессор Алпамыс Оразауханұлы Айтқұловты еске алмай тұру мүмкін емес. Қазіргі жеткен шағымызда осы университет қабырғасында жетелеп жеткізген сол бір абзал жан есіңе түскенде жүрегің елжіреп, жанарыңа сағыныш жасы келеді. Өйткені Алпамыс аға бізге ұстаз, тәлімгер, үлгі, нұсқаушы, жанашыр аға… болып, өмірде толық және жан-жақты қалыптасуымызға үлес қосты.

Алпамыс Оразауханұлының алдына мектептен кейін өрімдей жас болып келіп, дәріс алдық, маман болып қалыптастық, өмірге «бір кірпіш болып қаландық». Қазіргі мотивация деген сөзді ағай сол кезде бізге әрбір дәрісінде беріп отырған екен ғой… Дәріс кезінде әрқайсымызды мұнайгаз өндіру басқармасының бөлімдеріне бірбірден басшы етіп тағайындап, көмірсутекті өндірудің технологиясын жіліктеп түсіндіретін. Біз өзімізді кәдімгі өндіріс басындағы мамандай, тіпті ағай тағайындаған қызметтегі «бастық»  сезініп, қиялымызбен өндіріс алаңдарын, ондағы ұңғыларды аралап, кенорынды игеріп кететінбіз.

Айтқұлов А.О. Қазақ политехникалық институтын 1969 жылы бітірген. 1967 жылы институттың 30 жылдығына арналған конференцияда «Ұңғылардың өнімділік қабілеттілігін арттыру» баяндамасы үшінші орынды иеленеді, бұл үлкен ғылымның алғашқы баспалдағы болған екен. Ғылыми диссертация жазуды қолға алды және оны 1985 жылы Мәскеудің  ВНИИнефть институтында өте сәтті қорғап, техника ғылымдары кандидаттарының алғашқыларының қатарына қосылады.

2002 жылы докторлық диссертация қорғаумен шарықтайды. Осылайша Маңғыстаулық алғашқы техника ғылымдарының докторы  атанды. Биыл профессор А.О. Айтқұловтың 75 жылдығына арналған «Қиын өндірілетін көмірсутекті кенорындарды жаңаша игеру» тақырыбында халықаралық ғылыми техникалық конференцияның өткізілуі жоспарланып отыр. Біз ұстазды, ұлы ғалымды білсек Алпамыс ағамыз асқар тау әке, ардақты ата да бола білді.

Ағамыздың ұлдары Айтқұлов Ақжайық пен Ақеділ, қызы Ақтолқын ғылым кандидаттары, еліміздің белді азаматтары ағайымыздың ізін де ісін де жалғастырып келеді. Есенов университетінің 45 жылдығы қарсаңында ұлдарының қолдауымен бас ғимаратымызда профессор А.О.Айтқұлов атындағы дәріс аудиториясы жасақталып, білім алушыларға тарту етілді. Аудитория толық күрделі жөндеуден өтіп, жаңа жайлы үстелдерден бастап, білімалушылардың ғылыми ізденісіне, маман болып қалыптасуына қажетті барлық заманауи жабдықтармен қамтылған.

Төрде әрине кеудесі білім мен қара алтынды өндіру саласындағы марапатына толған Алпамыс ағамыздың күлімдеген жарқын бейнесі ілінген. Кең, биік, жарық аудиторияға кіргенде ұстаз-ғалымның аты мен ілімі мәңгілік екенін ұғасың, ұғасың да саналы да иманды ұрпағына да алғыс айтасың. «Бәйтерек бұтағымен, адам ұрпағымен жасайды» деген осы, ағайдың аруағы ұлдарына саламатты болғай. Ардақты Алпамыс аға ел есіндесіз, мәңгілік жүрігіміздесіз, дәріс аудиториясының төріндесіз, Сіз ардайым жанымыздасыз…!

Ақшырын ЖОЛБАСАРОВА,
Ш.
Есенов атындағы КТИУ доценті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий