Қазақстан оқулықтарын сараптау тәжірибесі халықаралық конференцияда баяндалды

Қырғыз Республикасы Білім және ғылым министрлігі Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы балаларға көмек көрсетудің халықаралық төтенше қорымен (ЮНИСЕФ) серіктестікте «Жаңа заман оқулықтары: тұжырым, тәжірибе, рефлексия» тақырыбында халықаралық конференция ұйымдастырды.

Онлайн-оффлайн форматта өткізілген тәжірибе алмасу алаңында Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Эстония елдерінің тәжірибелі сарапшылары, білікті мамандары мен авторлары бас қосып, оқулықтану ғылымына қатысты көкейтесті мәселелерді ортаға салды. Әр тарап оқу басылымдарына қойылатын талап, оның мазмұны мен құрылымы, сараптау мен мақұлдау жүйесінен ұлттық тәжірибені басшылыққа алып, мазмұнды баяндама жасады.

Аталған іс-шараға Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы директорының орынбасары Саят Омаров қатысып, еліміздің оқу басылымдарын әзірлеу, сараптау, мақұлдау және жеткізу турасындағы көп жылғы тәжірибесімен бөлісті. Айта кетейік, Қырғыз Республикасында бұған дейін оқу басылымдарын сараптайтын арнайы Орталық 2020 жылдың 9 желтоқсанында ашылған. Бұл маңызы жоғары жұмыста олар бірқатар елдердің тәжірибесін зерделеп, Қазақстанның ұлттық сараптама жүйесімен кеңінен танысуға, алдағы уақытта ынтымақты-әріптестікте жұмыс істеуге ниетті екендерін білдірді.

Конференцияда BMSO директорының орынбасары Саят Құсайынұлы «Қазақстандағы ұлттық мектеп оқулықтарын сараптау және мақұлдау процесін институтционализациялау: тәжірибе және даму трендтері» тақырыбында сөз сөйлеп,  өзекті әрі мазмұнды мысалдар келтірді. Спикер өз сөзінде оқу басылымдарын әзірлеуден бастап мақұлдауға дейінгі кезеңдеріне, сараптама жүйесінің өткені мен бүгініне тоқталды. «Қазақстанда 1996 жылы жалпы бiлiм беретiн мектептерi үшiн оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк кешендерiн дайындаудың және басып шығарудың мақсатты бағдарламасы қабылданған болатын.

2004 жылы мектептерге арналған оқулықтарды әзірлеу бәсекелі ортаға берілді. Бұл кезеңде оқулықтарды әзірлеумен 2 үлкен баспа ғана айналысты. Араға бір жыл салып оқу басылымдарын зерделеумен, бағалаумен тікелей айналысатын Республикалық ғылыми-практикалық «Оқулық» орталығы құрылды. Биыл мамыр айында Орталығымыз қайта құрылып, атауы «Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы» деп өзгертілді. Орталығымыз 16 жыл бойы оқу басылымдарына сараптама жүргізіп келеді. Бұл процестің нақты жүйесі мен мақұлдау тетігі бар.

Бүгінде оқулықтар 5 кезеңді сараптамадан өтеді: сынаққа дейінгі ғылыми-педагогикалық сараптама; жаңа оқу бағдарламасы бойынша әзірленген оқулықтарды пилоттық мектептерде сынақтан өткізу және қоғамдық-педагогикалық талқылау, сынақтан кейінгі ғылыми-педагогикалық сараптама және пәндік сарапталық комиссия қарауы. Бұл тәжірибе өзінің тиімділігін көрсетіп келеді. Осы арқылы нарықта жаңа баспалар пайда болды, бүгінде 20 баспа мектепке арналған оқулықтар мен ОӘК-ді тұрақты түрде ұсынады.

Басында атап өткенімдей осыдан 16 жыл бұрын 2 баспа ғана болса, бүгінде олардың саны 10 есе артты. Ал бәсекелі орта – сапалы өнім мен жаңашылдықтың көзі. Аталған жүйені жыл сайын арттыра түсу үшін кешенді шарала ұйымдастырылады, перспективалы жоспарымызда сараптама жүйесін толығымен электронды форматқа көшіруді жоспарлап отырмыз. Осы мақсаттағы  жұмыстарымыздың алды қолға алынды, – деп баяндамасын түйіндеді Саят Құсайынұлы.

Ұйымдастырушы тарап баяндамада атап өтілген Қазақстан тәжірибесіне асқан қызығушылық танытып, спикерді отандық тәжірибемізге қатысты сұрақтардың астына алды. Мұны пленарлы сессия модераторы, білім саласының сарапшысы Чинара Омиркулова да атап өтті. – Саят Құсайынұлы, өте мазмұнды баяндамаңызға,  жан-жақты әрі тұшымды мәліметтеріңізге, осы конференцияға қатысуға келіскеніңізге рақмет! Сізге қойылған сұрақ санынан-ақ презентацияңыздың бізге қаншалықты маңызды болғанын аңғаруға болады. Бұл Қазақстан тәжірибесімен кеңінен  танысуға мүмкіндік берді, – деді Чинара Омиркулова.

Қырғыз Республикасы тарапының отандық тәжірибемізге қызығушылық танытып, тәжірибе алмасуға мүдделі екендерін хабарлауы қуантады. Бұл жайында Республикалық ғылыми-практикалық «Окуу китеби» орталығының директоры Чинара Курбанова атап өтті. Ол өз сөзінде екі ел тәжірибесіндегі ұқсастықтарды, сондай-ақ Саят Омаров баяндаған еліміздегі апробация процесі тәжірибесіне қызығушылық танытып, осы баяндама негізінде өздерінің сынақтан өткізу жүйесін қайта қарастыратындарына тоқталды.   

Інжу БАЛТАБЕКҚЫЗЫ,
РҒП Білім мазмұнын сараптау орталығы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий