Жас қазақстандықтарға Елбасы медальдары табыс етілді
Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында «Елбасы медалінің» күміс және қола деңгейлерінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жоғары марапатқа төрт жүзден астам қатысушы ие болды. Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған, – деп хабарлайды “Елбасы академиясының” баспасөз қызметі.
Осы орайдағы іс-шарада Нұр-Сұлтан қаласындағы 189 қатысушы Елбасы медальдарымен марапатталды, оның ішінде 180 қола және 9 күміс медаль. Ал Шымкент қаласында 214 қатысушы қола медальға ие болды. Марапаттау рәсіміне Елбасы медалінің иегерлері, еліміздің белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар мен белсенді жастар қатысты.
«Елбасы медалі» – жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. Қатысушылар «Алтын», «Күміс» немесе «Қола» деңгейді таңдап, жеті бағыт бойынша дағдыларын дамытады: спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, туристік жорықтар, еңбек тәжірибесі. Әрбір кезеңнен өткен сайын қатысушылардың өздеріне деген сенімділігі артып, таланттары еселене түседі. Ал финалистер «Елбасы медалі» ерекшелік белгісін иеленеді. Бағдарламаға 14-29 жас аралығындағы жас қазақстандықтар қатысады.
Іс-шара ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл өскелең ұрпақ үшін өте тиімді жоба. Себебі, олардың алдарына қойған мақсаттарына жету үшін үлкен ынталандыру болып табылады. Қазіргі уақытта «Елбасы медалі» бағдарламасына 20 000-нан астам адам қатысады. Оның 83%-ы мектеп оқушылары, 11%-ы студенттер, 6%-ы жұмыс істейтін жастар, 24%-ы ауылдық жерлерден келген қатысушылар. 2019 жылдан бастап жалпы алғанда медальдарды 6186 қазақстандық алды,
Мемлекеттік білім беру гранттары «Елбасы медалінің» 605 иегеріне берілді, олардың 30% – дан астамы ауыл мектептерінің түлектері. Елбасының қола медалінің иегерлерінің бірі – Нұр-Сұлтан қаласының № 91 гимназиясының 9 сынып оқушысы Диана Мырзағалиева. «Жобаға қатысу арқылы менің өмірім 180 градусқа өзгерді. Мен басында өте ұялшақ, ұяңдау едім, дертіме байланысты бойымда сенімсіздік болды (сөйлеу дамуының кешігуі). Қазір денім сау, бірақ ел алдына шығуға әлі де үрейленемін.
Жоба менің ерік – жігерімді қалыптастырды, жан-жақты дами бастадым, көптеген кітаптар оқып, жаңа деңгейге көтерілдім. Экология мәселелеріне арналған «Ақсу-Жабағылы сиқырлы әлемі» ертегісін жаздым, мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау жөніндегі іс-шаралардың үйлестірушісімін. Сондай-ақ, халықаралық байқауға қатысып, бірден екі номинация: Қоршаған ортаны сақтауға қосқан үлесі үшін «Жыл волонтері» және мүгедек адамдарға көмек көрсеткенім үшін «Волонтерлікті дамытуға қосқан көрнекті үлесі» номинациясы бойынша жеңіске жеткен жалғыз оқушы болдым», – деп бөлісті Диана Мырзағалиева.
Загрузка...Еске салайық, 2021 жылғы 15 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында «Елбасы медалі» бағдарламасына қатысушыларды марапаттау жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Комиссия бағдарламаны іске асыру нәтижелерін қарап, бағдарламаны табысты аяқтаған 2259 адамды марапаттауға ұсынды. Олардың ішінде 2216 қола, 40 күміс және 3 алтын иеленген қатысушы бар. Сондай-ақ, 344 қатысушы бағдарламаны аяқтап, сертификат алады.