Қос мереке: Тарихы сырлы, ертеңі нұрлы

Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі отыз жыл. Осы уақыт аралығында азат жұртымыз халықаралық қауымдастыққа етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы мемлекет ретінде танылды. Бұл байырға бабаларымыз талай ғасыр аңсаған асқақ арман болатын. Ұлт тізгін ұстар жастарға білім мен тәрбие беруде ерекше қолтаңба қалыптастырған біздің арнаулы оқу орнының терең тарихына қоса бағыты мен бағдары бар.

Талайлардың бағын ашып, болашақтарының баспалдағын салып берген тағылымы мол білім шаңырағының құрылғанына биыл 75 жыл толып отыр. Геодезия және картография саласының білікті мамандарын дайындайтын қара шаңырақ 75 жыл ішінде терең де тағылымды тарихи жолдан өтіп, биік белестерді бағындырды. Бүгінде колледж материалдық-техникалық базасы нығайған, педагогикалық кадрлар әлеуеті жоғары, іргелі де бірегей оқу орнына айналды.

Колледж мерейтойы – бұл оқытушылар, қызметкерлер ұжымы, студенттер мен түлектер үшін ғана емес, аймақ жұртшылығы үшін де айтулы мереке. 2021 жылдың 10 желтоқсанында қасиетті білім ордамыздың 75 жылдық мерейтойы атап өтілді.  Осы бір айтулы қуанышты бізбен бірге бөліскендер қатарында аса қадірменді ардагерлер оқытушыларымыз, әлеуметтік әріптестеріміз, колледж түлектері және өзге де меймандар болды.

Жүздесудің бірінші бөлімі меймандарды құрметпен қарсы алумен басталып, колледжішілік экскурсиямен жалғасты. Аға буын ардагер оқытушылар мен түлектер сағыныса қауышып, өткен жылдардың естеліктерін ортаға салды. Студенттерге колледж түлектерімен кездесулер ұйымдастырылып, көрермендеріміз дөңгелек үстел мен пікір алмасуларға қатысты.

Мерейтойдың салтанатты бөлімі Семей қаласының Абай атындағы музыкалық-драма театрында ұйымдастырылып, арнайы шақырылған құрметті қонақтарымыз қала әкімінің орынбасары Садырбаев Айдар Серікқазыұлы, облыстық білім басқармасындағы техникалық және кәсіптік білім беру бөлім басшысы Искакова Гульмира Мамырбековналар ізгі лебіздерін білдірген соң колледж оқытушыларын Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапаттады.

Колледж директоры Тулеуов Қаныш Мақсұтұлы барша жиналғандарды мерейтоймен шын жүректен құттықтап, ардагер ұстаздар мен әлеуметтік серіктестерге, еңбегі зор ұжым қызметкерлеріне 75 жылдықтың мерейлі медалы мен басқа да марапаттарға қоса, естелік сыйлықтарды табыстады. Мерейтоймен құттықтау үшін директорлар кеңесінің атынан сөз Рымбек Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжінің директоры Арғынғазин Думанғазы Семейғазыұлына берілді.

Әлеуметтік әріптестер ретінде сөзін алған «GEO ID» ЖШС атқарушы директоры Кемербаева Анель Нұрғановна және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Геодезия және картография» кафедрасының меңгерушісі, техникалық ғылымдар кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасының құрметті геодезисті Аукажиева Жанар Муратовна жергілікті халықтың қуанышына ортақтасып, бәсекеге қабілетті маман тәрбиелеудегі іргелі іске жемісті жетістіктер тілеген соң колледж оқытушыларын медальмен марапаттады.

Ұйымшыл ұжымымызда аянбастан еңбек етіп, бар саналы ғұмырын ізгі, шығармашыл мамандық – оқытушы болуға арнаған жандар, ардагер оқытушыларымыздың атынан Федорук Ермек Кальбековна ізгі тілегін жеткізіп, ұстаздарға жан-жақты қолдау көрсеткен атқарушы биліктің басшыларына алғысын білдірді. Күні кеше студенттік шақтың дәмін татып, оқу мен білімнің шамын жаққан жас шәкірттер, бүгінде сол білімнің нәтижесін көріп, колледжіміздің әрі талантты түлектері, әрі әлеуметтік серіктестері болып отыр.

Колледж ұжымының барлық бастамасына қаржылық көмегін аямайтын жанашыр түлектердің атынан Чакаров Курмангали Болатович, Аникин Сергей Владимирович баршаны тәуелсіздіктің тойымен қатар келген мерейлі мерекемен құттықтап, студенттік кезеңдеріндегі қызықтарымен бөлісті. Ұмытылмас шараның ұтымды ұйымдастырылуына үлес қосқан колледж ұжымына, студенттеріне, әлеуметтік серіктестерге, түлектерімізге, әлеуметтік серіктестерімізге айтар алғысымыз шексіз әрине.   

Өскелең ұрпақ – адамзаттың болашағы, жалғасы.  Бұл мәселеге ата-бабаларымыз да ерекше көңіл бөлген. Ұжымымыздың да мақсаты осы оймен ұштасып жатыр. Ендеше, осы жолдан айнымауымыз қажет. Мәртебелі мерейіміз биіктеп, талантты да білімді шәкірттеріміз көп болсын. Әріптестерді жетпіс жылдық мерейтоймен құттықтап, ізгі ізденістерімізге сәттілік тілеймін!

Арайлым ИСАБЕКОВА,
Геодезия және картография жоғары
колледжінің педагог-ұйымдастырушысы,
Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий