Көштің дұрыс бағыты – көшбасшыдан

Көш ұғымы қазақ үшін қадірлі, қасиетті. Көшінің көркіне, салтанатына баса мән бере білген. Ескі ғұмырдың еншісіне кеткен заманалар көшінің бізге жеткізген ұлы мұрасы ұшан-теңіз. Әр дәуірдің өз көшбасшысы, данасы болды. Солардан қалған ұлы мектептің төл шәкірттері – бүгінгі біздерміз. Қай заманда да, қай уақытта да көштің дұрыс бағыты – көшбасшыдан.

Көшбасшының артында қаншама адамның үміті, сенімі, тағдыры тұр. Мектеп көшбасшылығы оқытуға байланысты кәсіби дамудың тиімді тәсілі болып табылады. Мектептің тиімді көшбасшылығы мектеп пен ұжымда, сыныпта өзгеріс енгізуге оң ықпал етеді. Өз ықпалын күшейту үшін мектеп көшбасшысы оқыту мен оқу үдерісінде төмендегі тәсілдер: мұғалім жұмысының тиімділігін бақылау (білім беруді ұйымдастыру, іс-әрекеттерді жүйелі зерттеу және бағалау); тәлімгерлік пен коучинг үдерісін өзі өткізу және өзгенің де өткізуіне жағдай жасау; мұғалімдердің кәсіби дамуын жоспарлау; ұжымдық жұмыс пен бірлескен оқуды көтермелеу арқылы белсенді рөл атқаруы қажет.

Қазіргі уақытта Қазақстанның білім беру жүйесіндегі жүргізіліп жатқан білім мазмұнын жаңартуға негізделген реформа оқушылардың сындарлы ойлауына, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдауына бағытталған. Әлемдік тәжірибеде тиімділігі дәлелденген бұл жүйе қазіргі таңда Қазақстандық мектептер үшін өзекті болып отыр. Бүгінгі күнгі мектеп «зерттеуші мектеп» болуы тиіс.

Осы мақсатта көшбасшы оқушылардың білім алу мәселелері бойынша пікірлерін тыңдау, жеке қажеттіліктерін білу, шешу арқылы оқуды алға жылжытады. Мектептің өзін-өзі бағалау үдерісіне көмек көрсетеді. Яғни, мұғалімдер бір-бірімен тығыз байланыста, зерттеулермен айналысқанда ғана мектептегі оқыту тәжірибесі мен оқушылардың оқу үлгерімі  жақсарады.

Ұрпақтардың үмітін үкілеген Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №78 мектеп-гимназиясы № 9, 69, 71, 78, 80 мектептердің басын қосқан кәсіби қоғамдастығы аясында «жетекші мектеп» жұмысын  ұйымдастыруда. Оның сыртында  № 71, 78, 81 мектептердің «Жігер» кәсіби қоғамдастығын басқарып келеді.  «Жетекші мектеп» ұйымдасқан қоғамдастық аясындағы мамандардың бір орында қалып қоймай, кәсіби дамуына  ықпал ететін қызметті жүзеге асыратын білім ордасы.

Мұндай маңызды міндет «жетекші мектепке» үлкен жауапкершілікті жүктейді. «Жетекші мектеп» серіктес мектептерге қолдау көрсетуі керек, сондықтан ол білім саласындағы жаңалықтар мен өзгерістерге ашық болып, сол бағытта белсенді шараларды жоспарлап, үнемі кәсіби дамуына аса назар аударып отырады. Бірінші және екінші деңгейлік курсты меңгерген көшбасшылар мен мектеп әкімшілігі жаңа тәсілдерді енгізуге бағытталған даму бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізіп келеміз.

Мектеп шеңберінде даму бағдарламасын, іске асыру, оқыту мен оқу тәжірибесіне жаңа тәсілдерді енгізуге бағытталған коучингтер ұйымдастыру, бір немесе екі әріптесіне тәлімгер болу – бірінші деңгей бағдарламасын меңгерген мұғалімнің түйінді функциясы. Бірінші деңгей бағдарламасын игерген мұғалімнің басшылығымен коуч – мұғалімдер оқыту мен оқу тәжірибесіне жаңа тәсілдерді енгізуге бағытталған даму бағдарламасын іске асырады.

Коуч – мұғалімдердің басшылығымен өзге мұғалімдер де өздерінің оқытушылық тәжірибесінде оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдерді енгізеді. Осы идея бойынша мектепте көшбасшылар өз міндеттерін атқаруда аса жауапкершілік танытады. Тиімді көшбасшылық мектеп жүйесін жетілдірудің басты элементі болып табылады. Оқуға бағытталған көшбасшылық оқушылардың оқу үлгерімінің жақсаруына және ұжымда ынтымақтастық орта қалыптастырып, оқытушылардың тәжірибесін  жақсартуға бағытталған.

Біз қазақтың болашағы үшін кез-келген баланы көшбасшылыққа, ұлылық пен ізгілікке мейірім мен шапағатқа, ақыл мен парасатқа баулуымыз керек. Көз алдымыздағы жас жеткіншектің буыны берік, бойы сергек, арман-мақсаты тайға таңба басқандай анық болса, тәуелсіздігіміз қашан да тұғырлы болып, мәңгілік ұлы мұратымыз орындалмақ.

Жанар ЖҰМАБЕКОВА,
Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №78
мектеп-гимназиясының директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий