Қоғамдық трансформацияның жетекші күші

Қазіргі таңда ұстаздың рөлін тек өз пәніне жауапты тұлға ғана емес, өзара коллаборация, әрі қолдау көрсету арқылы бірлесе әрекет етуші біртұтас экожүйе ретінде түсіну қалыптасып келеді. Осы орайда, ЮНЕСКО-ның «Білім берудің болашағы» баяндамасында мұғалімдердің жаңа қоғамдық келісімді құрудағы маңызды рөлі атап көрсетілді.

Қоғамдық трансформацияның жетекші күші болу үшін, ұстаз – тарихи-танымдық, педагогикалық-психологиялық, саяси-экономикалық, ақпараттық тұрғыдан ғана сауатты емес, сондай-ақ жайлы, әрі жағымды орта қалыптастырып, әрбір баланың бойындағы әлеуетті аша алатын тұлға болуы қажет. Бұл, өз кезегінде, ұстаздың өз бойындағы дарыны мен қабілетін ашуды талап етеді.

Мектебімізде әрбір ұстаздың әлеуетін толыққанды ашу миссия ретінде қабылданған. Осы орайда, мектебімізде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен атсалысатын, оқу мен тәрбие ісін ұтымды ұштастыра білетін, оқытудың жаңа технологиясын шебер меңгерген, білігі, білімі жоғары ұстаздардың қатары артып келеді. Яғни, мұғалімге шығармашылық дербестік беру арқылы мектептегі инновациялық бағдарды дамытудамыз.

Инновациялық қызмет оқу процесін одан әрі жетілдіруге, пәндердің мәнін тереңдетуге, мұғалімнің кәсіптік шеберлігін арттыруға, жаңа технологияларды пайдалануға, шығармашылық жұмыстар жүргізуге бағытталған. Өзіне артылған сенім мен қолдауды сезінген әрбір ұстаз балаға бағытталған шынайы білім беру ортасын қалыптастыра алады. Ондай білім беру ортасында терең білім де беріледі, оқу мен тәрбие де өзара ұштасады, өмірлік дағдылар да қалыптасады, сонымен қатар оқуға құштарлық, құндылықтық бағдар, мамандық таңдау, тәртіп пен тәрбие мәселелері де өздігінен шешіледі.

Инновациялық жұмысты ұйымдастырудың бір формасы топтық жұмысты ұйымдастыру арқылы мұғалім оқушыларды өздігінен білім алуға бағыттап, сыни тұрғыдан ойлау дағдысын дамытады. Жобалық жұмыстарды орындау арқылы оқушы сабақта алған білімін теория түрінде емес, кез-келген ортада қолдануды үйренеді. Жаһандану жағдайында жан-жақты, мәдениетті тұлғаны тәрбиелеу мәселесі өзекті. Мектебімізде өзінің ана тілінде және мемлекеттік тілде еркін ұғынысуға қабілетті азаматтарды даярлау жағына көп көңіл бөлінумен қатар, оқушылардың үш, төрт, одан да көп тілді шебер меңгеру мүмкіндігі бар.

«Жас Ұлан» жасөспірімдер ұйымының мақсаты оқушыларды өзін-өзі басқаруға үйрету болса, ұлан басшысы мектеп оқушыларының сайлауымен тағайындалған. Өзін-өзі басқару жұмысына «Мектеп оқушылар көзімен» сауалнамасы арқылы баға беріледі. 2016 жылдан «Мәңгілік ел» балалар дипломатиялық орталығы, «Кіші  Ассамблея» ақпараттық ресурстық орталығы, «ҚР аккредиттелген елшіліктерімен серіктестікте жұмыс» лингвистикалық орталығы жұмыс жасауда.

Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Әлеуметтік ғылымдар факультетімен серіктестік аясында оқушылар шағын жобаларды жүзеге асырып, мектеп, университет зертханаларында эксперименттер жүргізеді. Аталмыш серіктестік ұстаздар мен оқушылардың көпмәдениеттік санасын кеңейтуге, лексикалық, грамматикалық қорын байытуға, қарым-қатынастың коммуникативтік дағдыларын жетілдіруге, сондай-ақ жаһандық мәселелерді терең түсініп, оларды шешу жолдарын айқындауға мүмкіндік береді.

2018-2019 оқу жылынан жүргізілетін «Жас сарбаз» инновациялық жобасы жасөспірімдерді патриоттық, интернационалдық, экстремистік идеологияларға қарсы әрекеттерге тәрбиелеу, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, рухын көтеру мақсатында жұмыс жасауда. Сондай-ақ, оқушының жас ерекшелігі ескеріле отырып, пәндік материалды ғылыми негізде меңгерту мақсатында 2021-2022 оқу жылынан бастап эксперимент ретінде енгізілген «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының да мектептің білім беру қызметіндегі рөлі ерекше.

Осы технология бойынша өздерінің біліктіліктерін арттырған бастауыш сынып және қазақ тілі пәнінің мұғалімдері сатылай кешенді талдау арқылы пәннің теориялық материалын тілдік қатынас теориясы – жазылым, айтылым, тыңдалым, сөйлесім негізінде оқушылармен практикалық тұрғыдан талдап, тұжырым жасап, оны өмірде қолдана білуге машықтандыруда. Нәтижесінде, ойын еркін жеткізе алатын, өз ана тілінде анық сөйлей алатын, қазақтың тарихы мен мәдениетін меңгерген жан-жақты білімді ұлттық тұлға қалыптасатындығы анық.

Гүлмира ЖАРМЕНОВА,
Сәкен Сейфуллин атындағы №80
мектеп-гимназиясының директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий