Тәуелсіздік ұрпағы: “Елбасы медалі” талантты жастарды қолдайды
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 249 қаулысы негізінде бекітілген «Он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар мен жастарды патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен наградтау қағидаларын» орындау мақсатында еліміздің ең ауқымды челленджі болып саналатын «Елбасы медалі» бағдарламасы іске қосылған болатын.

«Он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейінгі «Елбасы медалі» – жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. “Болашақ – білімді жастардың қолында” – деп Елбасымыз атап айтқандай, 29 жасқа дейінгі жастарды рухани қолдау мақсатында ұйымдастырылған жоба. Бағдарламаға 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. «Елбасы медалі» бағдарламасын «El Umiti» бастамасы аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры және «Елбасы академиясы» корпоративтік қоры жүзеге асыруда.
Жобаны ұйымдастырудағы серіктестердің бірі «Алматы дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығы мен «Қазақстан жастарының конгресі» ЗТБ болып табылады. Әрбір қатысушы қазақстандық мақсаты биік, талпынысы зор бәсекеге қабілетті, өзіне сенімді тұлға болып қалыптасып қана қоймай, өз уақытын бүгіннен бастап тиімді пайдалануға, қабілеттерін жетілдіру арқылы инвестиция жасай алады.
Аталмыш бағдарлама қола, күміс және алтын деңгейі бойынша жүзеге асады. Қатысушы барлық деңгейлерден өте алады немесе жасына сәйкес бірден жоғары деңгейге тіркеле алады. Әрбір жобаға қатысушы 7 бағыт бойынша дамиды. Олар: спорт және дене шынықтыру. Бұл бағыт салауатты өмір салтын қалыптастыруға, физикалық денсаулықты нығайтуға, ерік-жігерді ұштауға бағытталған. Дарын мен дағды.
Бұл бағыт аясында қатысушылар өзінің сүйікті ісін табуға, жаңа қабілеттерді меңгеруге және өзіне деген сенімділікті арттыруға ықпал етеді. Еріктілік бағыты жастардың бойында жауапкершілік сезімін, қоғамға деген көзқарасын қалыптастырып, мұқтаж жандарға көмек беруді үйретеді. Туристік саяхаттар бағыты, ең алдымен, туған жердің тарихы мен табиғатын тануға, сонымен қатар, шынайы жағдайда өзін-өзі сынауға, саяхаттауды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Кітап оқу – жеке тұлғалық ерекшеліктер мен сыни көзқарас, эмоционалды интеллектті дамытатын бірден-бір маңызды бағыт. Ұлттық мұра еліміздің тарихын, ділін, дінін, мәдениеті мен өркениетін зерттеуге, танып білуге, білімін жетілдіруге бағытталған. Еңбек тәжірибесі тек алтын деңгейіне қатысушы жастарға арналған. Бұл бағыт алғашқы еңбек дағдыларын қалыптастырып, тәжірибе алуға мүмкіндік беретін жаңа бағыт.
Алматы қаласында «Елбасы медалі» 2019 жылдың мамыр айында бастау алды. Алматы қаласынан 2464 қатысушы тіркеуден өтіп, оның 1064-ы жеті бағыт бойынша өз жоспарына сәйкес тапсырмалар орындап, өз бақтарын сынады. «Елбасы медалі» – қоғамдағы талантты жастарға көмек көрсетуге, әлеуметтік жобаларды қолдау арқылы қоғамның шексіз әлеуетін дамытуға құрылған жоба. Осы орайда қатысушылар мен жеңімпаздар да өз ойларымен бөліскенді жөн көрді.
Күміс медаль иегері Ұзақов Алмат Ерболұлы: «Елбасы медалі – дамудың басты жолы. Елбасының бастауымен жүзеге асқан бұл жобаның елге тиіп жатқан пайдасы ұласан зор.Осы жоба жастарымызды жақсы істерге баулып,өз уақыттарын тиімді әрі пайдалы істерге жұмсауды үйретуде. Маған қатты ұнаған бағыт – Ұлттық мұра бағыты. Бұл бағыттың ұнайтын себебі қатысушыларды ұлттық құндылыққа тәрбиелейді. Барлық жастарды осы жобаға қатысуға шақырамын. “Елбасы медалі” жобасы жаңа мүмкіндіктердің бастамасы екеніне сенімдімін».
Қола медаль иегері: Галки Ақерке Таңатқызы: «Мен, №57 жалпы білім беретін мектептің 11 “Ә” сынып оқушысы. Бұл жобаны алғаш анамнан естідім. Анаммен бірге жобаны оқып, ақылдаса отырып өтінім бердік. Жас ерекшелігіне байланысты қола деңгейді таңдадым. Уақыттың маңыздылығын оны үнемдеуді, жоспар құруды үйрендім. Жоба маған оң әсерін берді. Талмай еңбек етіп, қанша қиын болса да, өз-өзімді жігерлендіріп, анамның, бауырларымның қолдауының арқасында менің өмірімдегі ерекше әйгілі жеңістің бірі осы қола медаль иегері атану болды. Бұл менің ғана емес, отбасымның да жемісі».
Қола медаль иегері: Асылбекқызы Меруерт: «Мен, Асылбекқызы Меруерт, “Сүлейман Демирель атындағы мектеп-интернат-колледжінің” 3-курс студенті “Елбасы Медалі” жобасының қола медаль иегерімін. Осы жоба жайлы алғаш өз кураторымнан естідім. “Елбасы Медалі” жобасы мен үшін жаңа мүмкіндіктер мен рухани дамуға жол ашты. Жоба аясында мен жан-жақты дамып қана қоймай, отбасылық және рухани құндылықтарға негізделе отырып өз санамды аштым.
Өзімнің көшбасшылық, жауапкершілік қасиеттерімді арттырып, ерік-жігерлі және ұшқыр ойлы болға ұмтыламын. “Елбасы Медалі” бағдарламасы рух пен денені шыңдауға, жаңа қабілеттерді іздеуге шабыттандырды және әлі де шабыттандыруда. Медаль иегерлеріне көптеген мүмкіндіктер ашылады және олар өздерін жан-жақты сынап, дамыта алады. Қазақстанда жастардың дамуына үлес қосатын осындай жобалардың көбейіп келе жатқанына өте қуаныштымын.
Қола медаль иегері Даулеткулова Динара Ержанқызы: «Мен, Даулеткулова Динара Ержанқызы, Алматы қаласы, Алмалы ауданы 147 гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімімін. Бұл жобаға оқушыларды да, әріптестерімді де қатысуға шақырамын. Көптеген мүмкіндіктер мен жаңа ізденіске жол ашады. «Елбасы медалі» жобасы – өскелең ұрпақты бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптастыруды мақсат еткен келешегі жарқын жоба.
Бүгінгі таңда Алматы қаласы жастары 1 күміс және 474 қола медальға ие болып, 51 медаль иегері жоғарғы оқу орындарының мемлекеттік гранттарын жеңіп алды. Жоба қатысушыларына сәттілік тілеп, Қазақстан жастарын өз келешегін сәтті қалыптастыруға пайдасы мол «Елбасы медалі» жобасына қатысуға шақырамыз.
Жанат АЙТПАЕВА,
«Алматы дарыны» дарынды балалар
мен талантты жастарды анықтау және
қолдау жөніндегі орталығының директоры,
Алматы қаласы