Мемлекет басшысының сөйлеген сөздері болашаққа үлкен үміт пен сенім ұялатады!

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ҚР Мәжілісінің отырысында Премьер-Министр лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын ұсынды. Мәжіліс депутаттары бірауыздан дауыс беріп, осы кандидатураны қолдады.

Жаңадан сайланған үкімет басшысы Әлихан Асханұлы қазақстандықтардың барлық заңды талаптары тыңдалып, міндетті түрде орындалатынын, ал үкіметтің жұмысы “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы аясында күшейтілетінін атап өтті.

Мәжіліс отырысының барысында Президент қазақстандықтарды еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарымен таныстырды. Бүкіл Қазақстан үшін осы күрделі кезеңде Үкіметтің алдында құқық қорғау, білім беру, ауыл шаруашылығы, құрылыс, салық, кеден салаларын, оның ішінде мемлекеттік сатып алуды ауқымды реформалау арқылы экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша үлкен міндеттер тұр. Сондай-ақ ұлттық компаниялар қызметінің тиімділігін тексереді.

Әлеуметтік теңсіздік пен жұмыссыздыққа қарсы күресте “Әлеуметтік кодекс” қабылданатын болады. Үкімет мүшелерінің, депутаттар мен әкімдердің жалақысын көтеруге 5 жылға мораторий жарияланды. Ал мемлекеттік және бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы кезең-кезеңімен өсетін болады. Жаңа кодекс және Ел Президенті жария еткен барлық міндеттер осы жылдан бастап іске асырыла бастайды.

Ел Президенті жастардың білім сапасын, біліктілігін, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлкен мән береді. Ол білімге деген көзқарасты өзгертуге шақырды, қазір гуманитарлық мамандықтарға деген белсенді қызығушылықтың маңызды емес екенін атап өтіп, техникалық мамандықтарға басымдық беру керектігін айтты. Жалпы, Президент өз сөзінде Қазақстанда автомобиль саласы мен машина жасауды дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Қостанай облысы мен А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ осы бағытта ұзақ уақыт бойы сенімді жұмыс істеп келеді. Татарстан Республикасымен Машина жасауды дамыту жөніндегі үкіметаралық келісім аясында Қостанайдың индустриялық аймағында 2 зауыт салынуда, сондай-ақ А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ инженерлік кадрларды мақсатты даярлау үшін базалық университет ретінде айқындалды.

Міндет – өнеркәсіпші-инженерлердің жаңа буынын өсіру. Осы мақсатта А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ мен Қазан федералдық университетінің Набережночелнинск институты (ҚФУ) арасында машина жасау саласы кадрларын мақсатты даярлау үшін ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды, екі дипломды білім беру бағдарламасы іске асырылуда. Ал кәсіби дағдыларды қалыптастыру үшін біздің студенттер “КамАЗ” КАҚ ірі холдингінің жоғары технологиялық өндірісінде өндірістік практикадан өтеді.

Екі жоғары оқу орны мен өнеркәсіптің коллаборациясы машина жасау саласының дамуын ғана қамтамасыз етіп қоймай, инновациялық жаңалықтарға, ғылымды қажетсінетін өндіріске түрткі болады, ең бастысы, жоғары білім беруді жаңғыртуды қамтамасыз етеді. Жаңа экономиканы құру шеңберінде жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру қажет. Жақында Қазақстанда шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары ашыла бастады.

Жақын арада Ресейдің озық техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жоспарлануда. 2025 жылға қарай біздің елімізде беделді шетелдік университеттердің кемінде 5 филиалын, оның ішінде еліміздің батысында техникалық бейінді жоғары оқу орындарының 2 филиалын ашу жоспарлануда. Халық тығыз орналасқан аудандардағы балалар үшін нысаналы гранттар ұлғайтылатын болады. Дарынды және талантты балалардың қабілеттерін дамыту үшін қолдау көрсетілетін болады.

2022 жыл Балалар жылы деп жарияланды, осыған байланысты балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Олардың әл – ауқаты, үйлесімді дамуы – жалпыұлттық міндет, мемлекеттің табысты болашағының сенімді кепілі. Бейбіт митинг барысында айтылған азаматтардың барлық талаптары толық көрініс тауып, оларды жүзеге асыру жолдары Қасым-Жомарт Кемелұлының кешегі сөйлеген сөзінде көрсетілді.

Мемлекет басшысының сөйлеген сөздері болашаққа үлкен үміт пен сенім ұялатады! Осындай қиын-қыстау кезеңде жағдайды тұрақтандыру, әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Президентті қолдап, оның айналасына топтасу маңызды. Мемлекет басшысына күш-қуат пен денсаулық, бейбіт аспан тілеймін және Отанымыз гүлдене берсін!

Алма ДОЩАНОВА,
А. Байтұрсынов атындағы ҚӨУ Басқарма
төрайымы – ректор, Қостанай облыстық
мәслихатының депутаты, “Nur Otan” партиясы
депутаттық фракциясының жетекшісі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий