Тәуелсіздікті тұғырлы ету өз қолымызда
Бейбіт күннің әр сәті баға жетпес байлық. Ел елеңдеген, көңілге кірбің түсірген кешегі жағдай тыныштықтан асқан бақыт жоқ екенін тағы бір ұғындыра түсті. Өз талабымызды айтып, бейбіт шеруге шығамыз деген халықтың бастамасы берекетсіздікке, лаңкестік әрекетке ұласып, қаланың көркі қашып, ең қиыны азаматтар қыршыннан қиылды. Тұтқиылда болған бұл жағдайдан ел абдырап, жылдар бойы алаңсыз, жайлы өмірге үйренген жұрт қалыпты тіршілігінен жаңылды.
Осындай күрделі сәтте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көпшілікті сабырға шақырып, нақты шешімдер қабылдауы елдің ертеңге деген сенімін нығайтты. Отандық телеарналар арқылы Ел Президентінің жолдаған Үндеуі елордадан бастап, шалғайдағы ауыл жұртына дейін жетіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жағдайды тұрақтандыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанынан ел тегіс хабардар болып отырды.
Бұл шаралар көпшіліктің күрделі жағдайды тез бағамдап, қоғамдық тәртіпті, қауіпсіздікті қатаң сақтауына үлкен ықпал етті. Өйткені, ахуал тым күрделі еді. Ел аумағында террористік қауіптің «шекті қызыл» деңгейі енгізіліп, антитеррорлық операциялар басталды. Халық пен билік арасын ушықтырып, тұрақтылықты бұзғысы келгендерді анықтау, тұрғындарға төнген қауіпті сейілту басты мақсатқа айналды.
Облыста орын алған жағдай кезінде оң-солын танып үлгермеген жастардың теріс ниеттегі адамдардың сөзіне сеніп, бұзақылық жасамауы, өмірі мен денсаулықтарына қауіп төнбеуі үшін бақылауды күшейттік. Ең бастысы, тәртіпсіздікке барған адамдар арасында біздің оқу орнында оқитын білім алушылар болған жоқ. Жатақханада тұратын студенттердің қысқы демалыста түгелдей ауыл-аймақтарына баруы үшін жағдай жасалды.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес, студенттердің қысқы демалысы 24 қаңтарға дейін созылды. Алдағы уақытта академиялық күнтізбеге сәйкес екінші семестр жалғасатын болады. Төтенше жағдайға байланысты профессор-оқытушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін жұмыс режиміне өзгеріс енгізіліп, барынша қолайлы жағдай жасалуда. Елдегі әрбір адамды алаңдатқан бұл ахуал кезінде Мемлекет басшысының «біз жұмыла отырып, Қазақстан осы сын сағатты бірге еңсереміз» деп әрбір қазақстандыққа жігер беруі алдағы атқарылар жұмыстарға серпін берді.
Мемлекет басшысы Мәжіліс отырысында еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру керегін айтты. Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет, – деп алдағы міндеттерді айқындап берді.
Егемендіктің әрбір таңын қуанышпен қарсы алып, тәуелсіздікті бағалау әрі тұғырлы етуге күш салу – баршамыздың міндетіміз. Тарихқа шолу жасасақ, қай кезде де дана халқымыз бірлікті бәрінен биік қойып, жанжал мен қақтығысты болдырмауға күш салғаны, мәселені байыппен, саралап шешкені белгілі. Экономикалық жағдайларға байланысты түрлі жағдайлар орын алғанымен, қандай мәселенің де шешімі бар. Өзара алауыздықты көздеген сыртқы күштердің қандай болатынын өткен аптадағы ахуал айқын аңғартты. Қандай жағдай болмасын бізге ортақ Отанымыздың тыныштығы қымбат.
Еліміздегі кез келген тұрғын өзінің күш-қауаты, білімі мен қабілеті арқылы сала жұмыстарын жандандырып, елдікті нығайта алатынына, біріміз бәріміз үшін деп жұмылғанда ғана азаттық рухы әрқашан асқақ болатынына сенімдімін.
Бейбіткүл КӘРІМОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің Басқарма Төрағасы
– Ректоры, қалалық мәслихат депутаты