Жаңашыл жоба қоғамға қызмет етуге бағытталған

2021 жылдың қыркүйегінен бастап №81 «Astana English school» мамандандырылған гимназиясы «IB MYP» бағдарламасы бойынша білім беруге рұқсат етілген мектеп ретінде жұмыс жасауда. Педагогтердің пікірінше «IB MYP» бағдарламасы оқыту мен оқуға деген көзқарасты өзгертіп, стандарттан тыс және пәнаралық оқу бағдарламасымен жұмысты жоғары деңгейде жасауға, оқушылардың қызығушылығын тудыратын, үміттері мен ұмтылыстарына назар аударатын курстарды оқытуға мүмкіндік береді.

Біздің мектепте жобалық жұмыстар оқу процесінің ажырамас бөлігі ретінде жұмыс барысында жақсы нәтиже көрсетуде. Биылғы оқу жылында алғаш рет MYP бағдарламасы бойынша жеке жобаларды қорғау жоспарлануда. Жеке жобаны жүзеге асыру орта білім беру бағдарламасын сәтті аяқтаудың маңызды шарты болып табылады. Оны аяқтау арқылы оқушылар маңызды өнім жасау қабілетін ғана емес, зерттеушілік, өзін-өзі басқаруды, ынтымақтастықты, сыни ойлау және талдау дағдыларын меңгереді. Нақты мақсаттарға жету мен академиялық адалдықтың принциптерін сақтауды үйренеді.

Жеке жоба MYP бағдарламасының міндетті компоненті болып табылады. Ол оқушының жас ерекшелігіне сәйкес жеке шығармашыл өнім беру арқылы оқушының қызығушылық аясын дамытуға бағытталған. MYP бағдарламасының бес жылында (9 – сынып) оқитын әрбір оқушы «Жеке жобаны» өз бетімен ағылшын, қазақ немесе орыс тілінде орындайды және жеке жобаның үш критерийімен жұмыс жасайды. Жеке жобаның компоненттері: процессуалды журнал, өнім және есептен тұрады. Жоба барысында оқушы өзіне бөлінген супервайзер, яғни, жетекшімен міндетті түрде кездесіп, туындаған сұрақтарды бірге талдайды.

Қоғамға қызмет яғни (Service as Action) MYP-дің міндетті компоненті болып табылады. Оқушыларға қоршаған ортаны түсіну және білімін тереңдету үшін оқушы профайлы мен АТЛ дағдылары біріккен 7 оқу нәтижесін ұсынады. Қоғамға қызмет сыныптан бастау алып, оқушыларды түрлі қауымдастықтарға белсенді қатысуды талап ете отырып, одан ауқымды деңгейдегі өзекті мәселелерді шешуге және қоғамға пайдасын тигізуге атсалысады. Компонент IB оқушысы профайлының атрибуттарын арттыруға шақырады.

Аталған міндетті компонентті орындау барысында назарға алынатын өте маңызды 7 оқу нәтижесі бар, олар: хабардарлық, жаңа дағдылар, жоспарлау және бастамашылдық, ынтымақтастық, табандылық және мақсаттылық, халықаралық ойлау мен этика. Бұл оқу нәтижелері оқушыларға атқарылған Қоғамға қызметтен соң өз бойындағы қасиеттері мен дағдыларына есеп беру үшін қолданылады.

Бұл компонент қазіргі таңда мектебімізде пәндік бағдарламалар арқылы жүргізілуде. Барлық пәндік топ бойынша құрылған бағдарламалар бірнеше бөлімнен яғни юниттен тұрады. Қоғамдағы түйткілді, өзекті мәселені шешуге, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға лайықталған жоба идеясы таңдалып алынады. Осы таңдалып алынған жоба бойынша мәліметтер оқушыларға хабарланып, тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Мектеп ұжымы әр пәндік топ бойынша осындай жобалар идеясын жасақтап беруге жауапты. Әр апта сайын мұғалімдермен шеберлік сағаттары және жиналыстар өткізілуде. Бұл компоненттің мақсаты тек оқушылардың қоғамға жанашырлығын тудыру емес, сонымен қатар қоғам мен қауымдастық болып халықаралық ойлауды дамыту. Жобаларды қорғау ғылыми ынтымақтастық атмосферасында, әрбір жобаға мейірімділік пен қызығушылық таныту жағдайында өтеді.

Биылғы жобалардың тақырыптары алуан түрлі. Бейне ойындар жасау, оқылған 25 кітапты талдау, заманауи технологияларды ескере отырып дизайн жасау, көркем портфолио жасау сияқты мәселелерді қамтыған. Бұл қазіргі ұрпақтың қызығушылығының жоғарылығын және өте маңызды мәселелерді шешуге дайын екендігін көрсетеді. Жеке жобамен жұмыс өз уақытын жоспарлауға және нақты мақсат қоя білуге көп көмектесетінін оқушылардың өздері айтып отыр.

Жеке әлеуметтік жоба құру барысында олар коммуникативті дағдыларды меңгеріп, аудитория алдында сенімді сөйлеуге, маңызды ақпаратты жеткізуге дағдыланады. Жеке жобалармен жұмыс жалғасуда. Жұмысты мектеп сарапшылары бағалаған соң, IBO сарапшыларының тәуелсіз сыртқы бағалауына жіберіледі. Оқушыларымыздың шығармашылығына халықаралық қауымдастық қызығушылық танытады деп сенеміз.

Гүлнар САДЫКОВА,
№81 «Astana English school» мамандандырылған

гимназиясының директоры, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий