Елге қызмет – абыройлы міндет
Біздің Қазақстанымыз – әлемдік білім беру кеңістігіне бағытталған жаңа білім беру жүйесі қалыптасқан, ел болашағы – жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беру жолын берік ұстанған мемлекет. Мемлекет болашағы ел ертеңі – жастардың қолында. Сондықтан да ұрпақ тәрбиесі, білім мәселесі қашан да маңызды болмақ. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің дамуына сара жол салатын әрбір салаға байланысты 10 ұлттық жобаны бекіткені белгілі.
Соның ішінде білім саласына қатысты барлық білім беру деңгейіне білім алушының білім сапасын арттыру мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын әзірлеуі де – осының дәлелі. Дарынды жастар – жарқын болашақтың кепілі. Мәдени деңгейі мен шығармашылық қабілеті жоғары шәкірт әзірлеу- бүгінгі уақыт талабы. Біздің №82 «Дарын» мамандандырылған лицейі де уақыт талабына сай әрбір оқушының жеке қабілетін ұштап, дамыту арқылы адами құндылықтарды бойына сіңірген, салауатты өмір салтын ұстанып, өзін-өзі ұдайы жетілдіретін, кез келген мәселені оңтайлы шешуге дағдыланған жаhандық, дарынды тұлға қалыптастыру миссиясын басшылыққа алып жұмыс істеп келеді.
Лицейімізде «АТА – АНА – МҰҒАЛІМ – ОҚУШЫ» үштік қоғамының жұмысы жақсы жолға қойылған. Ата – аналардан құрылған «Ұлағат ұясы» клубы, жаңашыл ұстаздардан құралған «Креатив» шығармашылық тобы, мектеп тренерлері мен көшбасшы ұстаздардан құралған «Бастау» желілік қоғамдастығы, «Жалын» оқушылардың ғылыми қоғамы лицейіміз ашылғалы өз жұмысын нәтижелі жүргізіп келеді.
2020-2021 оқу жылынан бастап Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасында көрсеткендей «Қалалық және ауылдық мектептердің, өңірлердің оқу орындарын, білім алушылардың арасындағы алшақтықты қысқарту міндетін орындау және «Дарын» республикалық ғылыми – практикалық орталығының «KӨМЕКТIMES» мектеп-мектепке тәлімгерлік технологиясы жобасын іске асыру туралы Білім Басқармасының 2020 жылғы 11 қыркүйектегі №492 бұйрығы негізінде бекітіліп берілген №55 орта мектеппен жоспарлы жұмыстар жалғасуда.
Жобаның мақсаты: мектептердегі сапалы білім беруді қамтамасыз ету мақсатында әдістемелік қолдау көрсету, оқытудың тиімді тәсілдерін іздеу және тәжірибеде бірлесе жүзеге асыру. Өткен оқу жылында «KӨМЕКТIMES» жобасын іске асыру стратегиялары жоспарға сәйкес жүргізілді. Әрбір пән бірлестігі бойынша жауапты мұғалімдер тағайындалып, жұмыс жоспарына сай оқушылар мен ұстаздар бірлесе отырып түрлі іс-шаралар: вебинар, семинар, шебер сыныптар мен көшбасшы оқушылармен кездесулер өткізілді.
Ағымдағы 2021-2022 оқу жылында өткен оқу жылындағы жұмыстарымыз жалғасын тауып, қыркүйек айында онлайн форматта өткен кеңесте 2 мектептің әкімшілігі мен жауапты тренерлердің қатысуымен жылдық жоспар құрылып, бекітілді. 2021 жылы 22 қазанда педагогтің кәсіби құзіреттілігін, оқу мен оқытудың сапасын арттыруда кіріктірілген сабақтардың тиімділігін көрсету мақсатында «Дарындылықтың қайнар көзі – мектеп» атты республикалық семинар өткізілді.
Іс-шара барысында біздің лицейдің озық іс-тәжірибелерімен бөлісу, тәжірибе алмасу, «KӨМЕКТIMES» жобасы аясында №55 орта мектеппен бірлескен жұмыстарымыздың түрлері ортаға салынды. Екі мектептің бірлесе атқарған жұмыстары нәтижесінде семинар өз дәрежесінде өтті және жоғары деңгейде бағаланды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған «Тәуелсіз елім, тұғырың сенің биікте» тақырыбында іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілді.
Іс-шаралар аясында оқушылардың ұлттық сана сезімін, туған елге, Отанға деген патриоттық сүйіспеншілігін қалыптастыру және шығармашылығын шыңдау міндеттері қойылды. Осы міндеттер аясында «Тәуелсіздікке 30 жыл: 30 белес» тақырыбында екі мектептің тарих пәнінің мұғалімдері бірлесе отырып, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының ардаргерлерімен кездесу өткізді. Сонымен қатар, «Мамандық таңдау – маңызды іс» атты іс-шараға да екі мектептің 9-11 сынып оқушылары онлайн форматында белсене қатысты.
Лицейімізде бастауыш сыныптар арасында Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековпен өткен кездесуді №55 мектеп оқушылары қашықтан тікелей көріп, авторға сұрақтар қойып, өте әсерлі өтті. Қазақтың батыры Бауыржан Момышұлы «Өмірдің қуанышы көп алуыңда емес, басқаларға көп беруіңде, білім мен тәжірибеңді халыққа таратуыңда» – дегеніндей, өз іс-тәжірибемізбен бөлісіп, білім саласының дамуына үлес қосу бізге қуаныш сыйлайды, шабыт береді.
«Үйрете жүріп үйрену», үздіксіз іздену, бірлесе отырып нәтижеге бағытталған жұмыс жүргізу, елдің жарқын болашағы үшін қалтқысыз қызмет ету – лицейіміздің әрбір ұстазының берік ұстанымы.
Гульмира ҚАШАУЛИЕВА,
№82 «Дарын» мамандандырылған
лицейдің директоры, Нұр-Сұлтан қаласы