Президентімізбен бірге жаңа белестерді бағындырамыз

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында «Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» тақырыбында сөз сөйлеп, онда қоғамда қордаланған мәселелердің түйінін шешіп, халыққа қажетті маңызды мәлімдемелер жасады және Қазақстан Республикасын дамытудың жаңа басымдықтарымен таныстырды.

Қазақ халқының тарихына «Алматы қасіреті» деген атпен енетін, ел басына күн туған сын сағатта елімізді күрделі жағдайдан тез әрі қауіпсіз алып шығу бойынша Президент нақты шешімдер қабылдап, мемлекетіміздің егемендігін сақтап қалу жолында табандылық пен үлкен қажыр-қайрат көрсетті. Әсіресе Президентіміздің елге төнген қауіпті ауыздықтау үшін қабылдаған күрделі шешімдері университетіміздің профессор-оқытушылар құрамы мен жастары тарапынан толық қолдауға ие болды.

Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайын жақсартудың нақты жолдарын белгілеп, аталған мәселелерді шешу бойынша нақты міндеттер жүктеді. Бұған дейін Президент елдің саяси трансформациясының жаңа бағыттарын белгілейтінін де атап өткен болатын. Баяндамада басқа да өзекті мәселелермен қатар қолжетімді және сапалы білім беруді, соның ішінде, әсіресе сапалы жоғары білімді қамтамасыз етуге кең көңіл бөлінгені жоғары мектеп ұстаздары мен педагогикалық қауымдастық көңіліне зор қуаныш ұялатқаны жасырын емес. Үлкен жаңалық ретінде, елімізде үздік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу мәселесін де ерекше атап өтуге болады.

«Жоғары білімнің қолжетімділігі де көкейкесті мәселе болып қалуда. Елдің халық тығыз қоныстанған өңірлеріндегі жастарға арналған мақсатты гранттар бөлуге айрықша назар аудару қажет. Жаңа экономика құру үшін ЖОО бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды. Жуықта Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу басталады. Жақын арада Ресейдің үздік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жоспарланып отыр», – деді Президент. Әрине бұл жоғары оқу орындары арасындағы әділ бәсекелестікті қамтамасыз етеді және білім беру сапасын арттыруға мол үлес қосады деп ойлаймыз. Сонымен қатар, халық тығыз орналасқан ел аймақтарының жастары үшін мақсаттық гранттар бөлуді тапсыруы, оңтүстік өңірі үшін аса өзекті мәселе болып табылатындығы сөзсіз.

Еліміздің экономикасының, ғылымы мен мәдениетінің түрлі салалары үшін қажетті жоғары білімді мамандар дайындаумен айналысатын жоғары оқу орындарының Президентіміздің баяндамасында белгіленген келелі мәселелерді жүзеге асыру бағытындағы басты міндеті – ол, әрине, сапалы білім беру қызметімен айналысу, ал ғылыми, инновациялық, халықаралық және тәлім-тәрбие жұмысы негізгі қызметті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды компоненттер болып табылады. Сонымен қатар елімізде орын алған келеңсіз жағдайлар ұлттық деңгейде дұрыс жолға қойылған тәрбие жұмысының сапалы білімнің негізгі іргетасы екендігін көрсетті.

Қазіргі кезде жоғары білім беру мазмұнын қолжетімді, әрі сапалы білім беру тұрғысынан әлемдік беталыстар немесе үрдістер аясында жаңғырту міндеті негізгі стратегиялық құжат – «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына», сонымен қатар жоғары білім берудің Еуропалық кеңістігінің бірқатар өзекті құжаттарына бейімделуді қарастырады. Мәжілістегі сөйлеген сөзінде Президентіміз білім беруге деген жалпы көзқарасты өзгерту мәселелеріне де айрықша көңіл аударды. Соның ішінде, әсіресе, техникалық бағыттағы мамандықтарға басымдықтар беру, жаңа тұрпаттағы инженерлер мен өнеркәсіп мамандарын дайындау жөніндегі ұсыныстары, кеңінен қолдау табады деп ойлаймын.

Аталған мәселенің, негізі Қазақстандағы алғашқы техникалық жоғары оқу орындарының бірі болып саналатын – Қазақ химия-технология институты болып қаланған, біздің университетіміз үшін маңызы ерекше екендігі белгілі. Сексен жылға жуық даму тарихы, қалыптасқан дәстүрлері бар, білім беру және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымдары дамыған, ғылыми мектептері қалыптасқан, жоғары технологиялар саласында күрделі мәселелерді шешуге қабілетті кадрлық әлеуетке ие көпсалалы ірі университет болып табылатын М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті ұжымы да Президент баяндамасында белгіленген міндеттерді іске асыру бойынша бірқатар іс-шараларды жоспарлап отыр.

М.Әуезов атындағы ОҚУ мамандарды дайындаудың үш деңгейлік жүйесі негізінде бакалавриаттың, магистратураның және PhD докторантураның 300-ден астам білім беру бағдарламалары бойынша жоғары сапалы, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар дайындаумен айналысып келеді. Университеттің білім мен ғылым саласындағы қарыштап дамуы әлемнің үздік университеттерінің аса беделді халықаралық рейтингінде (QS World University Rankings) алға жылжуына мүмкіндік беріп, университет ұжымы 2021 жылы әлемнің үздік университеттері арасында құрметті 491-орынға ие болды.

Оқу орнымыз QS рейтингіне енген 10 қазақстандық ЖОО арасында 3-орынды иеленіп отыр. Қазақстанның Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттігінің үздік көпсалалы жоғары оқу орындарының Бас рейтингінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мемлекеттің үздік университеттерінің үштігіне кіреді. Университеттің басты ұстанымы – білім берудің халықаралық талаптарға сай деңгейі мен инновациялық ғылым. Өзінің келешегін университет, білім беру мен ғылым өзара тығыз байланысқан зерттеу университетіне айналумен  байланыстырады.

Қазіргі таңда университет студенттерге тек қана заманауи дәрежедегі білім беріп қана қоймай, сонымен қатар оларға сол білімді өздері ізденіп алуға, жаңа идеяларды ойластыруға, және ең бастысы, сол идеяларды нақты бизнес-жобалар арқылы іске асыра алуға үйретуге ұмтылуда. Университетте дуалдық білім беру, үш тілде оқыту, ағылшын тілінде білім беру сияқты алдыңғы қатарлы оқыту түрлері кеңінен қолданылып келеді. Сонымен қатар студенттік стартаптарды енгізу бойынша да бірқатар тәжірибе жинақталған. Әлемдік білім беру тренді болып табылатын және ғылым, технологиялар, инженерия мен математиканың интеграциясына негізделген STEM-оқыту тәжірибесін іске асыру басталды.

Университет тарапынан іске асырылып жатқан мамандықтардың жоғары сапасы Германияның инженерия, жаратылыстану ғылымдары, математика мен информатика салаларындағы білім беру бағдарламаларын аккредиттеу бойынша ASIIN аккредиттеу агенттігінде халықаралық аккредиттеуден өтуі арқылы дәлелденген. Біздің университет көрсетілетін білім беру қызметінің сапасын дәлелдеу бойынша белсенді ұстанымға ие: қазіргі уақытта жоғары оқу орнының Сапаны қамтамасыз ету бойынша еуропалық қауымдастықтың (ENQA) толыққанды мүшесі болып табылатын және агенттіктердің еуропалық Реестріне (EQAR) кіретін IQAA және ASIIN агенттіктерінің институционалдық аккредиттеу сертификаты және бакалавриат, магистратура мен докторантура бойынша 153 білім беру бағдарламаларының мамандандырылған аккредиттеу бойынша сертификаттары бар.

Мұның барлығы біздің ұсынып отырған білім беру бағдарламаларымыздың сапаны қамтамасыз ету бойынша ESG еуропалық стандарттары талаптарына сәйкестігін айқындайды. Біздің басты бағытымыз – университетті зерттеу және кәсіпкерлік университетіне айналдыру мақсатымен тікелей байланысты, ал ол мақсат өз кезегінде ел экономикасына қажетті мамандарды дайындау мен жас қазақстандықтардың жаңа ұрпағын тәрбиелеу жолында жоғары көрсеткіштерге  жетуге мүмкіндік береді деп ойлаймын.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті бүгінгі таңда – бұл Қазақстан Республикасының білім беру кеңістігінің жарқын өкілдерінің бірі, оның жоғары деңгейдегі ғылыми және материалдық әлеуеті, сонымен қатар университеттің ұзақ жылдар бойындағы тарихы барысында қадыптасқан салттары мен дәстүрлері оның басты байлығы мен бәсекеге қабілеттілігінің белгісі болып табылады.  Міне 80 жылға жуық уақыт бойы университет сапалы білім беріп, қоғамға қажетті мамандар дайындап, өз ісінің қас шеберлерін өсіріп келеді.

Профессор-оқытушылар құрамының бар күш жігері университет қабырғасынан жоғары білікті, заман өзгерістеріне икемді, зияткер маман шығаруға бағытталған, ал ол түлектердің білімдері, ерік-жігерлері мен дағдылары сүйікті Отанымыз – Қазақстан Республикасының өркендеуі жолында аянбай қызмет етуге бағытталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің төңірегіне ұйысып, мемлекеттік билік пен қоғамымызды біртұтас күшке айналдырсақ, кез-келген дағдарысты еңсеріп, жаңа Қазақстанды бірге құрамыз.

Дария Пернешқызы ҚОЖАМЖАРОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ Басқарма
төрағасы – Ректор, Шымкент қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий