Әлихан Бөкейхан және Тәуелсіздік бейнесі

Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдық мерейтой аясында былтырғы жылдың соңында облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының бастамасымен «Әлихан Бөкейхан және Тәуелсіздік бейнесі» тақырыбындағы республикалық онлайн конференция ұйымдастырылды.

Әлихан Бөкейхановтың еңбектері арқылы ұлттық бірегейлікті сақтауды насихаттау, ұлттық құндылықтарды дамыту міндетін жалау еткен бұл конференцияға  республикамыздың  айтулы жоғары оқу орындары – Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының, Еуразия Ұлттық университетінің ғылыми қызметкерлері, І. Жансүгіров атындағы ЖУ білім беруді бағдарлама жетекшісі, “Өрлеу” БАҰО АҚ, филиалы Алматы қаласы бойынша ПҚБАИ аға оқытушысы, 18 ТжКББ оқытушылары мен жалпы орта білім беру ұйымдарының педагогтері қатысты.

Секциялық жұмыстың тәжірибелік алаңдарында  «Тарихи тұлғалар контексіндегі Әлихан Бөкейхановтың орны» және «Ә.Бөкейханов мұралары арқылы білім алушылардың рухани-адамгершілікке тәрбиелеу жолдары» тақырыптары шеңберінде өткізілді. Қатысушылар алаш арасының ғылыми-педагогикалық, қоғамдық-саяси, публицистикалық қызметі туралы өзекті тақырыпта өздерінің тағылымды іздену-зерттеу жұмыстарымен бөлісіп зор ықыласқа бөленді. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның  білікті әдіскер екенін танытып, ұлттық педагогикалық тәлім-тәрбие негізінде өсіп-өнген қазақ баласының әлемдік ақыл-ой қайнарынан нәр алуын діттеген ұлттың жанашыры болғаны зерделенген, сондай-ақ өркениет үлгісімен, демократиялық жолмен «Қуатты ел» болу идеясы каралған  мақалалардың  бүгінгі ұрпаққа берері мол еңбек.

Ұлт көсемінің артында қалған «Овцеводство в Степном крае» және экспедиция барысында ғалымдармен бірігіп жасақталған 12 томдық «Материалы по киргизскому землепользованию (Қырғыздардың (Қазақтардың) жер пайдалану материалдары)» еңбектерін негізге ала отырып жазылған мақалада Ұлт зиялысының ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақтың дәстүрлі шаруашылығына қатысты ғылыми мұрасына талдау жүргізіп, қазақтардың ата кәсібі мал шаруашылығына баса көңіл аудару керектігі туралы айтылған.

Жалпы ұстаздардың еңбектерінде Әлихан Бөкейхановтың іргелі еңбектеріне сүйене отырып оның  Қазақстан экономикасын, шаруашылығын, мәдениетін, тарихын және қоғам өмірінің барлық салаларын зерттеудегі рөлі айқындалады. Әлихан Бөкейхановтың «Денсаулық сақта», «Жамандат-Топалаң» атты мақалалары негізінде бүгінгі күнде әлемді жайлаған коронавирус пандемиясынан сақтану жолдары талданған мақалада өзекті тақырыпты қамтыды.

Пленарлық отырыста тарих ғылымдарының  докторы,  профессор Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Оразгүл Хасенқызы Мухатова ұлт зиялысының ұлт мүддесінде ой толғаған пікірлерін ортаға салып,  еңбектерінің  артықшылықтары мен басымдылық тұстарын паш етті. Әлиханның қараңғылық пен надандықтың шырмауында отырған халқына білім мен мәдениет керегін ұғып, елдің тұрмысын, мәдениетін, білімін көтеруді өзінің алдына мақсат етіп қойып, ұлттық идеяның негізгі қағидаларын қалыптастырудағы баға жетпес еңбегі туралы құнды баяндамалармен сусындатқан бұл конференция өз мақсатына толық жетті.  

Әлихан Бөкейханның тұлғалық қырының басты аспектілері қарастырып, тарихтағы көшбасшылық, рухани бастамалығы жан-жақты талданып, Алаш қайраткерінің тәуелсіздік жолында жасаған еңбектері баяндалған мақалалар жинаққа енгізілді. Ә.Бөкейханов еңбектерінің құндылықтарын насихаттау жолында өз шеберлігін шындаған қатысушыларға ТжКБ бөлім әдіскері Рамазанов Санат Жумабекович  алғысын білдіріп, Алғыс хаттармен марапаттады.

Асель САЛАМАТОВА,
Үшқоңыр су шаруашылығы колледжінің
тарих пәнінің оқытушысы, Алматы
облысының Қарасай ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий