әл-Фараби адам болмысының жетілуі жайында

Адам баласы бұл өмірге түрлі-түрлі қызық, қуаныш көруді қалап келеді. Осылайша үміттенумен бір нәрсені я көп нәрсені керек етіп, қызық көріп, соларға мұқтаж болу – адам баласының өзіне тән қалыбы мен жағдайы. Өмірге шыр етіп келгеннен-ақ сәби болмыс ауамен тыныстап, сол ауаны соңғы демі біткенше тұтынып пайдаланумен болады. Бастауы ауа болған мұқтажымыз одан әрі қорек, тамақ, жылылық, құрғақтық, ойын-сауық, әке-шеше, жақын-туыс, дос-құрбы, оқу-білім, мақтан-қызық, дүние-байлық, билік, қызмет-лауазым, түрлі-түрлі қызық-қуаныш болып үздіксіз жалғаса береді.

Аристотель адам тұтынатын осындай сансыз игіліктерді жинақтап, ықшамдап үш-ақ топқа бөледі, олар-жанға қатысты, тәнге қатысты және бұл екеуінен тыс сыртқы игіліктер.  Жанға қатысты игіліктер екеу: ақыл мен адамгершілік. Тәннің қажет ететіні – ұйқы, тамақ, құмарлық.  Ал сырттан келетін игіліктер – Алла жаратқан ырзық, несібелер мен адам жасаған түрлі игіліктер. Адам баласының өмірі осы үш топтағы игіліктерге мұқтаж болып, соларға ұмтылумен, оларды иеленумен өтеді.

Адам баласының өмір сүруіне бұл игіліктердің бәрі де қажет, сөйтсе де адам өмірін абыройлы да мәнді етуде бұлардың алар орны мен қадір –қасиеті әр түрлі.  Мысалы, тамақ пен өмір, амандық пен ар-ұят, білім мен байлық, абырой  мен лауазым бірдей емес. Дана халқымыз «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп, адамға қажет игіліктердің (мал, жан, ар) ара-жігін баяғыда-ақ ажыратып қойған. Дүние-байлық, малымыз тірі жүріп, жан сақтау үшін керек, ал тірі жүріп аман болудағы басты мақсат – арлы болу, адам болу.

Аристотель, әл-Фараби, Абай – үшеуі де осы адам болу мен адамгершіліктің қыр – сырын танытып, оларды дәріптеумен, насихаттаумен өткен. Үшеуінің де ақиқат деп тапқаны – адам баласының ең қадірлі, ең қасиетті асыл игілігі- адам болу мен адамгершілік деген түйін. Өзге игіліктердің бәрі де осы  бір  қасиетті жолда жәрдемші, қызметші болуға ғана лайық. Яғни адамдардың ішіп-жеп, киім киіп, аман-саулыққа ұмтылып, кәсіп қуып,байлық тауып, бастық болып, ойнап-күліп, түрлі-түрлі игілік жасап жүргендегі түпкі мақсаты – адам болу мен адамгершілік.

Ар мен ұятты, адамгершілікті бәрінен де жоғары қойған қазақ мақалымен орайласқандай, әл-Фараби де былай жазыпты: «… дене жан үшін [өмір сүреді], ал жан мінсіз жетілгендік үшін, яғни қайырымдылық болып табылатын бақыт үшін өмір сүреді, демек, жан даналық пен қайырымдылық үшін [өмір сүреді]». Ғұлама ойының да түйіні – даналық пен қайырымдылықтан тұратын адамгершілік екені ақиқат.

Әл-Фарабидің бұл ойы – адам болмысы мен өмірінің мәні мен мақсатын танытар қалыпты қағидасы, формуласы іспетті. Бұрынғы –соңғы ойшылдардың пікірінше, адамшылық қалып пен адамгершілікті құрап, қалыптастыратын қасиеттер ақыл мен жүректе бастау алады: жан қуаты мен ақыл даналыққа жеткізсе, жүректен шығар ар- ұят, рахым-мейірім, әділет, қанағат–ынсап ізгілік пен қайырымдылықты қалыптастырады. Аристотель де, әл-Фараби де адамшылық қасиеттерді қайырымдылықтар (добродетель) түрінде танытады, яғни адамшылық пен ізгілік, адамгершілік пен қайырымдылық дегендер бір-бірімен соншалық туыс, жақын ұғымдар, оларды осы бірлігінен ажыратып қарау мүмкін емес.

Әл-Фарабидей ғұламаның ой-танымы тым терең, бір ғана жоғарыдағы пікірінің өзі қаншама ой өрісіне жол ашады. Адам денесі мен тәні оның өзіндік болмысын таныта алмайды. Абай жазғандай, «малда бар жан мен тән», дене мен тәнді адам да иеленген. Өзге жаратылыстар осындай жаны бар денесімен – ақ өзіндік болмысқа айналып жатса, адам деген – Алла берген ақылымен ғана бөлекше жаратылыс. Әл-Фараби айтатын даналық пен қайырымдылық – ақыл әрекетінен бастау алады және ақылмен ғана толысып қалыптасады.

Аристотель де, әл-Фараби де адам ұмтылып керек ететін игіліктердің ең абзалын, ең биігін – Бақыт деп білген. Әл-Фараби мұны « Бақыт жолын сілтеу» атты трактатында: « Бақыт – әрбір адам ұмтылатын мақсат, өйткені ол белгісіз бір жетілу болып табылады» деп жазған. Ал «белгісіз бір жетілу» дегені жоғарыдағы жазғанындай, даналық пен қайырымдылықты қамтыған адамгершілік. Әл-Фараби « дене жан үшін өмір сүреді» десе, Абай да «… ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды» деп, тән қызметі – жанға баспана болу екенін жазады.

Адам баласының тәнсіз періште я шайтан болмай, дүнияуи жаратылыс болуының өзі оның ет пен сүйектен жаралған затты, тәнді болмыс болуына байланысты. Әйтсе де адамдағы дене мен тән әл-Фараби жазғандай, жан үшін өмір сүреді. Абай да «адам болу мен  адамшылықтың басы – тән саулық пен һауас сәлим» деп, осы ақиқатты растап бекіте түседі. Сөйте тұра адамның материалдық, тәндік бастауы оның өзіндік қасиетін таныта алмайды.

Тән мен дене- « жан үшін» (әл-Фараби), «жанға қонақ үй болу үшін (Абай) жаралған нәрсе. Ал жанның өзі әл-Фарабише айтқанда, мінсіз жетілгендік үшін өмір сүреді. Дүниедегі жаны бар нәрсенің бәрі де ( өсімдік, жануар, адам) қозғалады, әрекет етеді,қоректену барысында өзгереді, өседі, дене жағынан үлкейеді, ұлғаяды. Ал жанымен жетілу-тек адамға ғана тиесілі аса мәртебелі әрекет. Себебі бұрынғы-соңғы ойшылдар айқындағандай, солардың ізімен Абай да түйіндеп жазғандай, адам баласы өзге тіршілік иелеріндегідей «ішсем, жесем, ұйықтасам» деген тән құмарымен бірге, «көрсем, білсем үйренсем» деген жан құмарымен де тіршілік етеді, өмір сүреді.

Осындай екі түрлі құмарының болуымен де адам баласы жаны бар өзге жаратылыстардан (өсімдіктер мен жануарлар) биік болып, асыл болмыс саналады, ал айуан «ішсем, жесем, ұйықтасам» деген бір ғана тән құмарымен шектеліп адамнан төмен тұрады. Адам баласының асыл мұраты – өзінде ғана бар ақылы мен жанының ойлау қуаты арқылы үнемі, үздіксіз жетіле беру. Әл-Фараби жазған «жан мінсіз жетілгендік үшін өмір сүреді» деген ойдың мән-мағынасы мен терең мазмұны осы.

Әл-Фараби – бір Жаратушыны, Алланы ойшылдық танымымен растап, мойындаған ғұлама. Ол Алланы – Бірінші Тұлға деп таныған, жаратылыс бастауын- осы Бірінші Тұлға деп білген. Оның ойынша, жалпы жаратылғандар екі түрлі болады: бірі-кемеліне келіп жаратылғандар, екіншісі – кемеліне жетпей жаратылғандар. Адам ғана осының соңғысына жатады, яғни ол «мінсіз жетілгендік»,  «даналық пен қайырымдылық» жолында кемелділікке ұмтылумен болады.

Ал өзге жаратылыстар бар болмысын одан әрі түзеп, жөндеп, жетілдіріп жатпайды, керісінше, олар тәни тұрғыдан өсуі мен ұлғаюын қамтитын уақытша жаратылысымен кейінгі жоқ болуға я өзге бір болмысқа айналуға бет ала береді, сөйтіп тірліктегі бар болмысы кетіле-кетіле жоқтыққа қарай жақындай түседі. Адамның өзі де мәңгі -бақи болмыс емес,ол да-бұл өмірдің уақытша, фәни қонағы, әйтсе де адамның тәни жағынан өсіп, ұлғаюымен бірге Алла берген ақылы мен жан қуаты арқылы рухани жағынан жетіле алатын мүмкіндігі де бар.

Және дәл осы әрекеті, қасиетімен де адам баласы- асыл болмыс саналады. Адам өмірінің мәні мен абыройы да-«жан мінсіз жетілдіру» жолындағы рухани кемелденуімен келеді. Әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактатында» аспан әлемінің жаратылысын әңгімелеуді он бірінші кезектегі Ай астымен аяқтайды. Өз болмысына сай кемелдену әрекеті осы Ай асты әлеміндегі адам өмірімен байланысты басталады. Айдан жоғарғы әлемде жетілу әрекеті жоқ, олар кемеліне келіп толысқан тұлғалар және олардың бар болмысы әрі қарай жетілмейді. Әл-Фарабидің «…бұлардың жаратылысы алғашында биік дәрежелі кемелінде болмайды» дегені адам болмысына қатысты айтылған.

Адам болмысындағы ақыл, жан, тән бөліктерінің басынан басталған осы бағыты-төмендеу, кері кету болады да, тәннен жанға, одан ақылға ұмтылып жетілуі-кемелдену болып шығады. Адамдағы кемелдену мүмкіндігі мен әрекетінің түпкі сыры мен бастауы-ақыл. Тән мен дене өзінен жоғарғы жан жетегінде жүріп өз құмарынан тартынады, тыйылады,ал жан болса үнемі Ақылға ұмтылған әрекетімен әл-Фараби жазған ақтық кемеліне жетеді: «… содан кейін өзінің субстанциясы жағынан, бұдан соң өзінің түрліше акциденциялары жағынан бірте-бірте ақтық кемеліне дейін көтеріледі».

Адамзатқа қатысты құт-береке, Бақыт аталған Ай астындағы әлемде ғана арман-мұрат етілетін асыл құндылық. Ай астындағы болмыстар екі бөлшектен, материя мен формадан құралады. Адамдар да парасатты жануарлар ретінде осы материя мен форманы иеленген. Материяны, яғни тән мен денені соншалық құбыжық көруге де болмайды. Себебі әл-Фараби танытқан ақиқат бойынша, «материясыз форманың субстанциясы да, болмысы да болмақшы емес». Сөйтсе де адамға ғана қатысты кемелділікке тәннің қосар үлесі болмашы ғана.

Әл-Фараби жазғандай, «екі жақты тіршіліктегі неғұрлым кемелді нәрсе-оның өз формасы арқылы өмір сүруі». Ал адам болмысының формасы –жанының ойлай алатын ақылды бөлігі мен Ақылы. Абай жазғандай, «ақыл мен жан-мен өзім, тән-«менікі», яғни ақыл мен жан-адам формасы, асыл-қасиеті, ал тән – материясы. Адам баласы тәнімен, денесімен ғана шынығып, жетіліп қасиет таппайды, жан қуаты, ақылымен танып біліп, түрлі-түрлі қайырымдылықтарға ие болып жүріп кемелденеді, адамшылық қасиетін табады.

Әл-Фараби өзіне дейінгі Сократ, Платон, Аристотель, Плотиндермен салыстырғанда, адам болмысындағы ақыл көзі, ақыл бастауы- мидан гөрі жан мекені – жүректі жоғары қойып үстем етуімен ерекшеленеді. Аристотель ең жетілген форма ретінде Ақылды атайды. Өзіне дейінгі философтар танымын тәртіпке салып жүйелеген Плотинде адам жетілуінің ең биік шыңын Жаратушыдан қуат алатын Ақылмен байланыстырады. Ал әл-Фараби бәрін де жүрекке билетеді: «Жүрек- басты мүше,мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді… ми жүректен кейінгі мүше ретінде әрекет етеді».

Тән мүшелері ретіндегі ми мен жүрек – адамдағы адамгершілік қасиеттердің заттық бастауы. Абай жазғандай, тән саулығы мен һауас сәлимнен (сау сезім мүшелері) бастау алатын адам болу мен адамгершілік жолын танып білу,білім-ғылым, ақыл арқылы биіктеп кемелділікке бет ала береді. Сыртқы ортамен байланыс орнататын сезім мүшелері адам мен жануарда бірдей. Адамның жануардан ерекшеленіп биіктейтін тұсы –жан деңгейіндегі ойлау күші. Бұл ақиқатты «малда бар жан мен тән, ақыл, сезім болмаса» деп Абай да айтқан.

Әл-Фараби «Адамның бойында бірінші пайымдалғыш объектілердің пайда болуы – оның алғашқы жетістігі» деп жазса, Абай «Қашан бір бала ғылым,білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады» деумен адамшылықты «тереңге бет қойып» танып білумен байланыстырады. Яғни екі ойшылдың да пайымдауынша, жануармен ортақ жаратылысы бар жаңа жаратылыстың адам атануы, адам болуы «жанның ойлау күші» мен «тереңге бет қоюынан» басталады екен.

Сөйтіп адам болмысына қатысты кемелдену әрекеті танып білу жетістігінен басталып, шеті-шегі көрінбейтін Ақылмен жалғасып кетеді. Жоғарыда айтқанымыздай, әл-Фараби де, Абай да ақылдан бастау алатын қасиеттерден гөрі жүректен шығар ізгіліктерді артық көреді, жоғары санайды. Екі ойшыл да әділет пен махаббатты адамгершілік жағынан жетіліп кемелденудің ең биік шыңы деп біледі. 

Болат Мақұлбекұлы ТІЛЕУБЕРДИЕВ,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан
университетінің  профессоры, ф.ғ.д, Шымкент қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий