Химия пәнін оқытуда “Өзін-өзі тану” пәнімен интеграциялаудағы рухани-адамгершілік тәрбие беру жолдары

Педагогикалық процестің мақсаты “… біздер адам қылу, саудагер, теңізші, солдат, заңгерлерді тәрбиелеу емес, адам мен азаматты қалыптастыру”, – дейді Н.И.Пирогов. Мұғалім әрбір сабағын жан-тәнімен беріле оқытып, бала жанына рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруды өзіне заң ретінде қабылдағанда ғана, білім алушылардың жан дүниелері оянып, шығармашылық, жағымды қасиеттері дамитыны сөзсіз.

Химия пәнінің мұғалімі ретінде өз тәжірибеммен бөліскім келеді. Химия пәні сабақтарында рухани-адамгершілік тәрбие беруде ғылыми жаңалықтардың ашылулары маңызды роль атқарады. Химия ғылымын тағдырлары алуан түрлі тұлғалар құрған – ең әуелі алхимиктер, кейіннен дәрігерлер, ақыр соңында химиктер. Олар адамдарға керекті жаңа заттарды алу үшін керек десеңіз өздерінің қымбат өмірлерін, денсаулықтарын да аямағанын білім алушыларға түсіндіруде, ғалымдардың жаңалықтарды ашудағы өмір жолдарын білу қызық қана емес, пайдалы екенін шындықты ұғынудың кейде қаншалықты қиын және  ауыр екеніне көз жеткізеді.

Осылайша, білім алушыларды басқа адамдардың әрекеттері мен дәлелдемелерін талдатып, оны бағалауға бағыттаймын. Нәтижесінде тамаша, керемет ғылым әлемімен танысу арқылы білім алушылардың ойлары мен жан дүниелері тазарып, өнегелі бола түседі. 10 сыныптың химия пәні бағдарламасында «Атом құрылысы» тақырыбында дат физигі Нильс Бордың өмір тарихын таныстырдым. 1937 жылы Нильс Бор өз лекциясымен Жапония мен Қытайға барған кезінде полярлы қарама-қайшылық туралы ұғым ежелгі қытай философиясында бар екеніне таң қалған.

Процестер мен оқиғалар шығыс философиясында Инь мен Янь дүниетаным өзара әрекет нәтижесі ретінде қарастырылған екен. Бұл жағдай Борға қатты әсер етіп, осы оқымыстының шығыс мәдениетіне деген қызығушылығы өмірінің соңына дейін сақталған. Нильс Бор және оның физика мектебі арқылы заманауи кванттық механикада жаңа Батыс логикасы және ежелгі Шығыс даналығы кездесті. Бағдарламада  «Атомдық тор құрылымы» тақырыбы бойынша білім алушыларға келесідей проблемалық сұрақ қойылды:

– Егер графит (күйе) пен алмаз бір химиялық элемент – көміртегінен тұратынын ескерсек, олар бір-бірінен қалай ажыратылады? Әрине, білім алушылар графиттің торы гексагональды: көміртегі атомдары орналасқан бірдей жазық, алты қырлы бірнеше қабаттардан тұратынын, қабаттар арасындағы қашықтық алты бұрыштың жақтарынан екі есе артық, сол себепті қабаттар арасындағы тартылыс әлсіз екенін біледі. Ал, алмаз торы – тетраэдр. Әрбір атом тетраэдр төбесінде орналасқан.

Атомдар арасындағы қашықтық бірдей, бұл алмаздың керемет қаттылығының негізгі себебі. Графит алмаз болғанда, жазықтан көлемді құрылым туады. Әрбір атом мәңгілікке тетраэдр төбесіне «көтеріледі, шығады». Осы жерден тамаша кереметті көреміз: материал мөлдір болып, жылтылдаған қасиетке ие болады. Тек бір ғана нәрсе қосылды – үшінші өлшем. – Бірақ, егер қатты заттармен осындай айналымдар жүрсе, адамның «үш өлшемді санасына» төртінші өлшемді қоссақ, не болар еді?

Егер адамның алуан түрлі қасиеттері «шыңға шықса», … егер жағымсыз қасиеттер жағымды қасиеттерге айналса, адамзат қандай болады: дұшпандық достыққа, жеңілтектік  – жауапкершілікке, қорқақтық – батылдыққа, жалқаулық – еңбексүйгіштікке, сараңдық – мырзалыққа, күмәншілдік – сенімділікке, сатқындық – адалдыққа, дөрекілік – нәзіктікке, эгоизм – өз бас пайдасынан бас тартуға, өшпенділік – махаббатқа? …

… адам нақты Адамға айналады. Егер күйе жабайы эгоизмнен «жоғары сынақты» көміртегіне айналса, адам сондай таза, алмаз секілді болады екен. Оқта-текте әрекетпен нәтижеге жетуге болмайды,  нәтиже болу үшін күн сайын өзіңіздің жағымсыз қасиеттеріңізді жойып отыру керек. Жанның тазалығы – бұл кездейсоқ табиғаттың сыйы емес, бұл термен, еңбекпен өз – өзіңізді жетілдіру нәтижесі. Қорыта айтқанда, білім алушыларға жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершілікті жүйелі ұялата білсек, ертеңгі жас маманның, азаматтың – жеке тұлғаның өз көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал ететіні сөзсіз.

Галия Миажденовна ТЛЕУОВА,
“Өзін-өзі тану” Адамның үйлесімді дамуы
гуманитарлық колледжінің оқытушысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий