Өлкеде техникалық мамандар дайындау тарихынан
Қазіргі кезеңде біздің еліміз үшін дүниежүзілік озық тәжірибеге негізделген индустриялды-инновациялық стратегияны қалыптастырудың маңызы өте зор. Дамыған өркениетті елдердің барлығы белгілі бір тарихи кезең бойында физикалық еңбекті қажет ететін өңдірістен капиталды, технология мен ғылымға негізделген өндіріске дейінгі жолдан өтті.
Қазақстанға да осындай жолдан өтуге тура келді. Шикізатқа ғана бағыт ұстаған ел болып қалмаудың амалы ғылым мен техниканың жетістігіне, жоғары технологияға сүйенген дүниежүзілік стандартқа сай сапалы өнім өндіретін өнеркәсіп орындарын дамытуға оның өзі заманауи мамандарға тікелей байланысты. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісі отырысында 2022 жылдың 11–ші қаңтарында сөйлеген «ҚАСІРЕТТІ ҚАҢТАР» САБАҒЫ: ҚОҒАМ ТҰТАСТЫҒЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК КЕПІЛІ» атты тарихи баяндамасында «Ең алдымен, еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыруды мықтап қолға алу қажет.
Экономикалық саясатымыздың мақсаты – айқын. Бұл – заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту… Білім саласында басымдықты техникалық мамандықтарға беру қажет.Жаңа заман талабына сай инженерлер мен өнеркәсіпшілерді қалыптастыру маңызды» деп атап көрсетті. Бұның өзі, қойнауы «қара алтынға» бай Қазақстанның батыс аймағы үшін көп нәрсені аңғартса керек. Себебі,ғылыми-техникалық прогрестің, технологиядағы өзгерістердің сұранысы және перспективаларын жетік білетін, еңбекті ұйымдастыру мен өнім сапасын әлемдік үлгіде жолға қоюға қабілетті, ой-өрісі кең, парасатты мамандар қажет екендігінің маңызы күн өткен сайын арта түсуде.
Қазақстанда білікті инженер,өндіріс мамандарын дайындау процесі ұзақ тарихи жолдан өтті. 1920 жылдардың бас кезінде алғашқы қадам, Қазақ Автономиялық Республикасы үкіметі кәсіптік техникалық білім берудің бас комитетін құрды. Нәтижелі жұмыстар арқасында кәсіптік оқу орындарының саны 30-ға жетіп, оларда 2000 жас оқыды. 1930 жылдары ұлттық мамандарды дайындаудағы оң өзгерістер Кеңес үкіметінің «іс тетігін кадрлар шешеді» деген партиялық ұранына байланысты басталды. 1930 жылы алғашқы мұнай техникумы, қазақ жастары үшін инженер кадрларын даярлайтын қазақтың кен-металлургия институты ашылды.
Мұнайшы қазақ инженерлерін дайындауда алғашқы талпыныс 1934 жылы мұнайшы-жұмысшы факультеті дүниеге келді. Талантты қазақ жастары Мәскеу, Ленинград, Баку мұнай институттарына, өнеркәсіп академияларына жіберілді. 1960 жылдары Қазақ политехникалық институтының негізі қаланып, мұнайшы инженерлер дайындайтын жаңа мамандықтар ашылды. 1970-1990 жылдары мұнайлы өлкеде Жаңаөзен мұнай техникумы, Атырау мұнай-газ институты, Ақтау политехникалық институты ұйымдастырылды.
Мұның өзі Кеңес үкіметінің әлеуметтік саясатына байланысты орын алған кемшіліктерге, ұлттың саясатындағы келеңсіз жағдайларға, материалдық өндіріске басты бағыт беруіне қарамастан, мұнай-газ саласын мамандармен қамтамасыз етуде бай тәжірибе жинақтағанын көрсетеді. Қазіргі уақытта жоғары білімді мұнайшы мамандарды дайындауда Ұлттық, мемлекеттік және жеке меншік түріндегі жоғары оқу орындары жүйесі қалыптасқан.
Олардың ішінде Қазақ-Британ техникалық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті сияқты әлемдік деңгейдегі оқу орындары бар. Дейтұрғанмен, оқу орындарының техникалық,зертханалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі, оқытушы профессор құрамының материалдық жағынан қамтылуы, яғни мамандар еңбегіне ақының аз төленуі, қазірде кезек күттірмей шешуді талап етеді.
Бүгінгі күні мұнай-газ кен орындары ашылуы қиын, үлкен біліктілікті талап етеді. Сондай-ақ, кен көздері құрлықтан теңіз бетіне жақын орналасқан. Соңғы кездері табылған мұнай-газ құрамы химиялық өте күрделі қосынды ретінде. Осы бағытта шетелдік мамандар дайындау жүйесін пайдалану да орынды болмақ. Қ.К.Тоқаевтың алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары филиалдарын ашу тапсырмасы да, өте маңызды және дер кезінде қолға алынуы тиіс.
Сонымен бірге,елімізде жинақталған инженер мамандарын дайындау тәжірибесін ыждағатты түрде зерттеп, пайдаланудың практикалық маңызы ерекше. Ұрпақтар сабақтастығын, өндірістік дәстүрлер жалғастығын қамтамасыз ету тұрғысынан да бұл өте өзекті және мұнайшылардың жаңа буынын қалыптастыруға, оларға ұлтжандылық тәрбие беруге көмектеседі.
Лесқали Базарғалиұлы БЕРДІҒОЖИН,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау
университеті кафедра меңгерушісі,
тарих ғылымдарының докторы