Тиімді көшбасшылық – өзгеріс енгізудің басты кепілі

Бүгінгі жаһандану заманында білім беру ісіне, мұғалімге жас ұрпақты тәрбиелеуге жаңа көзқарастар пайда болуда. Мектеп  әрдайым білім саласындағы өзіндік дәстүрлерімен, жаңашыл педагогтерімен  үлгі бола білуі керек. Білім саласының дамуы, ұстаздарды қолдау, оқушыларға барынша жағдай жасау – мектеп басшысы үшін қашан да ең басты міндеттердің бірі.

Мектеп менеджменті қазіргі білім беру мекемелерінің тәжірибесіне енгізу бүгінгі таңдағы Қазақстандық білім жүйесінің реформалану жағдайында, білім жүйесін демократияландыру негізінде білім беру мекемелері бірүлгіліктен арылып, халыққа көп нұсқалы білім қызметін ұсынып, инновациялық үдерістерге қатысып жатқанда басқаруды лайықты түрде жүзеге асыру қажеттілігінен туындап отыр.

Бүгінде басшы ретінде мектебімізде ұжыммен әрекеттесе отыра белгілі бір нәтижеге бағытталған жоба негізінде көшбасшылық жұмысын жалғастырудамыз. Үстіміздегі оқу жылынан бастап мектебімізде Қазақстан ұстаздарының көшбасшылығы (ҚҰК) бастамасы Ұлыбританияның кәсіби қоғамдастығы HertsCam ұйымымен бірлесе отырып, Қазақстан ұстаздарының көшбасшылығын дамыту және мектеп әкімшілігінің көшбасшылық қабілеттерін жетілдіру жобасы іске қосылып, жүзеге асуда. Осы жобада өткен оқу жылында 17 мұғалім болса, биыл 35 мұғалім қызығушылық танытып отыр. Жоба аясында № 24, 29, 65, 68, 73, 75, 79, 83 мектептерімен желілік қауымдастықта жұмыстар атқарып келеміз.

«Қазақстан ұстаздарының көшбасшылығы» бастамасы ұстаздардың шығармашылық әлеуетіне, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға әсері өте жоғары. Бұл жоба ұстаздардың жеке өсуі үшін мотивациялық сипатқа да ие бола білді десем артық болмас. Сонымен қатар ұстаздарға мектебімізде оқыту мен оқуды жақсартуға арналған жобаларды бастауға жəне оларға жетекшілік етуге мүмкіндік береді. Жобаға жетекшілік ете отырып, бүгінгі таңда нәтижелі жұмыс, түбегейлі өзгерістерге көз жеткізудеміз. Жоба аясында педагог-мамандар білім беру үдерісіндегі және оқу мен тәрбие үйлесімділігі негізінде туындаған кәсіби мәселені айқындап, оны тәжірибеде зерттеп, зерделеуде.

Мектептегі ұстаздардың жобалары қашықтан оқыту; оқушылардың ынтасы мен шығармашылығы; тілдік дағдыларды дамыту; тәрбие мәселелері; сыныпта әртүрлі стратегияларды эксперименттен өткізу; бастауыш сыныптағы оқу мен оқыту; оқушылардың өзіне деген сенімділігі, танымдық қабілеттері және эмоционалды интеллект сияқты келесі бағыттарды қамтыды.

Жобаға қатысу арқылы ұстаздар бастамашыл болуды, түрлі өзгерістерді қолдауды үйренді. Оқушылардың да танымдық, шығармашылық қабілетін арттыруға үлесі баршылық. Мәселен, қауымдастық барысында оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, қоңырау кезіндегі уақытта оқушы белсенділігін қызықтыруға, оқушы мен ата-ана, мектеп арасындағы бірлескен жұмысты жүйелендіруге, сыныптағы ұжымдық ортаны қалыптастыруға негізделген жобалар жұмысы оң нәтиже берді.

Ал пән бойынша оқу үдерісін тиімді жоспарлау мен оқушы білімін зерделеу мақсатындағы бірнеше жобалар да өзіндік өзгерістер әкелді. Өткен оқу жылындағы жоба нәтижесінде мектепте «Ашық аспан аясында оқу» жобасы биыл жұмысын бастады. Жобаның мақсаты – жас ұрпақты ақпараттық құрылғылардан алыстатып, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, функционалдық сауаттылығын жетілдіру, ынтымақтастықта бірлескен жұмыс жасауға дағдыландыру. Жобаны жүзеге асыруда мектеп ауласына киіз үй құруды жоспарлаудамыз.

Киіз үйде оқыту – жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарымызды дарытуға, қашықтан оқудан кейінгі білімдегі олқылықтарды жоюға көп үлесін тигізері сөзсіз. Киіз үй ішінде кітап сөрелері қойылады, бекітілген кесте бойынша ауызша пәндер және кітап оқуға негізделген іс-шаралар өткізіледі. Мектепте жүзеге асырылып жатқан жобалар нәтижесінде педагогтер жұмыс барысында туындаған қиындықтарды шешу үшін әкімшіліктен нұсқаулық, тапсырма күтпей, өз кәсіби мәселелерін өздерінің әріптестерімен бірлесе отырып,  үнемі ізденіс арқылы шешуді игерді.

Бағдарламаның басты ерекшелігі: ұстаздар мектепте көшбасшылықты дамыту идеясына қатысудың ерекше мүмкіндігін ғана алып қойған жоқ, сонымен қатар мектепте өздері өзгеріс жасай алатынына кәміл сеніп, білім беру саласындағы реформалар, білім беру үдерістерін іштен білетін және түсінетін қарапайым ұстаздар екеніне көз жеткізді. Жалпы тиімді көшбасшылық әрқашанда оң өзгерістер мен жаңа көзқарастарды енгізудің басты кепілі екені сөзсіз.

Базаргүл СЫЗДЫҚОВА,
Мұхтар Әуезов атындағы
№86 мектеп
гимназия директоры, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий