Жастардың тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді
Қазіргі қоғам алдында тұрған өткір мәселелердің бірі – тәрбие. Жас ұрпақтың бойындағы негізгі құндылықтар отбасынан басталады десек, мектеп – бағыт – бағдар беруші орта. Бүгінде мектеп оқушыларының түрлі тәртіпсіздікке жол бермеуіне, үлкен мен кішінің жарасты сыйластығын қалыптастыруда, ағайын-туыстардың ауызбіршілігін орнықтыруда әкелердің ықпалы ыдырап, үлкендердің тыйым салмауы жас буынның тәрбиесіне балта шабуда.
Өзімнің сараптауым бойынша бұрындары әкелер ұлдарын қастарына ертіп ел аралайды екен. Көрегенді шаңырақ, ақылгөйі бар ақсақалдарды көрсетеді екен. Мұндағы негізгі мәселе: балаға өзге шаңырақтағы ұлағатты істерді көрсету болған екен. Ал, қазір ше?! Әкелер емес…Шешелер сөйлейтін заман болды. Халқымыздың болашағы – ұрпақ тәрбиесінде екендігін кейбір шешелер біле ме екен?! Тәрбие жетілген сайын, халық соғұрлым бақытты болатындығы тарихи шындық.
Мен ұстаз ретінде қазіргі таңда оқудан да жоғары тәрбие болып отырғанын айтқым келіп отыр. Бала жүрегіне баратын жолды тағылымды тәрбиеден бастауымыз керек. Тәрбиесі кемшін зияткер тұлға қоғамға тек зиян әкелетінін көзіміз көріп отыр. Біз биылғы оқу жылында қашықтықтан оқытудан кейін тәрбие мәселесіне үлкен көңіл бөлу керектігін пайымдадық. Қазіргі таңдағы қала тұрғындарының күнделікті өмір-тіршілігіне көз жүгіртіп көрейікші. Бір үйдің анасы да әкесі де жұмысына ертеңгісін кетеді, кешке оралады. Баласына уақыты жеткілікті ме? Жоқ, әрине.
«Мен баламмен күніне неше сағат өткіземін?», «Неше минут баламды тәрбиелеу үшін жұмсаймын?», «Баламмен бірге қандай іс жасаймын, балама бөлген уақытым жеткілікті ме?» деп осы менің мақаламды оқып отырған әрбір адам қолын жүрегіне қойып ойланып көрсінші… Баламызға бөлетін уақытымыз жеткіліксіз екені айдан анық. Қазіргі баланы ата-ана емес, ютуб пен тик-ток тәрбиелеуде. Бұл – індет болды. Балалар теледидарды да менсініп көре қоймайды, көрсе де белгілі бір бағдарламалары бар, соны ғана көреді.
Мектеп басшысы ретінде үлкен ауқымды мәселелерді көтеріп, мақала жазуыма болатын еді, бірақ мен үшін бүгінгі көтеріп отырған мәселем маңыздырақ. Бұл зияткерлік білім беруден де маңызды, себебі жас буынның өмір сүру салты машинаның жұмыс жасауына ұқсап барады. Моторын қозғауға ресурсы болса болғаны. Отбасынан жұмысын жоғары қойған жастар. Тіпті кейбір көзі ашық жас аналарымызың әлеуметтік желілерге ойланбастан баланың тәрбиесіне кері әсер ететін мәліметтерді жариялайтыны ойландыратын мәселе.
Бала мен әкенің, бала мен ананың арасы алыстап кетпеуі керек. Бала үшін үйдің жылуын сезінуі маңызды, үйдің жылы тамағын әкесімен бірге отырып ішуі, бірге теледидар көруі, бірге қыдыруы, тіпті әке-шешесімен бірге дүкенге баруының өзі – тәрбие. «Жүз мұғалім берген тәрбиеден – бір әкенің тәрбиесі әлдеқайда артық», – деп бекер айтылмаған. Қазіргі күні балаға ата-ана тарапынан берілетін қажеттілік – қоғамда деффицит болып отыр.
Ойымды қорыта келе, ата-ана мен мектеп тарапынан ең бірінші баланы еңбек арқылы тәрбиелеу – тығырықтан шығудың бірден бір жолы деп айтар едім. Себебі, еңбектену бала арқылы ғана жауапкершілікті сезінетін болады. Жас ұрпақты еңбекке тәрбиелеу – маңызды педагогикалық процесс. Өйткені, болашақ қоғам азаматтары өздерінің адамгершілік қасиеттерін, абыройын, өмірден алатын орнын тек қана еңбек арқылы ғана ақтай алады. Еңбекке баулуда бала күнделікті өмірге қажетті дағдылар мен ептіліктерді меңгеріп қана қоймай, еңбек баланың ақыл-ойының дамуына әсер ететіндей, бастаған ісін соңына дейін аяқтауына, оның әсем де әдемі болуына назар аударту көзделеді.
Еңбекке тәрбиелеудің негізгі мақсаты – еңбексүйгіштікке тәрбиелей отырып, оның нәтижесіне қуана білуге, балалардың күшін толықтыруға және денсаулығының нығаюына жәрдемдесу, дене қозғалысының үйлесімді, сергек болуына ықпал ету. Осы мақсатта биылғы жылы лицейімізде «Еңбек – жауапкершілік негізі» жобасын жоспарға енгізіп отырмыз. Әр буын бойынша атқарылатын жұмыстардың жоспары жасалынды. Мысалы, бастауыш сыныптар үшін еңбек тақырыбына арналған сахналық ертегілер, қойылымдар көрсетеді.
Оқушылар өз күштерімен әрбір жағымды кейіпкерді сомдау арқылы, бойына керекті құндылықты алады. Орта буын сыныптары еңбек тақырыбындағы қазақ әдебиеті мен әлем әдебиеттеріндегі шығармаларды сахнада сомдап, еңбек арқылы жетістіктерге жеткен кейіпкерлерден үлгі алса, екінші жағынан сахна мәдениетін меңгереді, көрермендер алдына шығып бойларындағы қасиеттерін ашуға мүмкіндік алады.
Ал, жоғары сынып оқушылары – еңбегімен еленіп, талай шыңдарды бағындырған танымал тұлғалардың өмірі мен еңбектерін іздестіріп, шешендік сөйлеу өнері арқылы ТЕД х клубы жобасы аясында өз ойларымен бөліседі. Биылғы жылы І жартыжылдықты қорытындылау кезінде оқушыларымыз осы жобаларды жүзеге асырып, сахналық қойылымдар мен шешендік сөйлеу өнерлерін ортаға салды. Атқарылған іс-шаралар негізінде киноролик жасалынып, қала көлеміне таратылу көзделіп отыр.
Зәуре ЖУСУПОВА,
Шейх Халифа бен Заид Әл-Нахаян
атындағы №84 мектеп-лицейінің
директоры, Нұр- Сұлтан қаласы