Бастауыш білімді дамытудың жаңа тәжірибесі
Күллі ғаламдағы әрбір ұлт пен халық үшін тәуелсіздіктен қымбат, құнды ештеңе жоқ. Осынау құндылықты жанын қиып, болашақ ұрпаққа тарту еткен ата-бабамызға тағзым етеміз. Ордалы 30 жылда еліміз көптеген жетістіктерге жетті. Алдағы уақытта да толағай табыстарға қол жеткізері сөзсіз. Мемлекетіміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты – азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау біздің басты мұратымыз.
Қазақстандықтар қиың кезеңнің барлық ауыртпашылықтарын жеңіп, әлемдік деңгейге көтерілді. Республикамыздың осындай биіктіктерді бағындыруына барлық адамның үлесі бар. Бүгінгі таңда білім беру технологиялары оқытудың жаңа парадигмасын іске асыратын құрал ретінде қарастырылады. Білім беру технологияларының тәжірибеге енуі тұлғаның өзін-өзі тануына және өзін-өзі дамытуға мүмкіндік беретін жан-жақты білім берумен қатар тәрбиені ұштастыра жүргізуге тікелей байланысты. Қазіргі таңда технологиялар «Білім беру технологиялары», «Педагогикалық технология», «Оқыту технологиялары» деген терминдермен қолданысқа енуде.
Осылардың ішінде «педагогикалық технологияның» ауқымы өте кең. Себебі, онда терең білім берумен қатар оқушының, үйренушінің тұлғалық сапасын дамыту және тәрбиелік аспектісі бар. Осындай технологиялардың бірі – біз сөз еткелі отырған «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Жаратылыстану ғылымдар академиясының корроспендент-мүшесі Оразахынова Нұрша Алжанбайқызы, өзі зерттеп, зерделеп, отыз жылға жуық уақыттан бері тікелей мектеп пен колледж, жоғары оқу орындарының білім жүйесіне енгізіп келе жатқан технологиясы туралы былай дейді:
«Сатылай кешенді оқыту» технологиясы дегеніміз – оқыту мақсаты, міндеттері, әдіс-тәсілдері, өзіндік ерекшелігі бар және студенттерге білімді ғылыми негізде сатылай, жүйелі, кешенді меңгертіп, оларға ұлттық құндылықтарды бағалай, қолдана білуге машықтандыратын оқыту. Сатылай кешенді талдау оқушыларға қазақ тілі ғылымының мазмұны мен жүйесін, оның сөздік құрамы мен грамматикалық құрылысын, сөйлеу тілінің байлығын және әдеби тіл нормасын үйретіп, дұрыс сөйлеу, сауатты жазу дағдысын қалыптастырады. Сол арқылы басқа пәндерді сауатты меңгеруге негіз қаланады».
«Сатылай кешенді оқыту» технологиясы – тек қана білімді белгілі бір көлемде беріп, қажетті шеберлік пен дағдыны қалыптастырумен ғана шектелмейтін, сонымен қатар баланың жалпы тұлғалық дамуына, ойлау, есте сақтау, қиялдау, елестету сияқты басқа да танымдық-психологиялық қасиеттерінің жақсы үйлесімді дамуына бағытталған оқытудың түрі.
Ғалым-әдіскер бұл технологияның теориялық негізі Алаш зиялыларының психология, педогогика, әдістеме саласындағы ой тұжырымдары екенін үнемі айтып келеді. Сонымен қатар бұл технологияның он деңгейін ойластырып шығарған. Ғалымның еңбектерін оқи отырып, осы он деңгей арқылы мұғалімнің де білім алушының да сатылап жетістікке жететіндігін аңғардық. Сондықтан Нұрша Алжанбайқызымен байланыс орнатып, «Сатылай кешенді оқыту» технологиясын бастауыш сыныптарда тәжірибеге енгізуді мақсат еттік.
Ең алдымен Білім басқармасы және Білім беруді жаңғырту орталығының ұйымдастыруымен оқыту кезінде болған олқылықтарды толықтыру мақсатында ұйымдастырылған «Профессор сабағына» 4-сынып оқушысын автордың «Сатылай кешенді оқыту» технологиясымен өткен онлайн дәрістеріне қатыстырып, білімдерін шыңдадық. Қашықтан профессорлық сабақ нәтижесі ретінде офлайн форматта ата-аналардың қатысуымен сыныпішілік 15 оқушы қатысқан олимпиада өткізілді. Жеңімпаздар марапатталды.
Биылғы 2021-2022 оқу жылынан бастап бастауыш сыныптарда сатылай кешенді талдау технологиясымен оқытуды факультатив сабақтарымен қатар қазақ тілі пәніне кіріктіріп оқытуды бастады. Бастауыш сынып мұғалімдері мен оқу ісі жөніндегі орынбасары Тулегенова Нагила Жолтаевна жазғы ауысымда Білім беруді жаңғырту орталығының ұйымдастыруымен болған дайындықтан өтті. 1-сыныпта фонетикалық бірліктерді, 2-сыныпта фонетикалық және морфологиялық бірліктерді, 3-4- сыныпта синтаксистік бірліктерді сатылай кешенді талдауды үйретеді.
Қараша айының үшінші аптасында «Сатылай кешенді талдау технологиясымен Қазақстан Республикасының 30 жылдығына оқушылар арасында сыныпішілік олимпиада ұйымдастырылды. Сыныпішілік олимпиадаға сыныптың барлық қатысқысы келген оқушыларына мүмкіндік берілді. 1-сыныптан 165 оқушы, 2-сыныптан 131 оқушы, 3-сыныптан 188 оқушы, 4-сыныптан 229 оқушы, барлығы 713 оқушы қатысып, 25-желтоқсанда өткен мектепішілік кезеңге 154 оқушы өтті.
Әр сыныптан сынып ерекшелігіне қарай талаптарды орындап шыққан ойы жүйрік оқушы таңдап алынды. Мектепішілік олимпиадаға сыныпішілік олимпиададан іріктелініп алынған оқушылардан команда жасақталынып өткізіледі. Мектепішілік олимпиадаға қазылар алқасының мүшелері педагогика ғылымының докторы, профессор, «Сатылай кешенді талдау технологиясының авторы Оразахынова Нұрша Алжанбайқызы мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының аға ғылыми қызметкері Кенжебаева Гүлдариға Мерекебайқызы қатысты. Олимпиада халықаралық деңгейге дейін ұйымдастырылады. Осылайша жүйелі түрде сатылай кешенді талдау технологиясын қолдану арқылы бастауыш сыныптарда білім сапасын арттырамыз деген сенімдемін.
Марал КАЗИЕВА,
«Шейх Тәмим бен Хамад әл-Тәни
атындағы №85 мектеп-лицейжің
директоры, Нұр-Сұлтан қаласы