Мұғалім – мектептің жүрегі
Еліміздің ертеңі, тәуелсіздігіміздің тұғыры, егемен еліміздің тірегі – білімді ұрпақ. Қоғамда болып жатқан қарқынды әлеуметтік қозғалыстар білім саласына да тың өзгерулер мен жаңарулардың бастамасын қажет етуде. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Ж.Тоқаев Қазақстан халқына үндеуінде Ахмет Байтұрсыновтың «Мұғалім – мектептің жүрегі» сөзін мысалға келтіре отырып, «жақсы мұғалімдер керек…» тұжырымдамасы «сапалы білімнің тетігі – мұғалімде» екенін атап өтті.
Сонымен қатар, сапалы білімге қолжетімділікті арттыру, педагогтерге жоғары кәсіби қажеттілік, мұғалімдер кадрларының тапшылығы бар өңірлерді қолдауда үздік педагогтерді тарту бойынша бағдарламалар дайындау міндеттері қойылды. Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу, дарындылығы мен талантын ашу, шығармашылық ойлау қабілетін жетілдіру, сыни ойлауын қалыптастыру, олардың өзіне деген сенімін арттыру, яғни өмірде өз жолын өзі таңдауына түрткі болу – мұғалімдер қауымының бүгінгі таңдағы абыройлы борышы мен парызы.
Демек, сапалы білімге қалай қолжетімділікті арттырамыз, кәсіби қажеттіліктердің орнын қалай толықтырамыз? Олқылықтардың орнын толтыратын жолдар бар ма? Осы сауалдар мұғалімдер қауымының басты мақсаттары болуы тиіс деп ойлаймыз. Сапалы білімге қолжетімділікті арттыру барысында біліктілікті арттыру институтында ұйымдастырылып жатқан педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру курстарының ең басты мақсаты пән мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту болса, міндеттері барысында оқыту мен тәрбиелеу процесінде жаңа педагогикалық технологияларды, инновациялық әдіс-тәсілдерді оқып-үйренуге және қолдана алуды, педагогикалық процесті жоспарлауды қарастырады.
Бірақ та, осы біліктілікті арттыру курстарынан өткен мұғалімдер «өз жұмыстарын жоспарлау барысында мұғалімдер әрі қарай алған ілімдерін қолдана ма?» деген сауалдардың туындауы да жоқ емес. А.Байтұрсынов айтқандай, оқу – мектепсіз, мұғалімсіз болмайды. Егер де мектептің ұстанымы этнопедагогика мен этнопсихология ғылым салаларына құрылса оңтайлы жетістіктерге жеткізері сөзсіз. Сапалы білім беруде оқу мен тәрбиенің бірге ұйымдастырылуына мән беріп, бүгінгі ұрпақ – келешек болашақ екенін ұмытпағанымыз жөн.
Ұлы ғалым Әл-Фарабидің «Адамға бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген сөзінің өзектілігі әлі де жойылған емес. Заманауи білім беруде мұғалімдердің білім сапасын арттыруда инновациялық іс-әрекеттеріне жаңа ғылыми идеяларды игере отырып, өз жұмысының нәтижесін ұғыну, жаңа әдістер мен тәсілдерді өз бетінше үйлестіру, инновациялық тәжірибелерді қабылдау, өзгерту, жетілдіру, қолдана алу, үздіксіз озық тәжірибелерді енгізу, тарату бағыттарын жатқызамыз және жүйелі жұмыс жасау талап етіледі.
Талап ету барысында мұғалімдерге әдістемелік көмек беру, бағыт беру, ұжым арасындағы іскерлік ахуал, моральдық жағдай жасауды да ұмытпауымыз қажет. Білім, тәрбие ұзақ жол. Ұзақ жолда қажырлы еңбек ету білікті, білімді маманның іскерлігін алға тартады. Шығармашылығын таңдауға үйренген ұстаздың қоғамға берері де мол. Мұғалімдердің қателіктері қоғам үшін өте қауіпті, ал олардың жүйелі жетістіктері мен нәтижелері ұлттың, Отанымыздың өркениетті тағдырына көп жылдар бойы азық болмақ. Бәсекелестік ғасырда кемелденген азаматтарды оқыту мен тәрбиелеуде біліміміз бен білігімізді, күш-қайратымызды жұмсап, «Мұғалім мәртебесін» асқақтата беруге қызмет жасайық!
Галия Сапарбекқызы ЖУСУПОВА,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы»
акционерлік қоғамының филиалы Қостанай
облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін, кафедра меңгерушісі