Қайғылы жағдайдан сабақ алуымыз керек

«Қаңтардағы қасірет» атауымен тәуелсіз Қазақстан тарихында орын алған қанды оқиға неден бастау алып, қалайша өрбігенін бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп, оқып білмегендер кемде-кем.  Мұндай аласапыранның туған жерімізде орын алып жатқанын мойындау да қиын болды.  Әсіресе, ірі мегаполисіміз саналатын Алматыдағы бүлікті теледидардан қараудың өзі қаншалықты  ауыр болғаны айтпаса да түсінікті.

Ал сол қаланың қақ ортасында содырлардың шабуылына қасқая қарсы тұрып, мерт болғандарды жариялағанда, қабырғасы қайыспаған жанның қалмағаны анық.  Өзге өңірлерде де арандаған аяусыз агрессия, мемлекет басшысы айтқандай,  бүлікшілердің жан-жақты ойластырған жоспары екенін дәлелдеді. Президент  мұның бейбіт бас көтеру емес, террорлық акт екенін бірден аңғарып,  лаңкестер құрамында тыңғылықты дайындықтан өткен шетелдік содырлармен қатар, жергілікті бұзақылар да барын жеткізді.

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» демекші, сырттан кірген содырларға ерген жергілікті  арандатушылардың да қатары қалың болған секілді. Арандатушы демекші, олардың жергілікті қолдаушыларының бірі жіберген болуы керек, қаңтар айының бесі күні әріптесім Р.-ң телефонына «Алаңға жиналыңдар!» деген хабарлама келіп түсіпті. Шынында да, дәл сол күні орталық көшемен автобуста келе жатып, облыстық әкімдік ғимаратының алдында шоғырланған топты көзім шалды. Абырой болғанда, қостанайлықтар бейбастыққа бой алдырған жоқ.

Президентіміз Қ. Тоқаевтың батыл шешімдері арқасында елге төнген қауіп-қатерге тойтарылыс берілді. Қазақстан халқына үндеуінде Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біз мемлекеттік егемендігіміз бен территориямыздың бүтіндігіне нұқсан келтіруге жол бермейміз»дей отырып, мұндай оқиғалардың қайталанбау керектігін қадап айтты. Мемлекет басшысы айрықша атап айтқандай,  болашақта басымыздан өткерген қайғылы жағдайдан сабақ алуымыз керек. Бұл ретте, әсіресе ел болашағы – жастармен жұмыс істейтін педагогтерге де үлкен жауапкершілік жүктелуі тиіс. Барлық білім беру ұйымдарында қаңтар оқиғасы туралы оқушылар мен студенттер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілгені абзал.

Қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуге жаңаша тың серпін беретіндей нақты іс-шаралар жоспары жасалып, жүзеге асырылуы қажет деп санаймын. Олардың қатарында ашық тәрбие сағаттары,арнайы талқылаулар, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, тәртіп сақшыларының шақырылуымен осы тақырып шеңберінде арнайы кездеслер өткізіліп, арасында қаңтар оқиғасынан жанды кадрлар көрсетілер болса, жастар сезіміне, санасына қозғау салған болар еді. Осылайша білім беру саласының қызметкерлері мемлекет басшысына қолдау білдіріп, жас ұрпаққа елдің бірлігі мен берекесі бәрінен қымбат екенін  сезіндіретіні хақ.

Ұстаздарымыз да, шәкірттеріміз де  «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деген  тілектің қадіріне де тереңірек  бойлайтын болады. Сондай-ақ жастарымыз жел сөзге еріп, арандатушылықтың жетегіне еріп кетпеуге тиіс.Осы тұста тағы да Президентіміздің «…Интернетке еркіндік берілгенімен, ойына келгенді жазуға, жалған ақпарат таратуға, біреуге тіл тигізуге, арандатушылыққа жол берілмейтінін ескертемін» деген сөздері тілге оралады. Қызу эмоцияға бой алдырмай, әр сөзімізге, әр ісімізге абай болғанымыз жөн. Ел басына  қауіп-қатер төнген қиын шақта мемлекет басшысының батыл әрекеті мен «Қастерлі Отанымыз- Қазақстан әлем картасындағы егемен ел ретінде қуатты мемлекетке айналады, экономикамыз неғұрлым қарқынды дамиды, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы жақсара түседі…

Біз – мықты халықпыз. Төл тарихымызда талай жаугершілік заманды, ашаршылықты және басқа да алапат қиындықты бастан өткердік. Соңғы күндердегі қайғылы оқиғалар біз үшін тағы бір сынақ болды. Оны еңсеріп, бұрынғыдан да мықты боламыз» деген жалынды сөздері (Қ.Тоқаевтың ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінен, 12 қаңтар), болашаққа деген нық сенімі халқымызды жігерлендіріп, үмітін үкіледі.  Еліміз мықты, қуатты болуы үшін, бәріміз мемлекет басшысына зор қолдау білдіріп, бірлігімізді бекемдей түсейік,  тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірінің өрлей беруіне үлес қосайық!

Биалаш  СҮЙІНКИНА,
ҚР Білім беру ісінің үздігі,
ҚР Білім беру саласының құрметті
қызметкері, Қостанай қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий