Бес білім нысаны пайдалануға берілді
Өңірде үш жаңа мектеп пен 2 білім нысанының қосымша ғимараты пайдалануға берілді. Тараз қаласының «Шалғай қарасу» алқабындағы 600 орынды жаңа мектептің құрылысы жергілікті тұрғындардың өтінішіне сәйкес жүзеге асып отыр. Жобалық құны 2,1 млрд. теңгені құрайтын нысанды мердігер – «ТемірСтройСервис» ЖШС салған, – деп хабарлайды Жамбыл облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
– Соңғы екі жылдың өзінде өңірімізде 41 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Биыл 24 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде жеті жекеменшік білім ордасы бой көтереді. Нәтижесінде, облысымыздағы апатты жағдайдағы, үш ауысымды, орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі шешілмек. Мұның бәрі оқушылардың жайлы жағдайда, сапалы білім алуы үшін жасалуда. Өз кезегінде балаларымыз да тәрбиелі, білімді болып бой түзеуі керек. Оған мектептегі педагогтармен қатар ата-аналар да атсалысуы тиіс, – деді осы салтанатты рәсімде сөз сөйлеп, жиналғандары қуаныштарымен құттықтаған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев.
Байзақ ауданы Жібек жолы ауылындағы 150 орындық жаңа мектеп небәрі 4 айда пайдалануға беріліп отыр. Өткен жылдың қыркүйек айында басталған құрылыс жұмыстарын мердігер «Сырым Белеке» ЖШС бүгінде толығымен аяқтаған. Еске сала кетейік, өткен жылы тамыз айының соңында Байзақ ауданында орын алған төтенше жағдай салдарынан аталған №5 ескі мектептің ғимараты мүлде жарамсыз күйге түскен болатын.
Шахан ауылы тұрғындарының да өтініші орындалып, бар-жоғы жеті айдың ішінде 100 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұған дейін ескі мектепте оқыған оқушылар енді жаңа, жайлы, заманауи әрі сапалы салынған нысанда білім алмақ. Облыс әкімі биыл мектепке келетін ауылішілік көшелер жөнделіп, жарықтандырылатынын айтты.
Загрузка...Көкөзек ауылындағы Т. Ақбозов атындағы орта мектеп ғимаратына, Сарыкемер ауылындағы Байзақ колледжіне жанама салынған құрылыс жұмыстары аяқталып, ел игілігі үшін қызметін бастады. Нәтижесінде оқу орындары кеңейтіліп, онда кең әрі жайлы спорт зал және асхана пайда болды. Бұл мұнда білім алушылардың уақыттарын тиімді өткізуге, спортен жүйелі түрде шұғылдануына зор мүмкіндік беруде.