Сөз бен істің бірлігі – нәтиже
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында Қазақстан халқына Үндеу жасады. Бір сағатта көп нәрсе талқыға түсті. Бәрі маңызды, бәрі халықтың жан айқайынан шыққандай. Президент өзінің сөйлеген сөзінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қызметіне қатыстысын айтты: шағымдар жиі түсетінін жасырмады, «Самұрық-Қазына» қоры мен басқа да ұлттық компаниялардың сатып алу тәртібін қайта қарау қажеттігін,

Қордың активтері елдің жалпы ішкі өнімінің 60 пайызын құрайтынын және оның қызметі экономиканың дамуына тікелей әсерететінін айта келіп, сұрақы төтесінен қойды. «Қор өз міндеттемелерін орындап жүр ме, ұлттық байлықты арттыра ма? Үлкен жалақы алатын қызметкерлер не істеп жатыр? Қызметтері қымбат шетелдік мамандарды тартудың пайдасы бар ма?» дей келіп, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірге квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау бойынша ұсыныстарды әзірлеу мақсатында Үкіметке тапсырма берді.
«Егер қорды реформалау мүмкін болмаса, онда ол біздің экономика да болмауы керек»,-деді Президент. Шынымен де, өзге елден маман іздегенше, өз еліміздегі мамандарға неге жүгінбеске!? Бір ғасыр бұрын бір қазақ бүкіл қазаққа ұстаз болған. Интернет мүмкіндігі шексіз, оқу орындары да бар. Керек мамандар жоқ емес, жетеді! Қаражаттың дұрыс жұмсалуы да үлкен мәселе, «Жалақы алатын қызметкердің жұмысы соған сай ма?» деген сұрақ көптің көкейінде жүр. Ал қордың осыншама пайызы елдің ішкі өнімін алып тұрғанын ескерсек, бұл кейін шешілетін сауал емес екендігіне тағы да көзіміз жетеді.
Келесі Атамекен гранты 400 АЕК-ке көтерілгені. Бізде нарықтық экономика. Тауардың не қызметтің құны өсе береді. Шағын және орта кәсіпкерлікке енді ғана қадам басқысы келетіндер үшін керемет мүмкіндік. Себебі де түсінікті, бизнес үшін инвестиция артты. Жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасы. Бұл Елорда тұрғындарына ғана қатысты дейді кейбіреулер, жоқ, бұл елге де қатысты. Рас, әубастан-ақ бұл қате болды, өкінішке қарай тасықаланды. Қазір қаққан қазықтары қарайып, жұмысы толық аяқталмай, жолда қалды. «Жемқорлықтың иісі бар»,- деп Президенттің өзі айтып отыр. Желге кеткен ақша…
«Сәтсіз жобаның жұмысы жалғаса ма, аяғы немен бітеді?»,- деген сауал туындайды. Алып жатқан жері аз, арасы жаңа вокзал мен аэропорт, бүкіл қаланы қамтымайды. Қаншама млрд. жұмсалды, егер жұмысын жалғастырса, әлі қыруар қаржы жұмсалмақ. Меніңше, егер, транспорт тек жоғарыда аталған жерлер үшін жүретін болса, онда жобаны жапқан жөн, ал құрылысы бүкіл қаланы қамтыса, онда жақсы болады. Себебі, елорданың төрт ауданы да соған қол жеткізе алады.
Бюрократия және оны азайту туралы айтылған сөз орынды естілді. «Біз де есепті есеп үшін, қадағалауды қадағалау үшін істейді»,-дейді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. «Конституция бойынша Қазақстан әлеуметтік ел. Республикалық бюджеттің 50-ге жуық пайызы әлеуметтік шығындарға жұмсалады. Бұл жеткіліксіз, бізде ұлттық қор бар, ол елдің қаржылай тірегі. Бүгін Қоғамдық қор құруға тапсырма беремін. Атауы «Қазақстан халқына». Бұл қор президенттік те, үкіметтік те емес, ол бүкіл қазақстандықтардың қоры.
Оның жұмысын қадағалау үшін арнайы уәкілетті бақылау кеңесі құрылады»,- деді Президент өз үндеуінде. Алматыда болған жағдай қаланы өзгертті, алайда жиналатын қор қаланы қайта гүлдендіруге септігін тигізеді. Сонымен қатар қор сирек ауруға шалдыққан балалардың емін өтеуге, ауыл аймақтарда мектеп салғызуға көмектеседі. «Қазақстан халқына»қоғамдық қоры ел азаматтарының әлеуметтік әділеттілігін нығайтуға да бағытталады.
Негізгі концепциясы осы. Халықаралық рейтингтер бойынша бай болып отырған олигархтар мен көлеңкеден шықпай жатқандар жиі сол қорды қаржыландыруы керек екендігін Президент ескертті. Бұл ұсыныс та жақсы. Басқа да мәселелер көтерілді, сүйектен өтетін сөздер айтылды. Бірақ ең бастысы: сөз бен істің бірлігі–нәтиже. Ел тұрғындары саяси сауатты бола бастады, мемлекет мүддесі бәрімізге тиесілі екендігі уақыт өте келе түсінікті болып отыр. Халық пен билік жұмылып жұмыс істеп, тиісті деңгейге жеткенде, біз еліктеуіш емес, бізге қарап еліктейтін елге айналамыз.
Әділет АМАНГЕЛДІ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика
және саясаттану факультетінің 4-курс студенті