Мамандығым – мақтанышым
Адам боп жаратылған соң, өмірді мәнді де, мағыналы етіп сүргің келеді. Осы жолда көмекке келетін нәрсе – атқаратын ісің, жасайтын жұмысың, таңдаған мамандығың. Кейбіреулер мамандық таңдауда қателесіп жатады. Ал сәтті таңдалған мамандық оның сүйікті ісіне айналып, кісіге өмір бойы шабыт сыйлап өтпей ме?! Менің мамандығым – мұғалім. Ұстаздық – күллі мамандық атаулының анасы. Ұстаздық жолына түсуіме балаларды жақсы көріп, олармен жұмыс жасауға деген қызығушылығым түрткі болды.

“Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл”, – деп Шәкәрім бабамыз жырлағандай, мұғалімдердің жасап жатқан жұмысы, яғни шәкірттерге білім мен тәрбие беріп, дарындылығын ашып, “болатын баланың бетін қақпай, белін буып” қызмет етуі – ұлы іс деп білемін. Оқушысы жетістікке жеткен сайын оқытушысының көңілі марқайып, мерейі үстем бола береді. Шәкірттердің білім жолына түсуі де, оң мен солын, жақсы мен жаманды ажырата отырып, тұлға болып қалыптасуы да, дұрыс армандап, болашақ мамандығын таңдай алуы да – бәрі-бәрі ұстаздардың ұлағатты ісі, ерен еңбегі екені айдан анық.
Қазіргі заманда мұғалімдердің білімі мен білігін айтпағанда, жаңашылдық, ізденімпаздық сипаты белең алуда. Өз мамандығының қас шебері болу үшін оқытушылар шәкіртке тек қана білім беріп қоймайды, баланың жан-жақты ойлау деңгейін қалыптастырып, функционалды сауаттылығын арттырады. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: “Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру”, – дегеніндей, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелейді.
Ал бәсекеге қабілетті болу үшін заманға сай білім мен білікті, тәрбие мен құндылықты барынша бойларына сіңіру қажет. “Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады”,– деп орыс педогогы К.Д.Ушинский айтпақшы, біздер біліміміз бен біліктілігімізді арттыру мақсатында күн сайын ізденіс үстінде боламыз. Ұйымдастырылып жатқан оқулар мен байқауларға қатысып, шыңдаламыз. Үйренгенімізді практика жүзінде қолдана отырып, жұмысымызды жандандырамыз.
Шәкіртке білім бере отырып, оның белсенділігін қалыптастыру – жаңа мазмұнда оқытудың басты мақсаты болып табылады. Осы мақсатты жүзеге асыруда балалардың бастауыш сыныптағы игерілуге тиіс білімді үйренуге деген қызығушылығын оятып, сабақтың қызықты да, сапалы өтілуін қадағалап, тиімді әдіс-тәсілдер арқылы оқытуды ұсынып келемін. Оқушыларды шығармашылыққа баулу да біздің бір парызымыз болғандықтан, үнемі алға қарай ұмтылып, жаңалыққа құмар жаңашыл ұстаз болуға тиістіміз.
Балаға берілетін білімді түрлі ойындар арқылы ұйымдастыру – күрделіден жеңілге қарай, жалықтырмай, керісінше қызықтыра жеткізуге мүмкіндік береді. Себебі бала ойнап жүріп, ойлауды үйренеді. Қазақта: “Ойнай білмеген бала ойлай білмейді” деген орынды айтылған сөз бар. Бейнесін, суретін көріп отырып игерген білім баланың санасында мәңгіге сақталып қалады. Ойын түрлерін жаңалап отыру да – әрбір заманауи педагогтың күнделікті жоспарынан көрініп отыруы тиіс.
Әр сабағымда балалардың жас ерекшелігі мен қабілетіне сай оқытудың әдіс-тәсілдерін пайдаланамын. Сәтті таңдалған сүйікті мамандығым арқылы мәңгілік еліміздің ұл-қыздарына алғашқы білімді берудемін. Сабақ сайын қолданатын инновациялық әдіс-тәсілдерім арқылы жас жеткіншектердің шабытын, қабілетін оятып, шығармашылығын шыңдауға өз үлесімді қосудамын. Көздерінде оты бар, жалынды жастарды көргенде ұстаз еңбегінің текке кетпей жатқандығының куәсі боламын.
Біз осындай білімді де, тәрбиелі, өнерлі шәкірттерімізбен мақтанамыз, марқаямыз, рухани жаңғырып, келешекке зор сеніммен қараймыз! Қорыта айтқанда, мектепте беделді, қоғамда сыйлы ұстаз болу үшін үнемі ақыл-ойыңды дамытып, пайым-парасатыңды кеңітіп, күнделікті әдіс-тәсілдеріңді жаңартып, жетілдіріп отыру керек. Педагог дайындаған шәкірт – ертеңгі еліміздің келешегі.
Алдағы уақытта мемлекетіміздің тағдыры сол білімді де, білікті ұрпақтың қолында. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарап, саналы шәкірт дайындауда барша мұғалімдерге шығармашылық шабыт тілеймін! Осындай асыл мамандықпен қызмет етіп жүргенімді қашан да мақтаныш етемін!
Жансая САЛЫҚБАЕВА,
Боранқұл жалпы білім беретін
мектептің бастауыш сынып мұғалімі,
Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы