Инклюзивті білім беру: балаларды психологиялық – педагогикалық қолдау қаншалықты дамыған?
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Инклюзивті білім беру орталығының директоры Бутабаева Лаура Асқарқызы Қазақстандағы ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту, инклюзивті білім беру жағдайында білім алушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау туралы айтып берді.
Сіздің ойыңызша, Қазақстанда инклюзивті білім беру ортасы қаншалықты қалыптасқан? – Әлемнің бәсекеге қабілетті елдерінде инклюзив білім беру – жалпы білім беру жүйесін дамытудың маңызды бағытының бірі. Дамыған елдерде инклюзив білім беру әр адамның қандай да бір кемсітусіз білім алу құқығын іске асырудың маңызды құралы ретінде әлдеқашан мойындалған. Инклюзив білім берудің негізгі идеясы – қандай да бір ерекшеліктеріне қарамастан, кез келген баланың сапалы білім ала алуы, қоғамдағы әртүрлілікті мойындау.
Бала өмірге қандай болып келуді таңдай алмайды. Кез келген бала, қандай болып туғанына қарамастан, қоғамның басқа мүшелері сияқты барлық салада тең құқылы бола алуы керек. Баланың қандай да бір кемшілігін бетіне басып, оған шектеу қою қоғамның моральдық келбетін, адамгершілік деңгейін көрсетеді. Барлық бала сапалы білім алуға, әлеуметтенуге, қоғамға керек екенін сезінуге құқылы. Осындай жағдай жасай білген мемлекет, қоғам, мектеп инклюзивті бола алады. Соңғы жылдары бұл бағытта алға жылжу, даму бар екені қуантады.
Қазақстанда инклюзивті білім берудің медициналық моделінен әлеуметтік моделіне, яғни психологиялық-педагогикалық қолдауға негізделген үлгіге көшу қалай жүргізіліп жатыр? – Инклюзив білім берудің медициналық моделінен әлеуметтік моделіне, яғни психологиялық-педагогикалық қолдауға негізделген үлгіге көшу – қазіргі таңдағы негізгі мәселенің бірі. Нормативті деңгейде медициналық модельден кеткенімізді көрсететін прогресс байқалғанымен, практикада ондай өзгерістің иісі де сезілмейді. Оған дәлел – қыркүйек айында жүргізілген зерттеу нәтижесі. Білім беру ұйымдарының көбінде, өкінішке қарай, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға әлі де «ярлык» тағылып отыр.
Оларды еш қысылмастан «инклюзив бала», «инклюзив сынып», «ЗПР бала» және тағы басқа деп атай береді. Мұнда тұрған ештеңе жоқ дегендей қарайды. Қазір білім алушылардың сан алуан екенін, әрқайсына жеке ықпал ету керектігін, саралап оқытуды қолданудың өзектілігін түсінетін кез болды. Демек, инклюзив мектеп, инклюзив сынып, инклюзив бала емес, барлық баланың сапалы білім алуын қамтамасыз ету дегенді ұғыну қажет.
Ол үшін қандай шаралар қажет деп санайсыз? – 2021 жылғы 26 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заңда білім беру ұйымдарындағы психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі реттелетіні, білім беру ұйымдары басшыларының ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту үшін жағдай жасамағаны үшін жауапкершілік белгіленетіні көрсетілді. Аталған мәселенің өзектілігі мектептегі психологиялық-педагогикалық қолдаудың қажеттілігі мен осы бағытта тиімді ғылыми негізделген ұсынымдарды әзірлеу қажеттілігімен анықталады.
Академиядағы Инклюзивті білім беру орталығы осы бағытта қандай да бір жұмыстар жүргізіп жатыр ма? – Инклюзивті білім беру орталығы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес 2021 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында еліміздің орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды психологиялық-педагогикалық қолдауды мониторингілеу бойынша зерттеу жұмысын жүргізді. Зерттеудің әдіснамасы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылыми-әдістемелік кеңесі талқылауынан өтіп, Нұр-Сұлтан қаласының орта білім беру ұйымдарында апробацияланды.
Сәйкесінше әдіснамаға тиісті өзгертулер енгізіліп, зерттеу құралдары жетілдірілді. Нәтижесінде 2021 жылдың қыркүйек-қазан айлары аралығында еліміздің арнайы іріктеліп алынған орта білім беру ұйымдарына іссапарлар ұйымдастырылды. Іссапар барысында педагогтердің инклюзия жағдайда жұмыс жасай білуі, білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды психологиялық-педагогикалық қолдаудың жағдайы, қызметі, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға білім беруді ұйымдастыру бойынша құжаттар, жеке білім беру бағдарламалары мен жоспарларын әзірлеу тәжірибесі, ата-аналардың инклюзивті білім беру жағдайына қанағаттануы секілді мәселелер зерделенді.
Зерттеу нәтижесінде педагогтерге инклюзивті білім беру жағдайында білім алушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау бойынша әдістемелік ұсынымдар, психологиялық-педагогикалық қолдау моделі және білім беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық қолдау қағидаларының жобасы әзірленді.
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық
білім академиясының баспасөз қызметі