Абай тұжырымдамасына негізделген мектеп

Абай – қазақ руханиятының алтын қазығы, ғұлама биігіне көтерілген тұлға. Абайдың әдеби мұрасын өмір сүру қағидасына айналдыру кейінгі буынның міндеті. Абайдың шығармашылығы – қазақ баласының өмір сүруінің формуласы. Шығармашылығы – шамшырақ, тұлғасы – темірқазық. Міржақып Дулатұлының сөзімен айтқанда: «Ең жоғары, ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай».

Абай тұжырымдамасын Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы өз бағдарына айналдырған және тұжырымдамасы Абайдың әдеби – мұрасына негізделген. Әуелгі сөз мектеп миссиясы, ұстанымы, құндылығы ұраны жайлы болмақ. Мектеп миссиясы – жас ұрпақты «Толық адам» іліміне бағыттау. Абай тұжырымдамасындағы «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста. Сонда толық боласың елден бөлек», – деген өлең үзіндісі миссиямыздың барлық болмысын кеңінен түсіндіреді.

Мектеп ұстанымы – ұлттық құндылықтарға негізделсе, құндылықтар «Бес асыл іс» қағидасына құрылған. Абай сөзімен ойымызды дәлелдей кетсек: «Ғылым таппай мақтанба. Орын таппай баптанба…», «….Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз». Әр сыныптың төрінен орын алған «Бес асыл іс қағидасы» шәкірт танымын арттырады… Оқушыларымыздың санасында құндылықтар жатталса, ғұмырына азық болары сөзсіз. Білім шаңырағымыздың әнұраны да Абай мұрасымен сабақтасқан. Сөзімізге тұздық ретінде бір мысал: «Ақ қағазбен қолыма қалам аламын, Абай сөзін жүрекке қалап аламын. Өзіңді өзің танисың Абайды оқысаң, Махаббат пен достықты бағалағаның.».

Алғашқы жолынан бастап Абай тұжырымдамасымен сабақтасқан Хакімнің бірінші қара сөзінде «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, ия оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым…». Екінші тармағы түсінікті. Үшінші тармақтағы «өзіңді тану» Абай айтқан «жүрегіңнің түбіне бойлау, өзіңе есеп беру», – деген ұғымдармен сәйкеседі.

Соңғы жолындағы махаббат және достық сөздері де кемеңгер ойымен жанасады. Яғни, «Махаббатпен жаратқан адамзатты» не болмаса «Махаббатсыз дүние дос» және «Біріңді қазақ бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» сынды афоризмге айналған қанатты сөздер жоғарыдағы сөзімізді қуаттандырады. Мектеп табалдырығын аттаған әрбір оқушының Абай туралы толық ілім алуы үшін «Бала Абай», «Ақын Абай», «Хакім Абай» атты факультативті курс бағдарламалары даярланып, 1-11-сыныптарда дәстүрлі түрде жүргізілуде.

Мектебіміздің ұстазы, абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызының бастамасымен «Абай хикаяттары» атты тұңғыш ғылыми еңбегіміз жарық көрді. Мектебімізде тоқсанына бір рет жарық көретін, сегіз беттен, 1000 таралымнан тұратын «Абай нұры» газетінің әрбір беті Абаймен үйлесім тапқан. Мұқағали ақын «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін», – деп толғағандай, Абай нұры, Абай сәулесі жас ұрпақтың жүрегінде лауламақ. Газеттің алғашқы беті «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек…» айдарымен соңғы жаңалықтар мен мектеп директорының бағаны және мектеп миссиясымен басталады.

«Бір ғалымды көрсеңіз» айдарында мұғалімдер мақалалары жарық көреді. «Болмасаң да ұқсап бақ» айдарымен шәкірттердің шығармашылықтары жарияланады. Басты қайнар көзі – Абай мұрасы болып табылатын «Ойтұмар», «Абай сүйген тоғызқұмалақ», «Абай бол» дебат клубы, «Алтын саусақтар» үйірмелері оқушы шығармашылығын арттыруда. Абай мектептерінің республикалық желісіндегі мектептермен тығыз байланыста бірлесе отырып «Бір ғалымды көрсеңіз» ғылыми жобасы, қалалық «Абай поэмалары және әлемдік гуманизм» авторлық жобалары бойынша ұстаздарымыз бен шәкірттеріміз биік тұғырдан көрінуде. «Бала Абай» атты олимпиада жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілуде.

Заманауи үлгіде жабдықталған «Абайтану» интерактивті кабинеті, «Шәкәрім», «Алаш» кабинеттері, «Абай» мұражайы, «AQ» студиясы, «Абай» кітапханасы шәкірттердің болашағына серпін сыйлауда. Абай мұрасымен қанаттанған «Ата-ана – оқушы – ұстаз» үштік одақтың жұмысы Абай тұжырымдамасына бағытталып ғалым мен ғылымды, ұстаз бен шәкіртті, мектеп пен ата-ананы бір арнаға тоғыстыруда.

Қорыта келе, аталмыш құндылықтардың ұстаздарымыздың сабақ беру әдістемесіне айналғаны, заманауи білім беруде Абай тұжырымдамаларының қолданылуы – Абай атындағы білім шаңырағының артықшылығы болып табылады.

 

Айгүл ҚАШАЕВА,
Абай Құнанбайұлы атындағы №87
мектеп-гимназиясының директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий