Рухани байлық білімде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына жолдауында жоғары оқу орындары мамандардың сапалы даярлануына жауап беруге міндетті екендігін қадап айтты. Мемелекеттің қуаттылығының бір көрінісі – жаңа жағдайға бейімделген білім мен ғылымның дамуы. Жолдауда осы саланы заманауи талаптарға сай, өркендету туралы нақты тапсырмалар берілгені қуантады.

Бұл дегеніміз – озық білім мен тәрбие беру арқылы, шәкірттердің кәсіби шеберліктерін шыңдау арқылы білікті мамандар даярлауға ашылған зор мүмкіндік деген сөз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді…» – деген  кестелі сөздері мен кесек ойлары әр адамға сабақ болуы тиіс. Қазақстан жаһандық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуге бағытталған еліміздің жаңғыруын іске асыруға кіріскені баршаға белгілі.

Оның басты мақсаты ұлт жоспарын орындау аясында әлемнің ең озық елінің қатарына кіру болып табылады. Еліміз жаңа тәуелсіз мемлекетті құру арқылы жаңаша жаңғыруды жүзеге асыруда. Нәтижесінде еліміз әлемнің дамыған 50 елінің қатарына кірді, бұл сөзсіз жаңғырудың нәтижелері. Мұның бәрін таратып айтуымыздың себебі еліміздің жүйелі әрі дәйекті эволюциялық дамуына бағытталған мемлекеттік саясаттың өзара байланысы мен сабақтастығының нәтижелерін көрсету болып отыр.

Аталған үдерістердің қатарында рухани саланы жаңғырту негізгі бағыт болып табылады. Мұндай байлам жасауға берік негіз бар деп ойлаймыз. Әлбетте, саяси және экономикалық жаңғырудың жетістігі, бірінші кезекте, рухани қатынастар басымдық алатын қоғамдық сананың деңгейіне байланысты болмақ. Сондықтан, бүгінгі таңда рухани жаңғыру ең өзекті міндеттердің алдыңғы қатарына шығып отыр. Өздеріңіз куә болып отырғандай, қазір еліміздің саяси-экономикалық, мәдени-рухани өмірінде үлкен, тарихи өзгерістер болып жатыр, бұл өзгерістер туралы жан-жақты айтылып та, жазылып та жатыр.

Рухани жаңғыру еліміздің таяу болашақтағы кемелдене дамуының басты бағыттарын айқындап берген стратегиялық жоспар болып табылады. Бүгінде қамтылған ұстанымдар мен идеялар жалпыхалықтық қолдауға ие болып отыр. Еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық, технологиялық жаңғыруы мен модернизациялануы бағдарламаға сәйкес кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Рухани жаңғырудың басты бағыттарының бірі – ұлттық-тарихи жадты қалпына келтіру екендігі сөзсіз.

Ұлттың рухын, ар-намысын асқақ та бекем ұстайтын халық қана біртұтас ұлт болып ұйысып, баянды болашаққа бағыт алмақ. Кешегі бодандық кезеңде жоғалтқан ұлттық құндылықтарымызды орнын толтырып, рухани мерейімізді қандырып, қазақы салт-дәстүр пен әдет-ғұрып және иман секілді тектілік қасиеттерімізді жаңғырта дамыту – бүгінгі күннің басты талабы, яғни мәңгілік қазақ елі болуының алғышарты екені даусыз. Сондықтан да егеменді ел болып, өз тіліміз бен дініміздің тізгіні өз қолымызға берілгендіктен, мәдениетімізді ата-бабаның салт-дәстүрімен суарып жандандыра алсақ қана оның ұлттық тарихи бейнесі сомдалмақшы.

Бұл орайда, ең әуелі, жалпыұлттық құндылықтарды тереңдету негізінде түбірлі өзгерістерді қажет етіп отырған  Мәңгілік ел  бағытында атқарылып жатқан іргелі жұмыстарды атауға болады. «Мәңгілік ел» ұғымын eліміздeгі бaрлық ұлт пeн ұлыcтың өкілдeрі қacтeрлeйтін жeтeкші идeя рeтіндe ұғындырып оның ғылыми нeгіздeмecін жacaп арнайы оқытуды бізгe уaқыттың қойғaн тaлaбы. Оcы тaлaптың үдecінeн шығу үшін ХХІ ғacырдaғы aдaмзaт дaмуының нeгізгі қозғaушы күші болғaн білімді, caуaтты, ұлттық caлт-дәcтүрі мeн тaрихын, мәдeниeті мeн әдeбиeтін, тілі мeн дінін тeрeңнeн ұғынғaн тұлғaлaрды дaярлaп, cолaр aрқылы бaршa Қaзaқcтaн хaлқының дaму пeрcпeктивacын қaлыптacтыруымыз қaжeт.

Зерделейтін болсақ, бұл білім мен тәрбиенің арқасында қалыптасатын дұрыс адамгершілік әдептердің ережесі мен ұғымын насихаттау негізі болды. Білім – бүгінгінің басты қажеттілігі. Дүниетанымы кең адам ғана бәсекеге төтеп береді деген сөз. Өскелең ұрпақты әуелі білімге құштар болуға үндеудің сыры осында. «Біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек.

Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Білім алуда жаңашылдықтың тиімділігін, нәтижелігін басымдыққа айналдыру біздің қоғам үшін өте қажет. Дәл қазір біз әлемдегі ең үздік үлгілерді ескере отырып, мейлінше орта, жоғары деңгейде білім сапасын арттыруға бар жігерімізді жұмсауымыз қажет. Ол үшін тек қана мемлекеттің атқарып жатқан бағдарламалары аясында ғана емес, әр жеке адам: «Мен өзімді қалай жетілдіре аламын, қалайша жаңа білімге қол жеткіземін», – деген сұрақты өзіне қою керек деп санаймын.

Толыққанды жаңғыру үшін кертартпа қасиеттер мен қысаң қағидалардан арылу маңызды.  Алдағы онжылдықтың ұраны – прагматизм деп болжанып отыр, ол дегеніміз – уақытты үнемді пайдалану, болашақты жоспарлай білуге бейімделіп, ұстамдылық, қарапайымдылық сияқты қанға сіңген қасиеттерді қайта түлету, рухани жаңғыру үшін ол ауадай қажет. Ұлттық құндылықтарды келесі ұрпаққа жеткізу үшін біз өзіміздің ұлттық кодымызды сақтауымыз керек.

Ұлттық кодымызды сақтау үшін біз өзіміздің мәдени, тарихи құндылықтарымызды дамыта отырып, әлемнің жақсы қаситеттерін бойымызға сіңіруіміз керек. Бұл бағыттардың бәрі барынша өзектендірілген және уақыттың талаптарына нақты жауап береді. Жаңа жағдайдағы рухани жаңғыру баршамыздан жаһандық өзгерістерге және жаңашылдықтарға дайындықты және ұмтылысты қажет етеді. Өйткені, біз айрықша серпінділікпен жылжып жатқан уақытта өмір сүрудеміз. Сондықтан, еліміздің әрбір азаматы, бүкіл қоғам, ағымдағы жағдайға талдау жасап, жаңғыру аясында нақты мақсаттарға қол жеткізуді бағдарлауымыз керек.

Білім – адамзаттың сарқылмас қазынасы. Адамзат тарихында ұлт болсын, ұлыс болсын, жеке адам болсын тек білім арқылы өзінің көздеген мақсатына жетеді. Біліммен ғана басқалардан озады. Қазақтың дара жазушы М. Әуезов: «Ұлт пен ұлтты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім», – деп тегін айтпаған. Біз үнемі айтып жүретін, ойшылдық, көрегендік, адамгершілік, парасаттылық деген ұғымдардың бәрі де біліммен тікелей байланысты.

Адам бойында болатын тапқырлық, шығармашылық қасиеттері біліммен ғана кемелденеді. Білімсіз адамның бойынан бұл қасиеттердің бірін де табуға болмайды, болған күнде де жартыкеш, жансар күйде кездеседі. Бір ұлттың, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің кепілі – білім ғана. Ұлттың білім қорының, біліктілік сапасының қандай екенін білім алған ордасынан көруге болады, себебі түлектердің түлеп ұшар тұғырын, талантын шыңдайтын білім ордасы. Ұлттың рухани байлығы білімінде, ұстанар бағыты тәрбиесінде болса, ал осы білім мен тәрбиенің сарқылмас кәусар бұлағының көзі – оқытушы екені даусыз.

Әрбір болашақ маманның маман болып қалып­тасуына алғашқы бағыт сілтейтін жанашыры екені де мәлім. Осы тұрғыдан келгенде тәуелсіз қазақ елінің бүгінгі құдіреті, болашағының кепілі – кемел білім берер оқу орны десек, сол бір жауапты істі  сапалы жүзеге асыруда заманауи талаптарға сай білім беру, іргелі ғылымды дамыту бойынша ілгерінді істерді жүзеге асыруда  М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті біраз ілгерінді жұмыстарды атқарып келеді.

Маман дайындайтын білім ордасы болғандық­тан, әрине, ұжымының негіз­гі назары  білімде. «Білімдінің күні жарық, білімсіздің күні ғаріп» деген қағиданы берік ұстанған университет басшылары мен ұстаздар қауымы алдында отыр­ған шәкірттеріне барынша сапа­лы білім беруге бар жігерін салады. Са­бақ беру барысында заман көші­нен қалмай, жаңа әдіс-тәсілдерді де сәтті пайдаланады.

Күн санап ақпарат кеңістігі өркендей түскен заманда жас ұрпаққа сапалы білім беру ұстаздардың, ұжымның бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеуін талап етеді. Осы орайда университеттің бүгінгі бет-бейнесін жаңа қырынан көрсетіп келе жатқан ұжым бұл күнде өрлеу аясында бір мақсатта жұмыс істеп келеді, ынтымағы мен бірлігі жарасып, ұрпағымыздың болашағы жарқын, қадамы нық болуы үшін аянбай еңбек етуде. Осы орайда айтар болсақ, білікті ұстаздар мен білімді студенттеріміз жетерлік.

Жыл сайынғы өткізіліп жатқан халықаралық, республикалық, қалалық пән олимпиадаларына, ғылыми жобаларға, спорттық жарыстарға, түрлі байқауларға белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болып, көптеген жетістіктерге қол жетіп, мектебіміздің абыройын асқақтатты. Шәкірт жетістігі – мұғалімнің кәсіби біліктілігі мен шеберлігінің жемісі. Олай болса, адамды ұлы мақсаттарға жеткізетін ұлы күш – білім, оны жас ұрпақтың бойына дарытушы ұстаздар қауымы екені даусыз.

Мамандықтың қыр-сырына толық білмей келген тұлғаны білімді де тәрбиелі азамат өсіріп шығару – киелі шаңырақтың шеберханасында ғана жасалатын ұлы іс деп бағалауға тұрарлық. Білім беру мазмұнын жаңарту үшін ұйымдастырылған педагогикалық курстарда ұстаздарымыз өз білік-білімдерін жетілдіріп, заман талабына сай жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді пайдаланып, оқушыларды білім нәрімен сусындатуда. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекеге қабілеттілігімен айқындалады.

Жоғары оқу орны келешек ел басқарар, ұлт мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды тәрбиелейтін киелі де, қасиетті ұя болғандықтан, қазіргі заман талабына сай әр баланың қабілетіне қарай дарындылығын дамыту, білім, спорт, өнер бәйгесінде, дүбірлі жарыстарда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шәкірт шығаруы ұстаздардың ерен еңбегінің нәтижесі.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Еліміздің ертеңі–бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» деп өз сөзінде айтқанындай, білімді ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі ұстаз қауымының алдында тұрған үлкен мәселе. Болашақта мемлекет басшысы мен бас ұстаз жүктеген талаптар үдесінен шығуда университет ұстаздары бәсекеге қабілетті, білімді мамандар тәрбиелеп, жағымды жаңалықтармен бөлісер жетістіктері арта береді деген нық сеніміміз бар.

Айсұлу Нұрдынқызы ТҰРАРОВА,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік
университеті,  ф.ғ.к., қауымдастырылған
профессор, Жамбыл облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий