Жаңартылған білім беру мазмұнының тиімділігі

ХХІ ғасыр жаһандану дәуіріне айналғаны қашан. Заманауи технологиялар, телекоммуникация саласы көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатыр. Ғалам дамудың жаңа белесіне шыққан кезде ең бірінші кемелденуі керек дүние ол – білім саласы. Яғни, ескі дәстүрді жаңашылдықпен, жаңа креативті идеялармен алмастыруы тиіс салалардың бірі – «білім» деп айтуға толық негіз бар. Осы орайда, білім беру жүйесіне жаңа жүйе «жаңартылған білім беру бағдарламасы» енгізілді.

Осы бағдарламаның артықшылығы мен ерекшелігіне тоқталып өтейік. Жаңартылған білім беру мазмұны оқушылардың жаңа бастамаға жетуіне себепші. Яғни оқушының санасында өзіндік сыни пікірін қалыптастыруға, қателесуге, қатесін қайта түзеуге, дұрыс болмаса да ойын жеткізуге, тың идеялардың пайда болуына септігін тигізіп жатқаны анық. Себебі, оқушы өзгенің түсіндіргеніне қарағанда, өздігімен ізденуді жөн көреді. Ақпараттық-технологиялық құралдар, ғаламтор желісі оқушыны шабыттандырып, ізденіс жолына түсіреді.

Бұл жерде мұғалімнің қызметі пәнді, оның негізгі алгоритмдерін түсіндіре отырып, оқушы бойындағы пәнге деген қызығушылығын арттыру, талаптандыру. Содан кейін бақылай отырып, бағыт-бағдар бере білсе, оқушы сол пәнді өте жақсы меңгеріп шығары сөзсіз. Алдыңғы буыннан бері қолданыста жүрген бірнеше технологияларды, атап айтсақ, математика пәні бойынша Ж. Қараевтың «Деңгейлеп оқыту» технологиясын, қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша Н. Оразақынованың «Сатылай кешенді талдау» технологиясын, орыс сыныптарына арналған М. Жанпейісованың «Модульдік оқыту» технологиясын терең меңгерген, қазіргі уақытта интерактивті, ақпараттық технологияны, сыни тұрғыдан ойлау жобасын пайдалана отырып зерттеу, конференция және диспут сабақтарын өткізе білген мұғалімді шебер мұғалім десек қателеспейміз.

Осы сабақтар барысында топтық, жұптық тапсырмалар беру арқылы оқушылардың деңгейін, олардың арасындағы көшбасшыларын анықтай алады. Көшбасшылар өз кезегінде өзі ғана оқып, біліп қоймай, өз тобындағы өзге оқушыларға түсіндіре алады. Яғни, бір оқушы арқылы бүтін бір топқа сабақты түсіну мүмкіндігі туады. Осы арқылы мұғалім сыныптағы оқушылардың деңгейін, ерекшеліктерін анықтап ала алады. Содан кейін деңгейлеп, саралап оқыту технологияларын пайдалана отырып, балалармен жеке ерекшелігіне байланысты жұмыс жасайды.

Бұл оқушылар деңгейінің біртіндеп сатылай түрде көтерілуіне, қабілетті оқушылардың бойында сенімділік, көшбасшылық қасиеттерінің дамуына үлкен әсерін тигізеді. Дәстүрлі оқу форматында сабақ барысында оқушыларға нақты жауабы бар жабық сұрақтар қойылатын болса, жаңартылған мазмұндағы білім беруде «иә», «жоқ» деген жауабы бар оқушы ойының дамуына, ойлануына әсер ете бермейтін сұрақтар жиі қойылмайды. Яғни, уақытша ғана есте сақтауды әдетке айналдырады. Қазіргі ашық, рефлексиялық сұрақтар пәнге деген қызығушылығы аз оқушының өзін үлкен ойға жетелейді.

Мысалы, оқушыға «Көксерек» әңгімесінің авторы кім дегенге қарағанда, «Көксерек» әңгімесінің авторы болсаң, әңгімені қалай аяқтар едің деген сұрақ қызығырақ болар еді. Осыдан келіп диалогтік оқыту арқылы сыни тұрғыдан ойлауға үйретуге болатынына көз жеткіземіз. Сыни тұрғыдан ойлауға үйретудің пайдасы орасан зор. Мектеп қабырғасында кез келген сұраққа, кез келген дүниеге сыни көзқараспен қарай білген, ойын бүкпесіз жеткізе алған оқушыдан ертеңгі күні сындарлы істерді жүргізе алатын азамат шығары анық.

Одан кейін мұғалімнің бағалауына қарағанда, оқушының шынайы, әділ түрде өзін-өзі бағалауы, бір-бірін бағалауы жаңартылған білім беру мазмұны-ның тағы бір артықшылығын көрсетеді. Жоғарыда аталған технологиялар, сабақтың түрлері, әдіс-тәсілдер, бағалау түрлері жаңартылған білім беру мазмұнының негізгі бөлшегі болып табылады. Жаңартылған мазмұндағы білім беру жүйесі ұлы ойшыл Конфуцийдің мына сөзін еске түсіреді: «Маған айтып берсең – ұмытып қаламын, көрсетсең – есімде сақтаймын, өзіме жасатсаң – үйренемін» деген екен.

Сондай-ақ біздің қазақ қоғамы да «жақсы мұғалім түсіндіреді, өте жақсы мұғалім көрсетеді, шебер мұғалім шабыттандырады» деп мұғалім қызметіне үлкен баға берген. Яғни, жаңартылған оқу бағдарламасы жаңа заманның жалынды ұрпақтарын өздігінен білім алып, өзін-өзі оқытуға, өзін-өзі тәрбиелеуге арналған бірден бір жүйе екеніне толық көзіміз жетіп отыр.

Жанат АЙТОВА,
№88 мектеп-лицейінің директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий