Цифрлық дәуірдің ұстазы – Мадина Мурзашева, @biologist_teacher_madina
Қазіргі уақытта білім жүйесінде түрлі ақпараттық-коммуникативтік технологиялар қолданылып келеді. Соның ішінде, әлеуметтік желі арқылы өз білгендерін ортаға салып, жаңа білім беру әдістерімен бөлісіп жүрген ұстаздарымыз аз емес. Оқушылармен бір толқында болып, пайдалы контентпен бөлісу мақсатында Ақсай қаласының №1 жалпы орта білім беретін мектебінің биология пәнінің мұғалімі Мадина Бегалиевна тыңбай еңбек етіп келеді.

Жас ұстаз – заман талабына сай, әлеуметтік қарым-қатынасқа түсе алатын мұғалім ғана емес, «контент – мейкер» саласын игеріп, оқушылардың пәнге деген құштарлығын оятып, арттыра білген білікті маман. Қоршаған ортаға деген қызығушылығы кішкентай кезінен басталған жас ұстаз биология пәнін тереңірек білгісі келетін оқушыларға пайдалы кеңестер, тақырыпты түсінудің оңай жолдары және мұғалімдерге арналған жаңа әдіс-тәсілдер ұсыну мақсатында Instagram парақшасын жүргізеді.
Қазіргі уақытта бұл парақшаның тиімділігі: оқушы кез келген ыңғайлы уақытта әлеуметтік желіні қоса алады, жаңа тың ақпараттар игеруге мүмкіндік алады. Мадина Бегалиевна БҚО, Бөрлі ауданы, Ақсай қаласының №1 жалпы орта білім беретін мектебінің «Педагог – сарапшы» санатты биология пәнінің мұғалімі. Өзі мұғалімдік қызмет атқарып жүрген мектебінің түлегі, аудандық, облыстық ғылыми жобалар байқауының тұрақты қатысушысы.

«Ұстазсыз шәкірт – тұл, шәкіртсіз ұстаз тұл» дейді дана халқым. Ұстаз еңбегі білім нәрімен сусындатқан шәкіртінің жеткен жетістігімен көрінері хақ. Оқушылары оқуда керемет нәтижелер көрсетіп, 2021 жылы облыстық ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары атанды. 2-7 сынып оқушыларының зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстары «Зерде» республикалық конкурсының облыстық кезеңінде Тулеген Динара ІІІ орынға ие болса, “Ғылым әлемін ашамыз” атты көрме-байқауында Сағындықов Елшат І орынмен марапатталды.
Жалпы бiлiм беретiн ғылыми жобалар байқауында Кабиден Айкөркемнің жұмысы үздіктер қатарынан көрініп, ІІ орынды қанжығасына байлады. Мадина Бегалиевна түрлі байқаулардың белсенді қатысушысы, 2021 жылы «Дарынды балаларға талантты ұстаз» атты педагогикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде І орын иеленіп, республикалық кезеңінде Грамотамен марапатталды. Жеткен жетістіктері үшін Бөрлі аудандық білім беру бөлімінің Құрмет Грамотасымен мадақталды.
Сондай-ақ, 2021 жылы Жастар премиясының үздігі деп танылған «Үздік жас ұстаз» номинациясымен марапатталды. Әр сабағына ерекше ықыласпен дайындалып, бары мен нәрін тек оқушыларына арнап келе жатқан жас ұстаздың мұғалімдік кәсіптегі ең басты мақсаты – оқушының білім алуға деген ынтасын ояту деп біледі. Білікті ұстаз алдағы уақытта да жаңаша ізденіспен жұмыс жүргізіп, әлеуметтік желі парақшасын жетілдіруді мақсат етеді.
Анаргүл КУШЕРБАЕВА,
Бөрлі аудандық білім беру
бөлімінің баспасөз хатшысы,
Батыс Қазақстан облысы