Білікті ұстаз – дарынды шәкірт

«Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» – деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаз – мектепте басты тұлға болып табылады, ешбір заманға сай технология ұстазды алмастыра алмайды.  Мектептің жаны – мұғалім, себебі, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар сапалы білім алып шықпақшы. Қай уақытта болмасын білімді де білікті, тәжірибесі мол ұстаздардың орны ерекше.

ХХІ ғасыр ғылым мен білімнің қарыштап дамыған ғасыры болғандықтан, оқушыларға ғылым негіздерін оқытып қана қоймай, экономика кеңістігіне шығуға, ақпаратты есте сақтауға, қатаң бәсеке жағдайында өмір сүріп, еңбек етуге үйретуіміз керек. Сондықтан мұғалімнің басты мақсаты – оқушылардың білімі мен біліктілігінің қалыптасуына жағдай жасау. Шығармашылықпен айналысқан ізденімпаз ұстаз қашан да шәкірт жүрегінен орын табады. Қазіргі кезеңде білім берудің сапасын жақсарту, әдістемелік негізін өзгерту заман талабына сәйкес туындап отырған қажеттілік.

Өйткені, мектептің әр күні көптеген ғылыми жаңалықтарға, терең әлеуметтік өзгерістерге толы. Ертеде оқу процесінде мұғалім басты рөл атқарса, қазіргі таңда мектептер оқушының іс-әрекетімен бағаланады. Қазіргі заманда нені оқыту емес, қалай оқыту маңыздырақ болып отыр. Сабақ барысында оқушының ізденуі мен зерттеу дағдыларын қалыптастыра отырып, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында қолданылатын әдіс тәсілдер жетерлік.

«Ұстаз – жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ, ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» – дейді әлемге әйгілі ойшыл Әл-Фараби.

Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені қазіргі жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті. Бүгінгі таңда мектептің оқу үрдісін жетілдіру үшін инновациялық білім беру технологияларын пайдаланудың тиімділігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан мектебіміздің ұстаздары өздерінің міндеттерін инновациялық білім беру технологияларын пайдалана отырып атқарып келеді.

Бүгінгі білімге бәсекелес заманда жасөспірімдеріміздің биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз. Еліміздің бас қаласында орналасқан екі тілді білім ордасы 2020 жылы екі мыңға жуық шәкіртке есігін айқара ашты. Тиісті деңгейде қалыптаспаған жаңа жас ұжым, қашықтан оқыту сынды қиындықтарға қарамастан, үлкен талаптар мен мақсаттарға қол жеткізуге тырыстық.

Мектептің негізгі бағыты: «Технологиялар мен инженерия», озық білім беру бағдарламаларын қолдану және Global School жобасын жүзеге асыруды қолға алу. Ерекше білім алу қажеттілігі бар оқушыларға инклюзияны қолдау кабинетінің жұмысы арнайы білікті мамандардың шеберлігімен іске асуда. Мұғалім заман ағымына сай өз білімін жетілдіру арқылы мектепке жаңалық әкелу қажет. Мектеп ұстаздарының басым бөлігін жастар құрайды.

Сол себепті жас ұстаздардың кәсіби өсуі үшін жағдай туғызу, бейімделуге кері әсер ететін проблемаларды жою, жас маманның кәсіби қызметіне табысты енуіне қолдау көрсету, аға буын ұстаздарымыздың міндеті. Үйлесімді жұмыс нәтижесінде – тәуелсіз, ғылымға қызығушылығы оянған, білім алуға бейім, сенімді, жауапты, сыни тұрғыда ойлай алатын, өзгелермен еркін тіл табыса алатын, сандық технологияларда құзыреттілігін көрсететін оқушылар дайындалады.

Сонымен қатар, мектеп ұжымы жоғары оқу орындары мен педагогикалық шеберлік орталығының білікті мамандарымен тәжірибе алмасуда. Білікті ұстаздар дарынды оқушының өздігімен жұмыс істеуіне, шығармашылық ізденістеріне қажетті кеңестер береді. Еліміздің зияткерлік қорын құру үшін адамзаттың ең талантты тобын пайдалану, жеке тұлғаның дарыны мен қабілетін жоғары деңгейге көтеру ол біздің қолымызда.

Оқушылардың ақыл-ой қабілетін жетілдіру, шәкірттердің шығармашылық жеке дарындылығын дамыту, оқушыларды тәрбиелеуге олардың жан-жақты дамуын, еңбекке шығармашылық қатынасын, өмірлік, азаматтық белсенді позициясын қалыптастыруға және жоғары адамгершілік сапалары мен рухани құндылықтарының дамуына ықпал ету, дарынды балаларды оқыту мен дамыту, қабілетті балаларды оқыту мен тәрбиелеу үшін ұйымдастырылған педагогикалық-психологиялық жағдайларды жақсарту ол да біздің қолымызда.

Жас өркеннің бойындағы табиғат берер ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның әрі қарай дамуына бағыт-бағдар бере білу ерекше қиын да қызықты іс. Алайда, әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны сол бағытта жетелеу – ұстаз парызы. Баланы заман талабына қарай көрегендікпен икемдеп, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. 

Беимбет МҰХАМЕДИЕВ,
№ 89 мектеп-лицейінің
директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий