Балалардың психологиялық саулығы

«Мен бала жас кезінен-ақ әрқашанда сау әрі бақытты болып өсуін, өмір даналығы мен адамзатқа қызмет ете білу бақытын игере отырып өсуін қалаймын. Өзінің кім екендігін, не үшін өмір сүріп, не үшін талпынатынын пайымдай білсін. Әркім өзін ашып көрсете білуі тиіс» –  дейді Сара Алпысқызы Назарбаева.

Баланың жеке тұлға болып қалыптасуында психологиялық саулық өте маңызды. Баланың психологиялық саулығы ретінде рухани-адамгершілік біліммен қатар, ақыл-ой, психикалық және физикалық дене дамуының үйлесімді жүзеге асуын танимыз. Білім беру үдерісінде баланың білімімен қатар психологиялық саулығына аса мән беріледі. «Бөбек» ұлттық ғылыми практикалық білім беру және сауықтыру орталығындағы «Өзін-өзі тану» оқу-сауықтыру кешені баланың психологиялық саулығын қолдау бағытында табысты еңбек етіп келеді.

Бұл кешеннің атқарып отырған еңбегі орасан зор. «Өзін-өзі тану» оқу-сауықтыру кешеніне Қазақстанның барлық аймақтарынан әлеуметтік аз қамтылған және ата-аналарының қамқорлығынан айырылған балалар келіп демалып, емдік-сауықтыру шараларын қабылдайды. Оқу-сауықтыру кешені бір мезгілде 8-10 жас аралығындағы 110 баланы қабылдауға мүмкіндігі бар. Ал, жыл бойы 1320 бала келіп, ем алып, сауықтырылады. Мұнда балалар 22 күнге келеді. Оқу мерзімінде 3-4 сынып балалары келсе, жаз айларында 11-14 жас аралығындағы балалар келіп демалады.

Емдік шарамен қатар, психологиялық қолдау көрсету шаралары да жүзеге асырылады. Психологиялық жұмыстар білім беру стандарттарына сәйкес жүргізіледі. Психологиялық қолдау көрсетудің мақсаты:  балалардың психикалық хал ақуалының дұрыс дамуына, интеллектуалдық ойлау қабілетін шыңдауға, бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіруге, шығармашылық қабілеттерін аша білуге құрылған. Психологиялық қолдау көрсету шаралары жоспарлы түрде дәрістер, тренингтер, логикалық ойлау қабілетін дамытуға арналған психологиялық ойындар түрінде өткізіліп тұрады.

Балалардың индивидуалдық ерекшеліктеріне байланысты жеке консультациялар мен психокоррекциялық жұмыстар да жүргізіледі. Балалар жаңа ортаға келгендіктен, олардың бейімделу процесіне баса назар аударылады. Алғашқы 3-7 күнде жүргізілетін жұмыстарды балалардың адаптациядан жеңіл өтуіне бағыттаймыз. Біз өз іс-тәжірибемізде осы мәселеге ерекше көңіл бөліп келеміз. Себебі, кіші мектеп жасындағы балалардың отбасы мүшелерінсіз үйінен алысқа кетуі және Қазақстанның әр түрлі аймағынан келіп бір ортаға жиналуы психологиялық өзгерістерге әкеледі.

Баланың жаңа ортаға тезірек оңай бейімделуі үшін әңгімелесу, құжаттарымен танысу әдістерін, арттерапия, дене терапиясы және би терапиясын қолданамыз. Аталған әдістер мен терапиялар баланың жаңа ортада өзін жақсы сезінуіне, эмоциялық көңіл күйінің қалыпты болуына әсер етеді. Сондай-ақ, бірінші күннен-ақ балалардың оқу-сауықтыру кешеніне деген қызығушылығын арттыру мақсатында кешеннің күн тәртібін, ережелерін, балалардың мұнда қабылдайтын ем-шаралары мен демалыс уақытында өткізілетін мерекелік, әдеби іс-шараларды және әсем қаламыз Алматының көрікті жерлерін аралайтын экскурсиялардың болатындығы туралы балаларға толық түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз.

Ата-анасының гиперқамқорлығында өскен және меланхолик темпераментіндегі балалардың адаптациядан өтуі қиын болатындықтан жеке консультациялық жұмыстар жүргізіп, мандалатерапия, «Отбасы», «Кактус» әдістемелерін қолданамыз. Жүргізілген психологиялық қолдау нәтижесінде балалардың бейімделуі сәтті жүзеге асырылады. Өмірді тану – өзіңді танудан басталады. Балалармен атқарылатын психологиялық жұмыстар өзін-өзі тану рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасымен және кешенде іске асырылып жатқан  «Менің жасыл әлемім» атты жобамен тығыз байланыста жүргізіледі.

Жоба балалардың өзін және қоршаған ортаны танып, жан дүниесімен және табиғатпен үйлесімділікте өмір сүруін, айналаға сүйіспеншілікпен қарайтын, салауатты өмір салтын қолдайтын, дені сау ұрпақ тәрбиелеуді көздейді. Бұл жоба үш бағытта жүзеге асырылады: салауатты өмір салтын ұстану, өзін-өзі тану және табиғатқа сүйіспеншілікпен қарау. Жоба аясында «Бәрі де сүйіспеншіліктен басталады», «Жағымды қарым-қатынас», «Адамның жан сұлулығы» тақырыптарында тренингтер өткіземіз, «Адамдық борыш асыл қасиет», «Жақсылық жасай білейік» тақырыптарында дәріс сабақтар жүргіземіз.

Жүргізілетін дәрістер мен тренингтер баланың дүниетанымының кеңеюіне, кіршіксіз таза жанына рухани ілімнің құйылуына, сүйіспеншілік нұрына бөленіп, адамгершілік асыл қасиеттерді меңгеруіне, бір бірімен жақсы тіл табысып коммуникациялық дағдыларының жетілуіне ықпал жасайды. Сондай-ақ, атқарылатын шаралар барысында психологиялық арттерапия, ертегі терапиясы, музыкатерапия және гештальт-терапия түрлерін қолданамыз. Аталған терапиялар балалардың ішкі жан сұлулығының сырын түсінуіне, шығармашылық қабілеттерінің дамуына әрі эстетикалық талғамдарының қалыптасуына зор ықпалын тигізеді.

Тұрақты түрде таңертеңгілік шаттық шеңбері мен кешкілік жүректен жүрекке шеңберін ұйымдастырып отырамыз. Таңертеңгілік шаттық шеңбері балаларды әрбір күнді жаңа үмітпен, жаңа леппен, жаңа қуанышпен, позитивпен қарсы алуға жаттықтырады. Ал, жүректен жүрекке шеңбері арқылы бала әрбір күннің соңында сол күні болған нәрселерден даналық ой түйіп, жағымсыз әсерлерін өз бойынан алып тастауға үйренеді.

Демалыс соңында балалар сауықтырылып, өзінің кім екендігін, не үшін талпынатынының сырын ұғынып, жақсы демалып, көтеріңкі көңіл күймен, балалық шағының бал дәмі ретінде есте қалатын керемет естеліктерімен үйлеріне қайтады.

Ұлпан Талғатқызы ТӘЖІБАЕВА,
«Бөбек» орталығы оқу – сауықтыру
кешенінің психологі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий