Мектеп жасына дейінгі балалардың рухани – адамгершілік қасиеттерді музыка пәні арқылы қалыптастыру
“Өнердің басқа түрлерімен салыстырғанда адам баласының ой сезіміне тез әсер ететін, ешбір тілмәшті қажет етпей, жан біткеннің барлығына тілі ортақ, интернациналдық өнер- музыка», – дейді Қажым Жұмалиев (жазушы, ақын, ғалым, әдебиеттанушы). Педагогика ғылымында музыка балаға тәрбиелік әсер ететін маңызды және тиімді құрал болып табылады. Міне, осы керемет сиқырлы құралдың көмегімен балақандарды ғажайып музыка әлеміне жетелеп, сол арқылы бойларына рухани-адамгершілік қасиеттерді сіңірту – қайырымды, маңызды міндет.
«Музыкалық тәрбие-музыка маманын тәрбиелеу емес, адамды тәрбиелеу!»,-деген Сухомлинский. Осы маңызды міндетті атқару үшін, музыка оқу қызметін ұйымдастыруда мен келесі принциптерді ұстанамын: музыка арқылы баланың тұлғалық, шығармашылық потенциалын жан-жақты дамыту, балаға рухани-адамгершілік тәрбие беру; баланың таным әрекетін белсендіру; музыканың күшімен баланың ішкі әлемін тәрбиелеу, байыту, айналасында болып жатқан жағдайларға көзқарасын, өмірлік ұстанымын қалыптастыру; алған білімі, дағдыларына сүйене отырып, музыка тілін меңгеруге жетелеу.
Музыкалық тәрбиенің негізгі міндеттерінің кешенді шешімі- жүйелілік және реттілік, бірізділік, қайталау сияқты негізгі педагогикалық принциптерге сүйене отырып, келесі әдіс-тәсілдер мен жұмыс түрлерін қолданамын: мерекелік іс-шаралар; ойын-сауық; ата-аналар жиналысы; әңгімелесу; музыканы мәнерлі орындау; көркем сөз; қимылды көрсету; образды теңеу; ойын, мақал-мәтел; шығармашылық тапсырмалар; импровизация.
Әдіс тәсілдерді пайдаланатын материалға, оның мазмұны, үйрету кезеңіне, әр баланың жеке ерекшеліктеріне байланысты өзгертіп отырамын. Әр музыкалық оқу қызметін міндетті түрде әуенді-қимылдық жаттығулардан бастаймын. Оқу қызметінің осындай қимыл-қозғалыс жасайтын бөлімі балаларға өте пайдалы деп есептеймін. Балалардың жас ерекшеліктеріне қарай топтардың жаттығулары да әртүрлі болады. Уақыт өте жаттығулар күрделене береді. Балалар күнделікті жалығып кетпес үшін бұл жаттығуларға көркемдік, би, ойын элементтерін қосып отырамын.
Алғашқыда бұл жаттығулар балалар үшін қиынға түсіп жатады. Кейін, дағдыланып, жеңіл, ықыласпен орындайтын болады. «Музыка мен ақындық сөз бір бірімен байланыса отырып, жүректе жылы, ұнамды үйлесім туғызады»,- деп жазушы Виктор Астафьев айтқандай, ән-мектеп жасына дейінгі балаға түсінікті, зор ықыласпен қабылдайтын, орындауына жеңіл музыкалық жанр. Сондықтан балалармен түрлі мазмұндағы әндерді үйренуге көбірек көңіл бөлемін.
Ана, Отан, Туған жер, Достық туралы әндер балаларды сүйіспеншілікке, мейірімділікке, ауызбіршілікке, патриоттыққа тәрбилейді. Ән айту барысында балаларға өзін естіп үйренудің, қасындағы көршісін, басқа балаларды естудің маңыздылығын үнемі ескертіп отырамын. Бұл баланы зейінділікке, ұжыммен жұмыс жасай білуге, басқалармен санаса білуге, көпшілдікке тәрбиелейді. Сонымен қаитар қазақша сапалы балалар әндерін насихаттау, өз шығармашылығыммен және тәжірибеммен бөлісу мақсатында ютуб каналымды аштым.
Және балаларымыздың орындауындағы ән клиптері бала бақшамыздың, «Бөбек» орталығының фейсбук, инстаграм парақшаларында үнемі жарияланып тұрады. Ән айтпас бұрын дауыс баптау жаттығуларын (тыныс алу, артикуляциялақ, дыбыстық, диапазондық тағы да басқа сол сияқты) орындатамын. Балалардың ән мәтінін түсініп орындауына көп мән беремін. Сондықтан ән мәтінін үйренгенде әр сөзге дыбыстық, мазмұндық талдау жасап, үндестік заңының сақталуын жіті қадағалаймын. Ән мазмұны бойынша әңгімелесемін.
Жұмыс барысында балаларға жайлы психологиялық атмосфера қалыптастыруға тырысамын. Бұл балалардың ашылуына, өздерін еркін сезінуіне, шығармашылыққа, өзара көмекке, өзін-өзі танытуға, өз қабілеттерін іске асыруға көмектеседі. Музыка залында музыкалық аспаптар балаға қолжетімді жерде тұрады. Әр бала өзіне ұнаған музыкалық аспапты алып ойнайды. Бұл баланың өз бетінше музыкамен әуестенуіне мүмкіндік береді. Осы мақсатта топтық бөлмелерде де музыкалық бұрыштар ұйымдастырылған.
Балаларымыз түрлі вокалдық сайыстардың жүлдегерлері. Сайыстарға қатысу балаланың өзіне деген сенімділігін арттырады, артылған жауапкершілікті сезіндіреді. Музыка оқу қызметіндегі рухани-адамгершілік тәрбие «Өзін-өзі тану» пәні оқу-тәрбие жоспары бойынша, ішкі интеграцияны пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, балаларға оркестр туралы мағлұмат беру барысында, музыкалық шығарманың әдемі орындалуы үшін музыканттардың дирижерға бағынулары керек екенін, әркім өз партиясын жауапкершілікпен орындауы керек екенін айта отырып, отбасы да оркестр сияқты екенін салыстырмалы түрде түсіндіремін.
Отбасы мүшелері де әрқайсысы өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып, отбасының басшысы әкенің немесе ата-әженің ақылын тыңдау керектігін, сонда ғана отбасында ауызбіршілік болатынын түсіндіру арқылы отбасылық құндылықты ашамын. Балабақша балаларды таңертең әсем әуендермен қарсы алады. Бұл әсіресе балабақша табалдырығын жаңа аттаған балалардың көңілін орнықтырып, жағымды көңіл күйге енуіне зор әсер етеді. Әр таңда өтетін шаттық шеңберінің маңызы зор!
Балалар ширақ музыкамен таңғы жаттығулар жасап, сүйікті әндерінің бірін айтып, билеп, өзара жылы қарым-қатынас орнап, музыкаға әсерленіп күндерін көтеріңкі көңіл-күймен бастайды. Рухани-адамгершілік тәрбиенің міндеттерін жүзеге асыру мақсатында біздің мектепке дейінгі мекемеде оқу, ойын іс-әрекеттері, күн тәртібі, ойын-сауық, мерекелердің ұйымдастырылуы кешенді қарастырылған. Балабақшамыздағы мерекелер мен ертеңгіліктер, түрлі топтық іс-шаралар балалардың ашылуына, сахналық тәжірибе жинақтауына, көрермен алдында өздерін көрсете білуге мүмкіндік береді және балаларға ұмытылмас зор қуаныш сыйлайды.
Мектеп жасына дейінгі балаларды ұлттық әдебиет пен өнердің кәусар бұлағымен сусындатып отыру мақсатында жылдық жоспар бойынша белгіленген түрлі іс-шаралар өткізіліп отырады. Атап айтқанда, жақында Д. Нұрпейісованың 160 жылдығына орай өткізілген іс-шараны балалар қызығушылықпен қабылдады. Олар қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптарымен танысып, олардың табиғи дыбыстарын естіп, шертіп көріп керемет әсерге бөленді.
Мектепке дейінгі жаста «жақсы», «жаман» деген түсініктер арқылы баланың санасында адамгершілік қасиеттердің нышаны қалыптасады. Балалық кезде әсемдікті сезіну, қабылдау тұлғаның кейінгі жетілу кезеңдеріне қарағанда анағұрлым терең. Сондықтан мен, музыка жетекшісі ретінде, осы керемет кезеңді пайдаланып, баланың бойындағы әсерлену сезімін, қызығушылығын, әсемдікке құштарлығын қолдап, әрі қарай дамытуға тырысамын.
Қосымша білім беру саласы бойынша өтетін актерлік шеберлік сабақтарында ересек, мектепалды даярлық тобының балалары педагогтың жетекшілігімен шағын сахналық қойылымдардың, әңгімелердің мазмұнын талдап, кейіпкерлердің мінез құлқы, іс әрекеттеріне баға береді. Әр бала өзі ойнайтын кейіпкерді түсініп, музыкаға сай қимыл қозғалыспен, сөз ырғағы, мимика, интонация арқылы образды сомдауға тырысады. Театрландырылған қойылым балалардың тілін дамытуға, сөздік қорын байытуға зор ықпал етеді. Ой өрісін, тәжірибесін байытады, шығармашылық шабытын, эмоционалды ықыласын оятады.
Театрландырылған сахналық қойылымды дайындау барысында балалар ұжыммен жұмыс жасауды үйренеді, ұжымдық еңбектің нәтижесін көріп бірге қуанады. Сахналау үшін қазақ ертегілерін, балаларға арналған қазақ авторларының шағын әңгімелерін аламын. Кейде орыс тілінен аударма жасаймын, кейде шағын сахналық қойылымдарды өзім ойдан құрастырамын. Музыка барлық білім беру салаларымен тығыз байланысты болғандықтан, мен әрдайым тәрбиешілермен және басқа да пән мамандармен тығыз жұмыс жасаймын.
Мектепке дейінгі жастағы баланың зейіні аз уақытқа бағдарланғандықтан, оған қазақтың күйлерін немесе классикалық музыкадан үзінді тыңдатудың өзі де оңай жұмыс емес. Бірақ балаға кішкентай кезінен ұлттық, классикалық музыканы санасына қалай құя беруге болады? Өз тәжірибемнен байқағаным, оның да шешімі бар. «Тәрбие-тал бесіктен басталады»-дейді халық. Музыкалық тәрбие де ананың бесік жырынан басталады.
Сондықтан кіші топтарда балаларға ұйықтар кезде бесік жырының аудиосын қосып қою балалардың жүйке жүйесіне жағымды әсер етеді, балбырап, тәтті ұйқыға енуіне көмектеседі, әрі балалардың ұлттық салт дәстүр әндерімен алғашқы танысуы болады деп ойлаймын. Қазіргі заманда балалардың музыкалық талғамдарын қалыптастыруда ата-ананың рөлі өте зор. Себебі көлікте, үйде де кейбір ата-аналар өздері тыңдайтын мағынасы жоқ әндерді қосып қояды.
Ол еріксіз баланың санасына сіңіп, жадында сақталады. Өкінішке орай бұл балаға теріс әсер беріп жатады. Осыны ата-аналар түсінбейтіні қынжылтады. Ішінде бала отырған кейбір көліктерден шыққан дыбыстың күштілігі сондай, сыртта кетіп бара жатқан адамның құлағына ауыр тиеді. Рок музыканың, кез келген ауыр музыканың дүңкілі баланың есту аппаратына, жүрек соғысына қатты әсер етіп жатқанын ата-аналар түсінсе ғой… Баланың мазасыздануына, мінез-құлқына да мұндай музыка қатты әсер ететініні сөзсіз.
Керісінше жайлы, әдемі музыканың бала денсаулығына зор пайдасы барын белгілі психолог, медицина ғылымының профессоры Владимир Михайлович Бехтеревтің «Музыка тек тәрбиелік фактор ғана емес. Музыка – денсаулықтың емшісі»,-деген сөзін келтіре айтып отырамын. Ата-аналар жиналысында осы мәселелерді қозғап, оларға балаларының музыкалық тәрбиесіне жауапкершілікпен, талғампаздықпен қарау керектігін, музыка тек ақыл-ойға емес, сонымен қатар сезімге зор әсер ететіндіктен, музыкалық іс әрекет рухани-адамгершілік тәрбиедегі басты звеноның бірі болып табылатынын түсіндіремін.
Ата-аналарға тағы бір айтып өтетін жәйт-баланың музыка оқу қызметі, музыка іс әрекеті, ертеңгіліктер кезіндегі психологиялық ішкі жан дүниесі туралы. Кейбір ата-ана «Менің балам неге тақпақ айтпады, неге рөл ойнамады?»,- деп реніштерін білдіріп жатады. Менің ұстаздық тәжірибемде байқағаным-кейбір балалар іс-әрекетке қатысқаннан гөрі сырттай бақылағанды ұнатады. Ол -бала ештеңе үйренбей жатыр, болып жатқан іс-әрекетке бей-жайлығы деп түсіну дұрыс емес. Әдетте мұндай балалардың ой-қиялы бай болады.
Олар көрген, сезгенін ішке түйіп, уақыты келгенде ғана ашылады. Ондай баланы дәл қазір айт, дәл қазір қатыс деп қыстап, асықтыруға болмайды деп есептеймін. Мұндай әрекет керісінше әсер етуі ықтимал. Сондықтан ұстаз да, ата-ана да сабырлық танытып, балаға ішкі тәжірибе жинауға, уақыты келгенде ашылуына мүмкіндік беруі керек. Музыка оқу – қызметінің рухани-адамгершілікке тәрбиелеудегі зор ықпалы туралы ойымды Аристотельдің мына сөздерімен қорытындылағым келеді: «Музыка – жанның этикалық жағына белгілі бір әсер етуге қабілетті және музыканың осындай қасиеттері болғандықтан, оны жастарға білім беру пәндерінің қатарына қосу керек. Музыка адамгершілікті арттырады».
Зәуре Амангелдіқызы АКОШЕВА,
«Өзін-өзі тану» балабақшасының
музыка жетекшісі