Құрылымдық өзгерістерден – лайықты өмірге

Қазақстанның жаңаша тарихына  естен кетпес  қаралы күндер тізбегімен енген  2022 жылдың қаңтар айындағы халық үлкен үмітпен күткен саяси маңызды оқиғалардың қатарына  «Nur Otan» партиясының кезектен тыс өткен XXI съезі кіретіні анық. Мемлекеттің басына түскен қиын күндер, қоғамның  тұтастығы мен қасиетті тәуелсіздігіне  қатер төнген сын сағаттардан соң, қалың жұртшылықтың жоғары билік пен билеуші партияға сенімі азайғаны шындық.

Алайда  Президент  Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі елімізде  орын алып отырған терең әлеуметтік-экономикалық дағдарыстан  прагматикалық саяси реформалар негізінде күшті мемлекет ретінде түлеп шығу мүмкіндігі бар екенін аңғартқан соңғы нық мәлімдемесі мен көп күттірмей бастап кеткен нақты іс-әрекеттері қалың жұртшылықтың көңілінен шыға бастады. Кешегі онлайн форматта өтіп, еліміздің барлық аймақтарынан  жалпы саны 389 депутат қатысқан «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезінде Қ.Тоқаев бірауыздан оның жаңа төрағасы ретінде сайланды.

Қазақстан Республикасының  Конституциясы  бойынша өзінің негізгі міндеті – елдегі барлық билік тармақтарының келісілген әрекеттерін қамтамасыз ете отырып, халқына қалтқысыз қызмет ету екенін ойынан шығармаған Мемлекет басшысы осы бір жауапты қызметті  дағдарыстан шыққанша уақытша ғана атқаратынын тұспалдап жеткізді. Қ.Тоқаев съезде жасаған баяндамасында қасіретті қаңтар күндері «Nur Otan» партиясы өзін еліміздегі жетекші саяси күш ретінде көрсете алмағанын, қолда бар орасан адами және кәсіби мамандардың ресурсын дұрыс арнаға бағыттамай, сырттай бақылаушыға айналғанын қатаң сынға алды.

Ол бірінші кезектегі мәселе ретінде партияның құрылымына өзгерістер енгізіп, оны тұтастай оңтайландыру қажет екеніне тоқталды, атап айтқанда,  төрағаның бірінші орынбасары қызметінің орнына атқарушы хатшы лауазымын енгізуді тапсырды. Партия аппаратының сервистік модель жағына қарай қайта құрылып, қарапайым халықтың өзекжарды  мәселелерін нақты түрде шеше  алатын тетіктерді қолданатын жаңарту процестерін бастауды  талап етті.

«Nur Otan» партиясының жанынан құрылған қоғамдық кеңестер, бүгінде елімізде қордаланып тұрған өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелерді еңсеруге тек үйреншікті жалаң ұран тастаумен емес, нақты шешімдер  мен ұтымды ұсыныстар беру арқылы бел шеше кіріскенде ғана партияның халық қолдауына ие болу мүмкіндігі артатынын баса айтты. Партия қатарындағылардың ынтымағын арттырып, қоғамдағы конструктивті күштерді біріктіріп, маңайына  халықтың шынайы сеніміне ие болған азаматтар мен қоғамдық-саяси жұмыстағы көшбасшы тұлғаларды топтастыра алған жағдайда ғана партияның беделі өсетінін тілге тиек етті.

Сонымен қатар ел Президенті алдағы межеленіп отырған саяси реформаларды табысты жүзеге асыру үшін аталмыш партия қоғамдық бақылауды нығайтып,  атқарушы билік өкілдерімен, азаматтық қоғамның белсенді мүшелерімен және басқа да қоғамдық қозғалыс, саяси партиялармен қоян-қолтық араласа отырып, өзінің былтырғы сайлауалды уәделерінің үдесінен шығуын қадағалайтынын қадап айтты.

Қазақстан Республикасы  Парламенті және  Сенатындағы  «Nur Otan» партиясының депутаттары мен  фракция мүшелері жалғандықтан, ұраншылдық пен ашық  популизмнен ада болып, алда жүргізілетін реформаларды  сапалы заңдармен қамтамасыз етіп, өзінің сайлаушыларымен, қоғам белсенділерімен жиі кездесіп, шалғайдағы ауыл халқының ауыр тұрмысын жеңілдету үшін бар мүмкіндікті пайдалану қажеттігін естеріне салды.

Еліміздегі барлық басқару органдарын жүйелі түрде жайлаған сыбайлас жемқорлықты бүкіл азаматтық қоғамды, оның ішінде партияларды тұтастай жұмылдырмай жеңу мүмкін еместігін баса атап өткен Президент Қ.Тоқаев сонымен бірге «Nur Otan» партиясы халыққа пайдалы бастамалардың көш басында тұрып, мемлекетте ақсап тұрған идеологиялық жұмыстарды жандандыру ісіне де белсенді араласуы керектігін алға тартты.

Жоғары өкілдік органы – Саяси кеңесі 55 пайызға жаңартылған және біршама азаматтық сектор өкілдерімен толықтырылған «Nur Otan» партиясының жаңа Қазақстанды құрудағы  сапалы қызметі мен үлес салмағының қандай   болатыны алдағы уақыттың еншісінде. «Nur Otan» партиясының жаңа көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталмыш саяси институттың қатарында  жүргізген құрылымдық өзгертулері мен алдына қойған айқын  тапсырмалары қоғамдағы үлкен сапалық жаңартулардың бастамасы, жүргізіліп жатқан саяси реформалардың заңды жалғасы, қазақстандықтардың лайықты өмірі үшін жасалған жаңа  қадам  болады деп үміттенеміз.

Есенай ІҢКӘРБАЕВ,
ә
л-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің с
аясаттану және саяси
технологиялар  кафедрасының доценті,
саяси ғылымдар кандидаты

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий