Жастардың тағдырына бейжай қарамайық
«Нұр Отан» партиясының кезектен тыс өткен ХХІ съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі бірқатар саяси-әлеуметтік мәселелерге тоқталды. Президент «Нұр Отан» партиясының қоғамдағы рөлін арттыру аса маңызды екенін атап өтті. «Шын мәнінде нақты істің партиясы ретінде ол оқиға ортасында және процестер алғы шебінде болуға тиіс. Сырттай бақылаушы болу енді қабылданбайды», – деді. Сын сағатында партияның алып күші пайдаланбай қалғанына өкініш білдірді.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы «қаңтар қасіреті» жастардың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда бейімделуінде жіберген кемшілікті анық көрсеткенін айтып өтті. «Жас Отанның» нақты іспен айналысуға мол мүмкіншілігі бар. Партияның жастар қанатында 100 мыңнан аса мүшесі бола тұра, осынау маңызды ресурс пайдаланылмай отыр», – деді. «Бізге қалалардағы өз орнын таппаған жастармен нақты жұмыс жүргізу керек.
Пайдалы қоғамдық жұмыспен айналысқысы келетін жастар арасындағы сенімге ие көшбасшыларды «Жас Отанның» қатарына тартқан абзал. Мемлекет жастарға арналған қаншама маңызды жобаларды жүзеге асырып жатса да, сауалнама қорытындыларына қарасақ, олар бұл жобалардан хабарсыз», – деп қынжылыс білдірді. Шынында да, бізге, жалпы қоғам мүшелеріне, белсенділік жетіспейді. Бір-біріміздің мәселемізге бас ауыртқымыз келмейді. Қазір қос дипломы бар жастардың дені жұмыссыз.
Жұмысы болмаған соң, олар жаман әдетке әуес келеді. Өз басым Президенттің «жастарды техникалық мамандықтарға баулу керек» деген ұсынысын қолдаймын. Өйткені біздің қоғам білікті инженерлерге, техниктерге өте зәру. Әлі күнге дейін мұнай-газ секторы кәсіби техник мамандарды сырттан алдырады. Осындай кемшіліктерді жою үшін отандық мамандарды өзіміз молынан, қажеттілікті өтейтіндей деңгейде даярлауымыз керек. Оған біздің елдің мүмкіншілігі де, қуаты да жетеді. Тек еліміздің болашағы – жастардың тағдырына бейжай қараудан арылуымыз керек. Сонда ғана нақты нәтижеге жетеміз.
Лейла КУДРЕЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия және
химиялық технология факультеті
деканының оқу ісі және әлеуметтік
қызмет жөніндегі орынбасары