Д.Қонаев – 110 жыл: Аңыз адамның тарихи тұлғасы

Ғұмыр кешпей қара бастың қамы үшін,
Қорғадыңыз ел мен жердің намысын.
Тарих өзі таразылар, танытар,
Ұлық қазақ Қонаевтың сан ісін.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – кеңестік партия және мемлекет қайраткері, Қазақстан Компартиясының  ОК бірінші хатшысы, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері. Қазақстанның даму жолы –  Димаш Ахметұлының өмірі. Оның басшылықтағы кезеңі еліміздің қиындыққа толы кезең екендігін тарих көрсетті. Д. Қонаев сол қиын кезеңді халқымен бірге еңсеріп, артынан ұмытылмастай сара жол қалдырғаны да шындық.

Өткен ғасырдың 30-шы жылдарының соңында, Балқашта  жас тау-кен инженері ретінде басталған өмір жолы еліміздегі талай өнеркәсіп орындарының ашылуына септігін тигізді. Архивтерді парақтап отырсаң, оның бірнеше жыл ішінде  айналмалы бұрғылау станогының машинистінен ел тізгінін ұстаған басшылық  жолынан өткендігін көре аласын. Аты аңызға айналған Д.Қонаев қандай қызмет атқарса да ел мүддесінің мәселелерін аса өткір, әрі көлемді түрде шешіп, өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарады.

Димаш аға елімізде білім мен ғылымның өркендеуіне көп үлес қосты.1952-1955 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясының президенті болды. Отандық ғылым мен білімнің дамуы туралы  еңбектерінде  «Ғалымдардың уақытын, күші мен талантын қорғау керек,  Ғалым жұмыс істеген кезде тыныштық пен мүмкіндігінше алаңдаушылықтың болмауы керек», – деп атап көрсетті.  Біраз жылдар  бұрын айтылған бұл сөздер бүгінде өзекті емес пе?

Д.Қонаевтың 60-жылдардың басындағы докторлық жұмысы және оның теориялық есептеулері полиметалл, мыс кені, темір, марганец, никель, боксит, фосфорит кен орындарын, сондай-ақ сирек және асыл металдар кең орындарын ашық тәсілмен игеруге мүмкіндік берді. Олардың кейбіреулері әлі күнге дейін мүлдем басқа экономика жағдайында пайдаланылуда. Ал кенші Қонаевтың еңбектері әлі күнге дейін егеменді Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін тудыруда.

Димаш  Ахметұлы  Конаев Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып жұмыс істеген уақытта ол қуатты индустриялық база мен энергетиканы, ірі ауыл шаруашылығы өндірісін құру, ғылым, білім және мәдениет деңгейін арттыру, жаңа қалалар салу, оларды абаттандыру жөніндегі міндеттерді айқындады. Д.Қонаевтың ойлау ауқымдылығы тың жерлерді дамытудың күрделі мәселелерін шешуде, күріш, дәндік жүгері, мақта, картоп, көкөніс өндірісін ұлғайту үшін жаңа суармалы жерлерді игеруде, жүзім совхоздарының желісін ұйымдастыруда және бақша алқаптарын кеңейтуде айқын көрінгендігін атамыз жайлы жазылған еңбектерден көруге болады.

Кемел адам кез-келген уақытта қызықты. Димаш ата туралы жазушы журналист Серік Әбдіраймов: «Ар ойлап, дүниеге бой алдырмаған екі адам болса, соның бірі елі еркелетіп Димаш атаған – Д. А. Қонаев. Шүкір, шыққан тауы биік болды. Бір кісідей биліктің шыңына көтерілді. Кісілігін ұлықтыққа жеңдірмеген кім десеңіз, онда да осынау абзал жанның есімі еріксіз еске түседі. Димекең қанағатшыл жан еді.

Газет – журналда жарияланған мақалаларын есептемегенде, қай баспадан қанша кітап шығармасын соның барлық қаламақысын жетім балалар үйіне аударып отырған», – деген болатын. Димаш аға өмірінде өте ұстамды, салмақты, ақылы мен парасаты ерекше, көпшілікті іске жұмылдыра білетін, қабілеті мол кемеңгер басшы болды. Оны халқы ерекше құрметтеп, қошеметтеп, «Біздің Димаш» дейтін. Д. А. Қонаев – шын мәнісінде еліміздің іргесін нықтап, еңсесін тіктеп, бүгінгідей қуатты мемлекетке айналдырып кеткен жан.

Қапшағай қаласы Балдәурен РОСО-на еліміздің жан –жағынан  жиналған дарынды балалалр демалыстарын өткізіп жатыр. Балаларға патриоттық тәрбие беруде басты назарымызда, еліміздің болашақ ұрпақтарына ел тарихын білу де парыз. Орталығымызда балалардың әр демалыс  уақытын тиімді қызықты өткізу үшін түрлі мерекелік шаралар өткізіліп отырады. 2022 жылдың алғашқы ауысымдағы маңызды шаралардың бірі орталық кітапханашысы Набиова Шолпан Отарқызы өткізген «Елін танытқан ер» атты тәрбие сағаты болды.

Тәрбие сағатынын барысында Д.А. Қонаевтың өмір мен қызметі, «Балдәурен – балалар арман аралы» орналасқан Қапшағай қаласы тікелей Димаш Ахметұлының тапсырмасымен бой көтергендігі айтылды. Д.А.Қонаев атамыздың қазақ елі үшін жасаған ерең еңбегі, төккен терін бүгінгі ұрпаққа жеткізу бізге берілген қазақ елінің  аманатындай.

Рүстем Оңғарбекұлы АЛДАБЕРГЕНОВ,
Айдос Бақытұлы ӘБДІҚАДЫР,
«Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру
орталығының тарих пәні мұғалімдері,
Алматы облысының Қапшағай қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий