Білім сапасы: Сабақты зерттеу тәсілінің маңызы
Замануи мектептегі әр ұстаздың алдына қойған мақсаты – бұл өзінің кәсіби шеберлігін заман талабына сай арттырып отыру. «Сабақты зерттеу» үрдісінің түйінді сипаты креативтілік пен ғылыми дәлдік болып табылады. Мұғалімнің кәсіби шеберлігі ең алдымен, мақсат міндеттерді дұрыс шешуден басталады. Әрбір күні өзгеріске толы бүгінгі жауапты кезеңде уақыт талабына сай жас ұрпақты білімді етіп тәрбиелеу ұстаздарға зор жауапкершілік жүктейді.
Ол мұғалімнен үздіксіз ізденуді, өз білімін жетілдіріп отыруды талап етеді. Неміс халқының ақын-жазушысы Иоганн Гете «Ойлау оңай, әрекет қиын, ал ойды әрекетке айналдырған қиынның қиыны» – деген екен. Мұғалім уақытты өткізу үшін әдістер қолданбайды, сабақ мақсатына жету үшін әр жүрекке бір сәуле жағу үшін әдістер қолданады.Білім беру саласында оқушылардың танымдық білімін қалыптастырумен қатар білік-дағдыларын дамыту да тең дәрежеде қарастыру қажеттілігі танылып отыр.
Білім берудің жаңа мазмұны бойынша сабақ үрдісінде берілетін теориялық білімді оқушылардың өмірде қолдана білуіне жан-жақты басымдық берілген. Менің ойымша, сабақты зерттеу – оқыту мен оқу сапасын жақсарту мен тәжірибелерді жүзеге асыру, бірлесіп зерттеу жүргізу, өзара көмек беру және ақпарат алмасу алаңы.«Мұғалімдер оқушыларды XXI ғасырға қалай дайындайды?» деген мәні зор мәселе көтеріліп отырғаны аян. Яғни, біздің ендігі мақсатымыз – алдымыздағы оқушыларымыздың білімі мен дағдысын дамыта отырып, өзін-өзі таныған жеке тұлға ретінде қалыптастыру.
Менің педагогикалық қызметімдегі сабақ беру үрдісім, өз өзімді бағалау мен болашақта кәсіби тәжірибемдегі жоспарларым және оқушылардың зертеушілік қабілеттерін дамыту, ғылыми жобалар әзірлеуге дайындау мақсатында өткізілген сабақтарға зерттеу жүргізудегі тәжірибем сипатталған. Осы мақсатты жүзеге асыру жолында мен сабақты зерттеу (Lesson study ) әдісі 3 жыл бойында қолданысқа еңгізіп келемін.
Сабақты зерттеудің үш түрі бары анық: бірыңғай тақырыпқа байланысты, оқыту дағдыларын дамыту, мұғалімдердің бақылау дағдыларын дамыту. Жалпы зерттеу тақырыбым: Диалогтік оқыту әдісі арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру. Мақсаты: оқушылардың ауызекі өз ойын жеткізе білуге үйрете отырып, сөздік қорын молайту. Нәтиже: оқушылар өздігінен білім алу қабілеттері дамиды, диалогқа түседі, өз ойларын еркін жеткізе алады.
Жоспарланғандай сабақ өз кезеңдерімен өтті. Алғашқы отырысымызда қолданылатын әдіс-тәсілдерін саралап, түсініп, қолдану кезеңдерін талқылап алдық. Әр мұғалім өз сабағын жоспарлап келді, ал жоспарға тиімді өтетін әдіс-тәсілдерді енгізіп отырдық. Сабақ соңынан ол жоспар талданып, енгізген әдіс-тәсілдердің жетістігі мен тиімсіздігі сараланып, келесі сабаққа және басқа да мұғалімдерге ұсыныс жасалып отырды.
Нұрсәуле МҰРАТҚЫЗЫ,
Ескенежал ауылындағы негізгі
орта мектептің мұғалімі, Ақмола
облысының Зеренді ауданы