Кәсіби қайта даярлау – педагогтардың тәжірибесін шыңдау кепілі
Қазақстан Республикасының қазіргі даму кезеңінде мектепке дейінгі білім беру жүйесінде жаңа тәсілдерді және оқу процесін ұйымдастырудың жаңа тиімді нысандарын іздестіруді талап ететін терең әлеуметтік-экономикалық өзгерістер болып жатыр. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 8 шілдедегі № 471 қаулысымен бекітілген Өмір бойы оқу тұжырымдамасын үздіксіз білім беру жүйесінде іске асыру көзделуде.
Тұжырымдама өмір бойы оқуды оңтайлы қамтамасыз ету үшін білім берудің барлық деңгейлері мен нысандарының құрылымы мен мазмұнын тиімді өзгертудің мақсаттарын, міндеттерін, негізгі тәсілдерін жүзеге асыруда мектепке дейінгі білім беруді дамыту бойынша жүйелі іс-шаралар кешені іске асырылуда. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесіндегі мемлекеттік саясат халықтың түрлі әлеуметтік топтары мен бұқаралық топтардан шыққан балалардың сапалы білім алуы үшін қол жетімділікті қамтамасыз етуге және тең бастапқы мүмкіндіктерді жасауға бағытталған.
Сапалы білімді қамтамасыз ету мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамытуда балабақшалардың көптеп ашылуына байланысты педагогтардың кәсіби білімдерін жетілдіру арнайы ұйымдастырылған қайта даярлау курстары арқылы жүзеге асады. Еліміздің жаңа ұрпақтарын жаңаша оқытумен бірге ұлттық рухани тәрбие беру мәселесін жүзеге асыру мектепке дейінгі ұйым педагогтар қауымына үлкен жауапкершілік жүктейді.
Әр педагог бүгінгі заман талабына сай мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру үрдісін жүзеге асыруда балабақшада арнаулы мамандар мен тәжірибелі педагогтардың жеткіліксіздігі байқалады. Тәрбилеу мен білім берудегі жұмыстарды жүйелі түрде жүргізудегі нақты бағыт-бағдардың болмауы, арнайы саланың мамандарының жеткіліксіздігі т.б. мәселелерді ескеріп, мектепке дейінгі ұйымдардың тарапынан тапсырыстардың болуына байланысты педагогтардың тәжірибесін шыңдау мақсатында біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстары ұйымдастырылуда.
21.12.2021-22.01.2022 жылдың аралығында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институтының ұйымдастыруымен 108 академиялық сағатқа арналған «Мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтерін кәсіби қайта даярлау» атты онлайн курсы өткізілді. Курста нормативтік-құқықтық құжаттармен жұмыс жасау және ондағы өзгерістер, толықтырулар мен мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделін тәжірибеде қолданудың маңызы ашып көрсетілді.
Педагогтардың жаңаша ойлауы, білім беруге заманауи көзқарас, педагогтің қызметіндегі этикасы, тәрбие мен оқыту сапасын арттыру, сыни ойлауды дамыту, педагогтерді кәсіби қайта даярлаудағы кәсіби даму, біліктілікті арттырудың тиімді жолдары қарастырылды. Мектепке дейінгі ұйымдарда инновациялық технологияларды пайдалану мен озық іс-тәжірибені насихаттау жолдарына жан-жақты талдау жасалды.
Инновациялық технологиялардың түрлеріне талдау жасалып, оны тәжірибеге енгізу жолдары, әр балабақшада қалай қолданылып жатқандығы жайында ой бөлістік. Тәрбиеші педагогтардың іс-тәжірибесін насихаттауда негіздеме жазу үлгісі, шығармашылық есеп беру мен оқу-әдістемелік көмекші құралдар дайындаудың тиімділігі өз тәжірибелеріне бағыттала отырып баяндалды және жазған мақалалар мен эсселеріне талдау жасап пікір алысты.
Қазіргі кезеңдегі мектепке дейінгі ұйымдардың аттестациядан өтудегі нормативтік-құқықтық құжаттарды дайындау, олардың мемлекеттік стандартпен сәйкестігі және тәрбиеші педагогтарға аттестациядан өтуге қойылатын талаптардың түсіндірілуі дер кезіндегі тығырықтан шығар жол болуымен маңызды. Оқу бағдарламасындағы 6 модульдің тақырыптарына сәйкес таратпа материалдар ұсынылып олардың мазмұны бойынша тәрбиешілер пікір бөлісіп, оны өз тәжірибесінде пайдалану барысын баяндады.
Педагогтар алған теориялық материалдар мен тәжірибелік мүмкіндіктерді болашақта өз тәжірибелерінде пайдаланудың тиімді екендігін айтып, әлі де курстан алған әсерлері мен мәліметтерді өмір бойы оқу мен дағды қалыптастыруда бағдаршам болатынын атап өтті. Тәжірибеде өзіміз жасап жүрген жұмыстарымыздың оң бағыттарын айқындап, түсіне алмай жүрген сұрақтарға толық жауап алдық. Жоспарлаудағы кемшіліктерімізді көріп, түзетіп, мақсат-міндеттерімізді нақтылап алдық.
Сонымен қатар оқу қызметін ұйымдастырудың әдістемелік мүмкіндіктерінің жан-жақты түсіндірілуі және өте көп ақпараттық материалдардың электрондық нұсқада жіберілуі бұл курстың құндылығын қуаттай түсті, – деп пікір білдірді тыңдаушылар. Осындай пайдалы курстар жиі өткізілсе дегенөз ұсыныстарын жеткізген тыңдаушылар курсты ұйымдастырушы Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институтының директоры Әсем Серікқызы Ильясоваға, мамандары Рауза Байдрахманқызы Асаубаеваға және дәріскер маған шын жүректен алғыстарын білдіреді.
Әсіресе, «Сіздің бізге берген ой көмектеріңіз, әдістемелік бағыт-бағдарыңыз, сабақтарыңыздағы сөйлеу мәдениетіңіз бен түсіндіру шеберлігіңіз бізге үлгі-өнеге болды және біз үшін баға жетпес өте маңызды құндылық» деуі кімді болмасын толғандырары сөзсіз. Қорыта айтқанда, кәсіби қайта даярлау курсының мазмұны мен дұрыс ұйымдастырылуы тәрбиеші педагогтардың тәжрибесін шыңдау кепілі екендігіне және теория мен тәжірибені тең меңгеру қажеттілігіне, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, жаңаша педагогикалық ойлаудың, кәсіби дамудың қайнар көзі екендігіне көз жеткіздік.
Фатима ЖҰМАБЕКОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы ұлттық
университетінің профессоры, п.ғ.к.