Білім бренді һәм ұлттық мектеп ұпайы
Халық түзелуінің үміті – жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі – бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс»,– деген еді өткен ғасырда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов. Иә, арада бір ғасыр өтті. Бүгінгі ұрпақ қалай білім алып, қалай тәрбиеленіп жатыр? Күндік өміріміз мектепте, ұрпақ тәрбиесімен тікелей айналысып жүргесін де бұл сұрақтың жауабы жадымызда жаңғырып жатыр. Бірақ дұрыс сұрақ ойлануға түрткі, ал ойлану – істің алғашқы қадамы. Сондықтан да ойланып, қарап көрейікші? Әлем баласы қалай тәрбиеленіп жатыр, қазақ баласы қалай тәрбиеленіп жатыр?
«Ел мен елді, ұлт пен ұлтты, халық пен халықты теңестіретін нәрсе – білім», –деген Мұхтар Әуезов. Ал біз білім көшінде өзге жұртпен теңесе алып жатырмыз ба? Әлемдік бәсекеде орнымыз қайда? Біздің білімнің нәтижесі сол болмақ. Әлемде «білім бренді» деген үлкен түсінік бар. Білім брендке айналған елде ғылым трендке айналады. Ғылымы асқан ел әлемге сыйлы, өзгеге жалпақтамайды, жалтақтамайды. Қарызданбайды, құқы тапталып арызданбайды. Білекке сенген заманда ешкімге дес бермедік, білімге сенген заманда өзгеден кем қалмалық, – дейді Әбіш Кекілбаев.
Біз қапы қалып жатқан жоқпыз ба?– деген ой келеді. Әлемде мектептердің қалыптасқан бренді бар. XX ғасырда ағылшын мектебі, неміс мектебі, жапон мектебі деген мектептер өз алдына бренд болды. Оның өнімі бүгінгі технологиялық алпауыттарға айналды. Екінші дүниежүзілік соғыста жермен-жексен болған Германия мен Жапония сол мектептеріне салмақ салып, мектебін ұлттық білім негізіне айналдырып, ғылымын түлетті. Сол арқылы ұлтын сақтап, елін күйреуден алып шықты.
Өзін жеңіп кеткен елдердің алдына отыз жылға жеткізбей озып шыға келді. Бүгінде әлемнің ғылымдағы жетістіктерінен өз салмағын сақтап отыр. XXI ғасыр келді, дәл осы неміс, жапон, ағылшыннан үлгі алған кіші мемлекеттер барын салуда. Бүгінде Фин мектебі, корей мектептері көпке үлгі болып отыр. Нәтижесі де нанотехнологиялардан бастап ауыр өнеркәсіпке дейін шығып жатыр. Қазір 2010-2020 жылдардағы білім сапасы мен қолжетімділігі, өнімділігі, нәтижелілігі секілді әр түрлі рейтингтерінің жалпы қорытындысы бойынша әлемдік үздік 20 ел, білім берудегі «үздік жиырмалық» қатарын санамаласақ.
Финляндия, Оңтүстік Корея, Гонконг, Жапония, Сингапур, Ұлыбритания, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Швейцария, Канада, Ирландия, Дания, Австралия, Польша, Германия, Бельгия, АҚШ, Венгрия, Словакия, Таюан. Иә, «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басқан тұста қазақ мектебінің хәлі нешік?» деген сұрақ басшы ретінде де, осы саланың маманы ретінде де бәрімізді ойлантса керек. Себебі, еліміз әлемнің дамыған 30 еліне қосылуы үшін білім саласы, білім сапасы сол биіктен көрінбек керек.
Ол үшін қазақтың алғашқы кәсіби педагогы Мағжанға жүгінелік. «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға (қазақ жанына) үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады». Бұл – Мағжан Жұмабаевтың сөзі. Күллі Алаштың идеясы еді. Сол үшін де күллі алаш қайраткері ат үстінде жүрсе де мектеп пен білімге барын салды, негізін қалады.
Білім саласы ұлттық брендке айналмаса, Мағжанның сөзімен айтқанда мектебіміз өз жанымызға (қазақ жанына) үйлесетін негізде құра алмасақ, бәсекеден межелі орын алмасымыз ақиқат. Себебі, педагогиканың соңғы нәтижесі – ұлт психологиясының танымдық биігі. Ал психология – адамның тікелейгені, қаны. Бұл –ғылымда дәлелденіп қойған ақиқат. Жоғарыда бүгінде әлемдік үздіктер – өз ұлттық мектебін қалап алғандар. Өз ұлттық брендін қалыптастырып қана қоймай, маңайына білім саласында отарлау жасап, мәдени отарлауға беттегендер.
Оның дәлелі –хип-хоп, кәріс тілі һәм мәдениетінің бүгінгі қарқыны. Біз осынау тарихи сәтте қазақ ұлттық мектебінің концепциясы туралы ойланып, ұлттың тәрбиесі негізінде заманауи ұлттық мектеп үлгісін жасақтауымыз керек. – Бала қай тілде білім алса, түбі сол ұлтқа, сол елге қызмет етеді, – дейді Алаш арысы Мұстафа Шоқай. Иә, тіл дегеніміз – ұлттың жаны, ұлт дегеніміз – бүгін мемлекет.
Сондықтан да ертең ұлтымыз бәсекеге қабілетті болсын десек, бүгін білім көшбасшыларына ұлттық мектептің ресми моделін жасап, ел бойынша жалпыластыру кезек күттірмес шаруа екені ақиқат. Ұлттық ұпайымыз түгел болсын десек, онда мектебіміз өз жанымызға жақын болсын!
Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ,
Қайым Мұхамедханов атындағы №90
гимназия директоры, Нұр-Сұлтан қаласы