Педагогикалық білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие үдерісіне рухани-адамгершілік білім беруді енгізудің маңызы және “Кемеңгер ұстаз” жайлы ой
Бәрімізге белгілі бүгінгі қоғам алдында тұрған ең жауапты міндет – тәуелсіз мемлекетіміздің уығы болып қадалатын қоғам мүшелерін, яғни жас ұрпақты адамгершілік қасиетке тәрбиелеу, тиянақты білім беру. Бұл туралы аз айтылып жатқан жоқ. Адам бойында адамгершілік құндылықтар болмаса, олардың орнын ешқандай терең білім толтыра алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеуде. Балалар мен жастар тәрбиесінің болашағы – олардың адамгершілік- рухани қасиеттерін дамыта отырып, нағыз Адам етіп қалыптастыруда. Сонда ғана жас ұрпақ халқын, Отанын, айналасын риясыз сүйетін, нағыз толыққанды тұлғаға айналмақ.

«Жаңа туылған нәрестенің ақыл-ойы, миы таза болады, қайырымдылық пен зұлымдықтың ешқайсысын таңдай алмайды, бұл екеуі де адамның өмір сүру үдерісінде жиналады»,- дейді әл-Фараби бабамыз. Иә, құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы тиіс. Баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, секілді адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіруде отбасы мен ұстаз маңызды роль атқармақ. Өсіп келе жатқан ұрпақты мәдениетті, парасатты, білікті, көргенді етіп тәрбиелеу, олардың дүниетанымын жоғары деңгейге көтеру, ұлттық намысы жоғары ұландарды тәрбиелеу ісі ұстаздарымыздың еншісінде екені айқын. Сондықтан да Шәкәрім бабамыз «Ғылымға ар ілімін енгізу қажет» деп тегін айтпаса керек.
Халқымыз арнайы тәрбие орындарынан тәлім, жоғары білім алмаса да мол өмірлік тәжірибесі мен қанға сіңген рухани-адамгершілік қасиеттерінің арқасында ата-анасын қарттар үйінде жәутеңдетпеген, баласын жетімханада жәудіретпеген, отбасын тастап кетіп жетімсіретпеген, шаранасын далаға лақтырып шырқыратпаған, осындай болған және сондай ұрпақ өсіріп, тәрбиелеген. Біз қазір іспен де, сөзбен де жүзеге асыра алмай отырған ізгілендіруді оқу-тоқусыз-ақ баланың бойына сіңірткен халық қасиетіне бас имеске шараң жоқ.
Сондықтан да балаға ең алдымен ұлттық тәрбие берілу керек. Олай дейтініміз ұлттық құндылық адамды тәрбиелеудегі ең негізгі құрал болып саналады. Осы ретте бабаларымыз: «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле, сонда ғана оның болашағы биік» деген болатын. Ұлттық тәрбие рухани-адамгершілік тәрбиемен ұштасқанда еліміздің ертеңі болатын ұландар өсіп, жетілмек. Адамгершілік тақырыбы қашан да мәңгілік. Әр бала адамгершілікті күнделікті тұрмыс-тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді.
Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру – ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті. Адамгершіліктің қайнары – елі, отбасы, олардың өнері, әдет-ғұрпы. Руханилықтың негізінде баланың мінез-құлқы қалыптасады, ар-ұят, өзін-өзі бағалау және адамгершілік сапалары дамиды. «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады», – дейді ұлы педагог Василий Сухомлинский. Демек, шәкіртке жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз.
Рухани-адамгершілік білім беру – жас ұрпақтың бойына өмірдің мәні, сүйіспеншілік, бақыт, сыйластық, татулық, бірлік, төзімділік сынды құндылықтарды дарыту арқылы адамның қоғамда өз орнын табуына, қабілет-қарымының ашыла түсуіне, ақыл-парасатының дамуына, яғни сәнді де мәнді өмір сүруіне қызмет етеді. Осындай мейірім мен сүйіспеншілікке сусындаған бала болашақта рухани жетілген тұлғаға айналмақ.
Ал рухани жетілген тұлғаның бойында төмендегідей адамгершілік ұстанымдар болуы тиіс: өзінің қадір-қасиетін сақтап, өзіне-өзі сенімді болу; адал болу, жауапкершілік арқалай білу, жалғандықтан, алдап-арбаудан аулақ болу; ойын, сезімін, талап – тілегін, іс-әрекетін үйлесімділікте ұстау; көздеген мақсатына жете алатындай еңбекқор болу. Бала – ол өте нәзік те сезімтал адам. Оның жанын жаралап алу өте оңай, алайда осы бір жара өмір бойы сыздап жүруі ғажап емес.
Бала кезінде шешілмей қалған мәселелердің салдары ер жеткен кезде, тәрбиелік қателіктерге негіз болатынын ұмытпаңыз. Мұғалімді бір мезгілде қатал да мейірімді бола отырып, баланың алдында үлгі биігінен түспеу, оған қалайда ең жақын дос бола білу жайы көп ойлантуы тиіс. Бала тәрбиесі жұмысында мұғалімдер мен тәрбиешілерге көмек берер деген оймен мынадай кеңестер ұсынып отырмыз: тәрбие кезең-кезеңімен жүргізілуі керек. Әр биікке бала өз уақытында, байыппен көтерілгені дұрыс; баланы әр кезде оның көзіне қарап тұрып, мұқият тыңдаңыз, тек сол сәтте ғана оның ішкі жан дүниесі мен алаңдатқан мәселесіне сіздің бей-жай қарамайтыныңызға сенімі болады.
Өзін және қоршаған адамдарды жақсы көруге үйретіңіз. Бұл өзіне деген сенімді қалыптастырып, қоршаған ортамен байланысын жолға қоюға, дұрыс іс-әрекеттер жасауға көмек береді. Бала – айна. Олар алдымен ата-анасынан, ұстаздарынан үлгі алатынын, біз өмірде қандай қадамдар жасасақ, олар да сондай қадамға баратынын қаперде ұстағанымыз абзал. Оның жақсы адам екенін ескертіп отыру керек, алайда басқалардан артық емес екенін де айтып отырған жөн, бұл баланың тым тәкәппар болмауына әсер етеді.
Есіңізде болсын, балаға үш негізгі қасиетті дарытуға міндеттісіз: шешім шығару, құрмет және жауапкершілік. Қандай жағдай болса да, еңсесін тік ұстайтын, жан-жағындағыларға құрметпен қарайтын және өз қадамдары үшін жауап бере алатын адамдар біздің қоғам үшін аса қажет екені белгілі. Ал ең негізгісі Амонашвилише айтқанда «Әр бала – рухани күш иесі» екенін ұмытпаңыз. Шәкәрім атамыз Адамның жақсы өмір сүруіне негіз болатын төмендегі үш сапаны атайды: Біріншісі АДАЛ ЕҢБЕК – яғни саналы ғұмырында адал жолмен мал табу, қоғамға, отанға адал қызмет ету.
Екіншісі ТАЗА ЖҮРЕК, ол дегеніміз жүрегімізге тек сүйіспеншілікті мекендету болса, Үшінші МІНСІЗ АҚЫЛды – таза оймен, ақиқатты түсінумен байланыстырады. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күнінен бастап тәрбиелейді» дейді ғұлама. Баланың бойындағы жаратушыдан берілген осы үш қасиетті дамыта отырып, алысқа бармай-ақ ұлтымыздың ұлыларының осындай ұлағатты сөздерімен-ақ қаншама парасатты ұрпақты тәрбиелеуге мүмкіндігіміз бар десеңізші.
Рухани-адамгершілік білім беру дегеніміз – бұл әр балаға өз тағдырын таңдауға көмектесу. Әр адам өз тағдырын, өз жолын және де өз міндетін ұғынуы тиіс. Оған ерте балалық шақтан жол сілтейтін – ол, ұстаз. Егер мұғалім өз ісіне берілген және таза болса, онда оның мыңдаған оқушысы жақсара түседі және де еліміз мінезі жетілген білімді ұл – қыздарға ие болады дейміз біз. Егер оқушы өзін дұрыс ұстамаса, онда бір адамның мінезі жапа шегеді, ал егер мұғалімнің әрекеті дұрыс болмаса көптеген оқушының мінезіне зиян келеді дейді ата-аналар.
Мұғалім – бұл ақылдың шектеулігін жоятын, сонысымен жер бетіндегі тыныштыққа ықпал ететін және өзіңді – өзің ұстай білуге үйрететін адам дейді әлем. Педагогикалық үдерістің ізгілікті болуын жақтаушы және оны дамытушы, гуманды ұстаз Шалва Амонашвили «Жансыз білім аяққа түскен салмақ сияқты»,- дейді, яғни балаға берілген жансыз білім желге ұшқан сөзбен тең. Хабарлана салысымен ұмыт қалатын жансыз білім- ақыл үшін, ал ізгілікке жетелейтін жанды білім – жүрек үшін.
Жансыз білім дегеніміз біздің күндегі сабақта балаларға жаттататын формула, ереже, аксиомаларымыз, заңдарымыз бен теорияларымыз. Ал жанды білім әрбір баланың жүрегіне жасырынған жалпыадамзаттық құндылықтарды ашуға, ішкі рухани адамгершілікті дамытуға ықпал ететін, күнделікті өмірмен, адамның жан-дүниесімен байланыстырылған білім. Жанды білімнің мақсаты- баланы ұлттық рухта адамгершілікке тәрбиелей отырып, әрбір оқушының өмірдің мәнін түсінуі, өзін-өзі тануы үшін жағдай туғызу; өз ойына, сөзіне жауапкершілікпен қарайтын, елінің мүддесі үшін еңбек ететін үйлесімді тұлғаны тәрбиелеу.
Осы мақсатта қай-қайсысымыз болмайық қандай пәнді оқытсақ та ең маңыздысы балаларды оқытатынымызды есте сақтауымыз керек және ар-ұжданның үніне сәйкес өмір сүретін, ізгі мінезді тұлға тәрбиелеуіміз керек. Бала кішкентай кезінен әр нәрсені білгісі келіп, білімге құштарлығын танытады. Кейін өсе келе сол баланың білімге деген қызығушылығы азаяды. Халық «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағашқа айналғанда түзете алмайсың» деп бекер айтпаған.
Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен мұғалімдер шешуші рөл атқарады. Қазіргі заман адамдарының қарым-қатынасындағы үлкен қасіреті – балаларға деген ата-аналар, ұстаздар тарапынан жылулықтың жетіспей жатуы. Ата-аналар тіршіліктің қамымен жұмысбасты болып, балаларын тек телефонмен немесе бала күтуші арқылы ғана қадағалауға мәжбүр болып отыр.
Мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі қағазбастылық, өз ісіне салғырттық тәрбиешілердің балаға ата-анасынан ала алмаған мейірім мен жан- жылуын берулеріне кедергі келтіріп жатады. Қазіргі уақытта ата-аналар материалдық қажеттілігін қанағаттандырумен шектеліп, балаларының жан-дүниесіне көп жағдайда мән бермеуде. Мұғалімдер қағазбастылықпен, басшы алдындағы беделін сақтаумен әуре болып жүргенде, бала үнемі өз проблемасымен өзі қалып қояды.
Баланың қуанышы мен реніші мұғалімнің зейіні және процестің орталығы болуы тиіс. Әрбір ұстаз алдында отырған баланың өміріне ене отырып, сүйіспеншілік нұрын шашуға, кез-келген жағдайда көмек қолын созуға немесе бірге қуануға міндетті. Себебі, ұстаз бала болашағының қамқоршысы болып табылмақ. Мұғалім балаға тек жай ғана білім беріп қана қоймай, психологиялық жылулықпен нәрлендіруге, оның өзіне деген сенімділігін арттыруға шын жүрекпен көңіл бөлуге тиіс. Ұстазы мен ата-анасының махаббаты баланың қорғалған, сенімді, жарқын, бақытты болашағының кепілі.
Адамгершілікті ұстанымды және ізгілікті дүниетанымды мамандардың жаңа буынын қалыптастыруды басты миссиясы деп санайтын «Өзін-өзі тану» адамның үйлесімді дамуы гуманитарлық колледжіндегі оқу-тәрбие үдерісі түгелге жуық жалпыадамзаттық құндылықтарға бағытталған рухани-адамгершілік тәрбие мен білім беруге құрылған. Әрине, оған толықтай негіз бар, себебі біздің студенттер – болашақ педагогтар, бір сөзбен айтқанда ізгілікті білімнің негізін қалаушылар.
Біз олардың ары таза, адал, парасатты, ұстамды, кешірімді, ой-өрісі кең, білімді, теорияны өмірмен байланыстырып, білім мен ғылымды ізгілікке бағыттай алатын, бар білгенін шәкірттеріне риясыз сүйіспеншілікпен ұсынатын ұстаз дәрежесіне жетулерін басты мақсат етіп қойдық. Бізде дәстүрлі түрде жалғасын тапқан тәрбиелік іс-шаралар рухани-адамгершілік тәрбиені студенттердің, олар арқылы болашақ ұрпақтың бойына сіңіруге, жалпыадамзаттық құндылықтар туралы түсініктерін кеңейтуге бағытталған.
Колледжде оқытылатын пәндердің барлығы дерлік Өзін-өзі тану пәнімен интеграциялана жүргізілуінің өзі біздің ұстаздардың тек білім беріп қана қоймай, білімді ізгілендіру міндетін жүзеге асырып отырғанын көрсетеді. Тәрбиелік іс-шаралар,яғни шаттық шеңберлері, қайырымдылық акциялары, кураторлық және өзін-өзі тану сағаттары, жанды білім беруге бағытталған сабақтар, педагогикалық тәжірибе барысында насихатталған рухани-адамгершілік білім- осының бәрі «Өзін-өзі тану» гуманитарлық колледжінің тұтастай оқу-тәрбие үдерісін құрайды.
Адам өмірі баспалдақ сияқты, бір жақсы қадам жасасаң, бір баспалдақ жоғары шығып, тағы да алдыға ұмтыласың. Алдыға қойған мақсатыңа тек адамгершілік құндылықтар, ізгілік арқылы жетуге тырысасың, себебі ізгіліктің жауабы ізгілік болмақ. Осыны балаға түсіндіруді, баланы ізгілік жолымен жүруге үйретуді біздің ұстаздар өздерінің еншісіндегі ұлы міндет деп санайды. Адамның шын мағынасындағы білімді болуы үшін үш қасиет қажет: кең көлемді білім, ойлай білу және қайырымдылық сезім, – дейді Николай Чернышевский. Қайырымдылық – жүректің ісі.
Тәрбие жұмыстарының дәл мәні сіздің балаға тікелей әсер етуіңізде емес, көзбе-көз әңгімелесуіңізде де емес, ол сіздің өз отбасыңызды, сіздің жеке және қоғамдық өміріңізді және бала өмірін ұйымдастыра білуіңізде дейді ұлы ұстаз Антон Макаренко. Яғни біз әдемі сөйлегенді жақсы көреміз және жақсы меңгергенбіз. Бірақ береріміз нәтижелі, ойға қонымды, шынайы болсын десек барлық болмысымызбен, тіпті жеке өміріміз, азаматты ұстанымдарымызбен де үлгі болуға тиіс екенімізді ұмытпайық. Бізде, рухани-адамгершілік білім беруде бұл Сөз, Іс, Ойдың бірлігі деп аталады.
Білім берудің ең басты мақсаты дейді неміс педагогы Курт Хан адамды бес затқа тәрбиелеу: білімқұмарлыққа, жеңіліссіздік рухқа, мақсатқа жетуге деген қайсарлылыққа, өз пайдасынан бас тартуға деген дайындыққа және ең бастысы мейірімділікке. Педагогтың осы айтқан бес мақсатын өзінің күрделі де бағалы еңбегінде жүзеге асыра алған ұстаз – ол нағыз кемеңгер. Қорыта айтсақ, өмірдің ең қымбат сыйы- адам болып жаралу, ал адамды адам деген атқа лайық ететін оның рухани-адамгершілік қасиеттері.
Елімізді гүлдендіретін, болашағын жарқын ететін ұрпағымыз Адам деген үлкен атауға лайық болып, жетіміміз жыламасын, жесіріміз қаңғымасын, қарттарымыз қараусыз, шаңырағымыз жылусыз қалмасын десек білімді, тәрбиені ізгілендіруді тоқтатпауға, дамытуға тиіспіз, ол үшін ізгі ұрпақ керек, ізгі ұрпақты тәрбиелейтін ізгі аға буын қажет… «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының авторы Сара Алпысқызының «Әрқайсымыздың жолымыз, өмірлік міндетіміз бар, бірақ бәрімізге ортақ міндет – жан дүниеміздегі махаббаттың сөнбейтін шырағын жаға отырып, Адам боп қалу» деген нақылымен мақаламды аяқтаймын.
Г. МАГЛУМОВА,
«Өзін-өзі тану» АҮД гуманитарлық
колледж директорының оқу ісі
жөніндегі орынбасары